RSS лента

Дәрігер болу батылдық пен батырлықты қажет етеді

  • 14.06.2024, 16:04,
  • 541
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Дәрігер болу – бұл ерекше миссия, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі ortcom.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл дәрігерден кәсіпқойлықтан басқа, сезімталдықты, гуманизмді, беріліп жұмыс істеуді, табандылықты, төзімділікті және тәулігіне 24 сағат бойы адамдарға көмектесуге дайын болуды қажет ететін адамдарға деген ерекше көзқарас. Аталған қасиеттерден ада адам медицинада көпке шыдамайды. Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Биыл 16 маусымға түскен мереке қарсаңында назарларыңызға өңірлердегі әріптестерімізден қазақстандық дәрігерлердің жоғары кәсібиліктерін дәлелі болатын бірнеше мысал жинап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде барлық ведомстволарды есепке алғанда, барлығы 270 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Көптеген дәрігерлер, медбикелер, тәртіп сақшылары, фельдшерлер – өздері жұмыс істеп жүрген медициналық мекемелер үшін ғана емес, жалпы отандық денсаулық сақтау үшін де қымбат жандар. 

 

Бұл еліміздегі басым салалардың бірі. Соңғы 5 жылда 550-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды, медициналық ұйымдарды медициналық техникамен жарақтандыру биыл бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 2019 жылғы 74,2%-дан 86,7%-ға дейін өсті. Отандық медицинаның жетістіктерінің қатарында бірегей операциялар, соның ішінде ашық жүрекке жасалатын оталар, сирек кездесетін ауруларды емдеудің жоғары тиімді әдістерін енгізу бар.

 

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Нәтижесінде ауыл тұрғындары ірі қалаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Ақ халатты абзал жандар жайлы аңыздар жиі айтылады. Олар шынымен де аңыз адамдар атағына лайық.

 

Мысалы, Гүлнәр Куренова отыз жылдан астам уақыт бойы Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығында акушер-гинеколог болып еңбек етіп келеді. Оның еңбек жолы 1992 жылы Семей медициналық университетін бітіргеннен кейін жедел жәрдем станциясында басталды. Осы жылдар ішінде Гүлнәр Куренова жиырма мыңнан астам әйелді босандырып, он мыңнан аса ауыр ота жасаған. Жақында HELLP синдромы бар 32 жастағы әйелдің өмірі мен денсаулығын сақтап қалды. Дүниеге салмағы шамамен 2 келі болатын ұл келді. 

 

«Босандыру  әр жолы жаңа адаммен кездесумен аяқталады, осы кезде бойыңды ең жарқын, керемет сезім билейді. Сондай бақытты сәттер маған өмірлік қуат береді. Бедеулікті емдеп, ЭКҰ жасаған әйелдің ана атанған бақыты мен үшін үлкен қуаныш. 20 жыл бұрын өзім босандырған ананың қызының дүниеге сәби әкелуіне қатысқаным қызық болды», - дейді Гүлнәр Куренова.

 

Ал ШҚО Оңалту орталығының травматологиялық-ортопедиялық бөлімшесінің дәрігерлері ауыр өндірістік жарақат алған жас кеншіні емдеп шығарды.

 

«Мені емдеген барлық дәрігерлерге алғыс айтамын! – дейді Никита Шумский. – Оңалту орталығына келгенге дейін операция жасаған аяғымдағы аппаратты алып тастады. Қозғалуға қорықтым! Психологиялық тосқауыл болды, ал облыстық орталықтың реабилитолог дәрігерлері үш күннен кейін балдағымды тартып алды. Қолыңнан келеді деді! Сөйтіп жүріп кеттім...».

 

Оңалту орталығының травматологиялық-ортопедиялық бөлімшесінің меңгерушісі Мұхаммад Надимнің айтуынша, осы жылдың төрт айында бөлімшеде 600-ге жуық адам оңалтудан өткен.

 

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Мирхат Увазыров хирургия бөлімшесінің мейіргері, мектеп фельдшері, COVID-19 пандемиясы кезінде балалар «қызыл аймағында» кезекші педиатр, сондай-ақ Глубокое ауданының 56 мың тұрғынына қызмет көрсететін Шығыс Қазақстандағы ірі медициналық мекемелердің бірінің басшысы болып істеген. Ол небәрі 34 жаста және өмірінің басты жеңістері әлі алда.

 

«Кішкентай кезімде анам ауырып қалды. Сонда дәрігерлікке оқып, жақындарымды барлық дерттен емдеймін деп шештім. Медицинаға жетелеген осы жағдай», - деді жас дәрігер.

 

Ауылдық жерлерде ақ халатты жандарды ерекше бағалайды. Жамбыл облысының Байзақ аудандық орталық ауруханасы 1982 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2023 жылдың қыркүйегінде хирургия бөлімінің меңгерушісі болып Бақтияр Әбуұлы Мейірбеков тағайындалғаннан кейін әртүрлі аудандардан келетін пациенттердің саны артты. Аурухана базасында жалпы хирургия және травматология бойынша жаңа технологиялар енгізіліп, тұрғындар сапалы хирургиялық көмекпен қамтамасыз етіледі.

 

Медицина қызметкерлері күні – ең жарқын мерекелердің бірі. Адамның денсаулығы – ең қымбат қазына. Ақ халатты абзал жандар – осы байлығымыздың нағыз қамқоршылары.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости