Біз мұны аудан ардагерлерінің бірі Зоя Теміртасқызынан сұрастырып көрдік. Сөйтсек, расымен де, өткен ғасырда физикалық тұрғыдан ауыр еңбекті аналарымыз бен апаларымыз да ерлермен тең дәрежеде атқарысқан екен.
«Бұрын құрылысшы ең мәртебелі мамандықтардың бірі болып саналды. Өйткені, ол кезде тұрмыс құрылысқа қарап тұрды ғой. Қазіргідей таңдай қақтырар технология жоқ, қара жұмыстың бәрі қолмен жасалды. Ал, ондай ауыр еңбекті атқару кез келген адамның қолынан келе бермеді. Бұл үшін қара күш пен ақыл-ой бірдей қажет болатын. Сондықтан жастардың көбісі құрылысшы болуға ұмтылатын еді. О заманда бүгінгідей «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру» деген ұғым болған жоқ. Ешкім де мемлекетке масыл болғысы келмейтін» деп еске алады кейіпкеріміз.
Айта кетейік, Зоя Теміртасқызы 1942 жылы сол кездегі Ганюшкин ауылында дүниеге келген. Ерте жастан ата-анасынан айырылып нағашыларының қолында тәрбиеленіпті.
«Әкем Теміртас, анам Гүлжан – екеуі де еңбекқор жандар болған. Өзім 1958 жылы Абай атындағы орта мектептен түлеп ұштым. Алайда, кейін жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады. Сондықтан, ерте жасымнан ұжымшар мен кеңшарларда жұмыс жасап, еңбекке араласып кеттім. Бірақ, бұдан жаман болмадым. Қайта, абыройым асқақтап, беделім биіктеді десем, артық айтпағандығым болар» дейді ол.
Біз ардагер апамыздан құрылыс саласы оны нақты несімен қызықтырғанын сұрадық...
«Мен бұл салада еңбек етемін деп армандаған емеспін. Бірақ, жоғары білімім болмаған соң, қолдан келер жұмыстан бас тарта алмадым. Адам басына қиындық туса, ешқайда қашып құтыла алмайды екен. Оның үстіне, еліміз егемендік ала қоймаған уақытта «мен мынаны жасаймын, ананы жасамаймын» деп таңдау жасап отыратын жағдай жоқ. Кез келген жұмысты кідіріссіз атқарып кетуге тырыстық. Сондықтан мен де құрылыс саласында аянбай еңбек еттім. Менімен бірге Зілиха, Алтын, Бақыт, Жеңіс және басқа да көптеген жандар адал еңбек атқарып, соның тәтті жемісін көрді» дейді сала ардагері.
Иә, осылайша, кейіпкеріміз еңбек жолын қарапайым сылақшы болып бастаған екен. Одан әрі, құрылыстағы түрлі жұмыстың бәрін санаспай атқара беріпті.
«Жалпы, жұмыстың жаманы жоқ қой. Адам қанша тер төксе, сонша табысқа қол жеткізеді. Өзіме келсем, құрылыс бағытында жұмыс жасағыныма ешқашан өкінген емеспін. Қандайма еңбек болмасын, оның ауыр да, жеңіл де жақтары болады. Бірыңғай оңай немесе қиын жұмыс болмайды. Әр нәрсенің де екі жағы болатынын ұмытпау керек. Бүгінгі жағдайға келсек, қазіргі жастарға да «жеңіл жұмысқа ұмтылады» деп айып таға алмаймын. Себебі, олар – Тәуелсіздіктің ұрпақтары. Яғни, кешегі қиындықтардың бірде-бірін көрген жоқ. Қазір заманауи технология жұмысшылар қатарын да азайтып келе жатыр. Сондықтан жастарға кінә арта бергеннен гөрі оларға қарапайым еңбек пен адал табыстың артықшылықтарын насихаттау керек. Сонда өздері-ақ құрылыс пен басқа да ауыр жұмыстарға ұмтылады деп ойлаймын. Қалай болғанда да, арасы жер мен көктей екі заман ұрпағын бір-бірімен салыстыруға келмейді, соны ескерген жөн» дейді З.Теміртасқызы.
Сондай-ақ, бізді бұрынғы кездегі құрылысшылардың алатын жалақысы қатты қызықтырды. Кейіпкеріміз бұл сауалға да бүкпесіз жауап берді.
«Қазіргі құрылысшылардың еңбекақысы қандай екенін қайдан білейін, ал, біз бұрын небәрі 300 теңге табыс таптық. Әйтсе де, соның өзі бізге көп көрінетін. Соны бар қажетімізге жаратып, барлық жыртығымызды жамаушы едік. Сол ақшаны бүгінгідей банкоматтан емес, аяқтай барып, қолымызды қойып алудың өзі бір ғанибет еді ғой, шіркін!» дейді ол.
Әңгімемізді аяқтай келе, біз соңғы сауалымызды да қойдық. Құрылыс саласы денсаулыққа қиян ба?
«Мен бұл мамандықтан ешқандай жапа шекпедім. Денсаулығыма да кесірі тимеді. Қайта, керісінше, көп күш-қуат пен ерік-жігер жинадым. Адам өзі жақсы көретін жұмыстан зиян көреді деп ойламаймын. Ең бастысы, өз ісіңді жүрегіңмен сүйе білу керек. Егер күн сайын атқаратын еңбегің өзіңе ұнамайтын болса, онда тез арада жалығып кетесің ғой. Қалай десек те, адам мамандық пен жар таңдауда қателеспеуі қажет. Өзім екеуінен де мүдірмедім деп толық сеніммен айта аламын. Шүкір, бүгінде ұрпақ қызығын қызықтап, ақжаулықты әже атанып отырған жайым бар» деді ардагер апамыз күлімсіреген күйі.
Біз де оны кәсіби мерекесі – Құрылысшылар күнімен құттықтап, зор денсаулық пен мол бақыт тілеп қоштастық.