Тек бір қуантарлығы, жыл сайын жаңадан анықталып келе жатқан науқастар азайып келеді. Бірақ, балалар мен жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш төмендемей тұр. Мәселен, Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жаңабай Сағиевтің айтуынша, дүниеге келген шақалақтардың 5-10 пайызы туберкулезге қарсы егілмей қалады екен. Ал, бұл - республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.
– Балаларына манту сынамасын алдырмайтын ата-аналар бар. Олар әсіресе латентті туберкулезге қарсы ем алғысы келмейді. Рас, бұл әлі толыққанды туберкулез емес. Бірақ, латентті туберкулез бактерияларын жұқтырған адам кейін бәрібір ауырады. Сондықтан ем қабылдау қажет. Соны көбісі түсіне бермейді, - дейді дәрігер.
Айта кетейік, манту – ағзада туберкулез жұқпасының бар-жоғын көрсететін сынама. Ол туберкулезді зерттеумен айналысқан француздық дәрігер Шарль Манту есімімен аталған. Манту сынамасын орындау кезінде дәрігер тері астына туберкулин (туберкулез микробактериясының сығындысы) жібереді. Дәрі жіберген жерге туберкулез қоздырушыларымен байланыста болған лимфоциттер ғана бағытталады. Дәрігер үш күн өткен соң терінің тығыздалуының өлшеміне қарап, туберкулездің бар-жоғын анықтайды.