Бұл туралы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы мәлім етті. Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына келген кезде газ-ауа қоспасының дүмпуі орын алғаны, содан кейін 9 шаршы метр көлемінде қабырғаның қирауы және 140 шаршы метр алаңда үйдің жануы анықталды.
Өрт сағат 12:03-те оқшауланып, 12:22-де жойылды. Салдарынан бес адамды күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Өртті сөндіруге облыстық ТЖД 16 қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бір адамның жансақтау бөлімінде қайтыс болғанын мәлім етті.
«Өмірмен сәйкес келмейтін жарақаттан 1964 жылы туған науқас есіне келместен көз жұмды» делінген хабарламада.
Одан кейін тағы бірі көз жұмды.
«2 қаңтар күні сағат 11 шамасында біздің ауруханаға екі жасар және үш айлық екі бала өте ауыр жағдайда тсүкен болатын. Екеуінің де денелерінің 80-90 пайызын күйік шалған. Шұғыл жасанды тыныс алу құрылғысына қосылып, тиісті ем-дом жүргізілді. Қазір жағдайлары бірқалыпты болғанымен, оң өзгеріс байқалмайды. Жағдайлары бұрынғыша ауыр. Балалар өмір үшін күресіп жатыр» дейді облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Ержан Есболаев.
Айта кетейік, зардап шеккендер – 59 жастағы ер адам мен оның 22 жастағы келіні және 2021, 2023 жылы туған немерелері.