Мұндай мүмкіндікке ол кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысу арқылы ие болды. Енді өзін толықтай атыраулық агрономдар қатарына қоса алады. Жалпы, Алматтың «техник-оператор» деген дипломы бар. Бірақ, ауылда жұмыс табу қиынның қиыны екені бесенеден белгілі ғой. Ақыры, ол еңбек биржасына барып, жұмыссыз есебінде тіркеліпті. Осылайша, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне де үзбей қатысып жүрген. Алайда, жұмыс берушілердің «біз сізге кейін қоңырау шалатын боламыз» деген құрғақ уәделері желге ұшқан. Сондықтан кейіпкеріміз мемлекет ұсынған мол мүмкіндікті пайдаланып, көпбалалы әке ретінде грант байқауына қатысады. Қуаныш көп күттірмеді. Өткен жылдың көктемінде оған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1 млн 380 мың теңге грант бұйырды! Бұл қаражат төрт аналық ірі қара мен бір бұқа сатып алуға көзделген.
«Менің жобам мақұлданады деп ойламадым. Бірақ, жұлдызым жанып, жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылғандай болды. Енді күн сайын отбасымызбен ерте оянып, сиыр сауамыз. Бұл үшін кешке ерте көз ілуге тура келеді. Жұбайым жақында ғана балабақша тәрбиешісі болып жұмысқа орналасқан еді. Сондықтан оған көмек қолымды созып, мен де сиыр сауамын. Бұл мен үшін таңсық нәрсе емес. Өйткені, біз бұрын отбасымызбен Сүйіндік ауылында тұрған кезде мал ұстадық. Сол кезде үш отбасының екеуі міндетті түрде мал өсіретін-ді. Сонда күніне 10 литр сүт сауатын едік. Біз үшін осының өзі жеткілікті болатын. Сауылған сүтті көршілерімізге сатып, қалғанынан қаймақ пен сүзбе жасайтынбыз. Ал, сүттен жасалған өнімдердің бәрі де денсаулыққа, әсіресе, кішкентай бөбектердің иммунитетін көтеруге өте пайдалы екені даусыз» дейді Алмат.
Расымен де, қазір балалар табиғи сүт, айран, ашымал, қаймақ, сүзбе, құрт, шұбат, қымыз дегендерді ұмытқалы қашан?! Олар супермаркетте самсап тұрған сырты жылтыр, іші «түтін» қытырлақ және тәтті тағамдарға әуес. Ал, бұл өз кезегінде ағзаның қорғаныштық қасиетіне нұқсат келтіріп жатыр. Себебі, небір қытайлық арзан өнімдердің сапасы қаншалықты төмен екенін тағамтанушы мамандар талай айтып жүр емес пе? Бірақ, балайқайлардың не жеп жүргенін бақылап жүрген ата-ана да байқалмайды. Неге десеңіз, олардың өздері темір телефонға телмірген күйі айналада болып жатқан жайттардан бейхабар. Міне, сондықтан мемлекет Алмат секілді ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген жастарды қолдау шараларын үзбеу керек. Сонда ғана облыс орталығында құмырсқадай қаптаған жастардың бір пайызы болса да ауданға ат басын бұрып, төрт түліктен тамаша табыс табады деп үміттенуге болады.
Бүгінгі кейіпкеріміздің өзі егер мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмаған жағдайда бірден бес мал сатып алу мүмкін емес екенін жасырмайды. Бұған дейін ол қандай кәсіпті қолға алсам екен деп жүз ойланып, мың толғаныпты. Қай бизнесті қараса да, бәріне де қаржылай капитал құю қажет екенін түсінген. Ал, ондай ақша оның түсіне де кірмепті. Міне, сол уақытта мемлекеттік грант та көмекке келе қойған ғой!
– Рас, қазір ешкім миллион тұрмақ, он теңгенің өзін оңайлықпен бере салмайтыны белігілі, - дейді А.туралиев. – Ендеше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастауымен қолға алынған бизнес-бағдарламаларға қатысып, неге бақ сынамасқа деп ойладым. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, мүмкін жолым болып қалар... Оның үстіне, ауыл шаруашылығы саласында беріліп жатқан гранттар – қайтарымсыз, яғни, ол қарызға берілмейді деген сөз. Басты міндет – отбасын асырайтындай табыс тауып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашу ғана.
Қалай болғанда да, бұрын елдің болашағы – жердің байлығында деп келдік. Енді «қара алтынның» алтын дәуірі де аяқталып келе жатқанға ұқсайды. Жер астындағы байлықтың өз өлшемі болады, оны да ойлау керек. Мұнай сарқылған кезде не істейміз? Бұл кезде көмекке тек ауыл шаруашылығы ғана келеді. Бір кездері алыс ауылдардағы ұжымшарлар мен кеңшарлардың бәрі жаппай жабылып, үлкен қателікке бой берілген еді. Бүгін осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Шүкір, ауыл шаруашылығының бүгінгі аяқалысы жаман емес. Бірақ, алда атқарылар іс көп. Сондықтан жастарды блогер болып, жеңіл табыс тапқанша, мал бағып, ел экономикасын еселеуге шақырар едім.