Құрыш қолды құрылысшылар қандай құрмет пен қошеметке де лайықты ғой. Осынау қиындығы мен қызығы қатар өрбіген салада еңбек ету табандылық пен төзімділікті талап етеді. Бұл мамандық шыдамдылық пен шығармашылықты жақсы көреді. Осы орайда, біз ардагер құрылысшылардың бірі – Мәлік Матыбаевпен мерекелік әңгіме-дүкен құрған едік.
- Мәлік Майтенұлы, Сізді бүгінгі кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Алдымен, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз.
- Құттықтауыңызға бек рахмет! Мен 1952 жылы 13 сәуірде бұрынғы Теңіз ауданы, Нұржау ауылында дүниеге келдім. Әкем соғыс және еңбек ардагері, анам ұзақ жыл ұстаздық қызметте болды. Қазір екеуі де өмірде жоқ. 1973 жылы Жамбыл қаласында Гидромелиорация-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
- Құрылысшы болуды армандадыңыз ба, әлде бұл салаға ойламаған жерден келдіңіз бе? Осы мамандықты таңдауға не себеп болды?
- Он жылдықты бітіргенде құрылысшы болуға ұмтылысым болды. Сол жылдары ауылдарда жаңа кеншарлар құрылып, жаңа типтік үйлер, басқа да нысандар көптеп салына бастады. Құрылыс мамандығына қызығушылығымның оянуына осы себеп болды.
- Құрылыс – үлкен сала ғой. Сіз соның нақты қай бағытында еңбек еттіңіз?
- Жоғары оқу орнын бітіргесін жолдамамен сол кездегі Гурьев қаласындағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бірақ, қағазбастылығы көп жұмыс қызықтыра қоймады, сондықтан өндіріске баруға бет бұрдым. 1974 жылдың мамыр айында Киров атындағы кеңшарда құрылыс шебері, сол жылдың күзінде жаңадан құрылған Октябрь кеңшарына аға прораб болып 1978 жылға дейін жұмыс жасадым. 1978 жылы қаңтарда аудандық партия комитетінің ұсынысымен ПМК-903 мекемесіне бас инженер қызметіне тағайындалдым. 1986 жылы басшы қызметіне ұсынылдым.
Сегіз жыл бас инженер, 14 жыл басшы болып барлығы 22 жыл бір мекемеде қызмет еттім. Жалпы жұмыс өтілім 43 жылды құраса, соның 37 жылы құрылыс саласына тиесілі. 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы», 2021 жылы ауданның «Құрметті азаматы» атақтары берілді.
- Қазір адамдар ауыр жұмыс атқарғысы келмейді. Сондықтан құрылысшы болудан да қашып жатады...
- Өте дұрыс айтасыз. Құрылысшы – жауапкершілігі жоғары, қиындығы мол, ақыл мен сабырлықты қажет ететін мамандық. Сондықтан құрылысшы болу – тек нағыз ердің ғана жұмысы.
- Бүгінде құрылыс саласында жақсы табыс табуға бола ма? Бұған дейін адамдар өз қолымен үй тұрғызды. Қазір қол күшін техника алмастырды. Қалай ойлайсыз, жұмыстың бәрін техникаға сеніп тапсыруға бола ма? Кейін жар бермейтін жалқау қоғам пайда болмай ма?
- Қазір жақсы табыс табуға мүмкіндік мол. Өйткені, жұмыс екіжақты келісімшартпен жасалады, ешқандай шектеулер жоқ. Құрылыс материалдары мен техника жеткілікті. Бұрын табыс көлемі тек беркітілген нормалармен шектелетін, құрылыс материалдары тапшы, техникада жетіспейтін. Алайда қай заманда да ерінбей еңбек еткен адамның табысы мол болатыны сөзсіз. Қазіргі уақытта көптеген жұмыстар техника күшімен атқарылғанмен, оны басқару адам күшін керек етеді ғой.
- Бұрын құрылыс жасақтары болды. Студенттер жазғы демалыста құрылысшыларға қолғабыс қылды, солай ма?
- Иә, студенттік құрылыс жасақтарымен кезінде көптеген жұмыстар атқарылып, жастардың еңбекке қызығушылығын арттырып, тәжірибе жинақтауға мол септігін тигізді. Олар құрылыс саласының дамуына оң әсер етті. Сондықтан құрылыс мамандығын дайындайтын жоғарғы оқу орындарында студенттік құрылыс жасақтарының болуы дұрыс деп есептеймін.
- Қиын жұмыс адамды қажытып жібермей ме?
- Құрылыс саласындағы мамандықтар бойынша көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Озық технология менжаңа құрылыс материалдары кеңінен қолданылып жатыр. Қол еңбегін жеңілдететін құралдар, арнайы киімдерм, жылы үй, жатын орын, уақытылы тамақ, басқа да қажеттіліктің бәрі бар. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ.
- Өзіңіз секілді тағы қандай сала ардагерлері бар? Оларды да біліп жүрген артық болмас.
- Жалпы, менің еңбек жолым «ПМК-903» мекемесімен тікелей байланысты. Айтпақшы, мекеменің құрылу тарихы сонау 1959 жылдан басталған, яғни, биыл 65 жыл толып отыр. Мекеме Гурьевсельстрой 9 тресінде әркез алдыңғы қатарда болды. Берілген жоспарды орындамаған кезі болған жоқ. Өзінің өндірістік базасы, ағаш, темір өңдеу, кірпіш дайындау цехтары, қосалқы шаруашылығы болды. Осы мезгіл ішінде аудан көлемінде мектеп, балабақша, көп қабатты тұрғын үйлер, банк ғимараты, СПТУ-188 комплексі, аудан әкімдігінің ғимараттары, тағы да басқа нысандар салынды.
Құрылыс саласына сіңірген зор еңбектері үшін ұжым мүшелері Орақ Алхалиевке Қазақ ССР-не еңбегі сіңген құрылысшы, ауданның Құрметті азаматы атақтары берілді. Сылақшылар бригадасының жетекшілері: Максура Рахметова «Еңбек Қызыл Ту», Талшын Калбекова 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, тас қалаушылар бригадирі, соғыс ардагері Қазбек Татаев 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, мекеме басшысы А.Шевченко, прораб Шапих Смагалиев «Ерен еңбегі» медальдарын иеленді.
Осы мекемеде жұмыс жасаған мамандар аудан, облыс көлеміндегі мекемелерде басшылық қызметке жіберілді. Олар – Уазир Бахтенов, Ғаллам Қабдешов, Елдос Бектеміров, Қуандық Садықов, Ержан Рысқалиев, ағайынды Тілепберген мен Талғат Жаудиндер, Бекет Сүгірәлиев және т.б.
Кеңес заманында жұмыстас болған кеңшар прорабтарын да атап өтпеске болмас. Олар: Стахан Мырзағалиев, Рашид Қарымсақов, Жасөмір Ақынов, Салауат Ермұханов, Болат Мұқашев, Фатихолла Молдашев, Шапхат Мұфтахов, Болат Мұфтахов, Маркс Бекмұханов, Өтежан Дайынов, Асқар Әжіханов, Бақтыгерей Альбеков, Рахман Түсіпов және басқалар.
- Қазіргі құрылысқа көңіліңіз тола ма? Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
- Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Десе де, кейде нысандардың салыну сапасы мен тапсыру уақытына қатысты орынды сын да айтылып жатады. Соның ішінде, жергілікті мамандарды молынан қатыстыру кенже қалуда. Ала шапанды ағайындар мен өзге облыстардан келгендерге үміт арту көңілді көншітпесі анық.
Сонымен қатар, жергілікті құрылыс мекемелері көбейсе, жұмыспен қамту жағы да жақсарар еді. Қазіргі жұмыс жасап жатқан мекемелердің көбі басқа жерден келгендер, олардың жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жағдайы төмен.
Сондай-ақ, сала ардагерлерінің есімдерін ұлықтау кенже қалуда. Мәселен, Орақ Алхалиев ағамызға көше атын беру шешімін таппай отыр. Осы ретте, құрылысшылар ауылындағы көшелерге ардагер есімдері берілсе деген ұсынысым бар.
Биыл елімізде құрылысшылар мерекесі 69-шы рет тойланып отыр. Ендеше, мүмкіндікті пайдалана отырып, барша құрылысшылар мен ардагерлерді мерекемен құттықтап, зор денсаулық, мол табыс тілеймін!
- Арнайы уақыт бөліп, әңгіме құрғаныңызға рахмет!