ПІКІР - Turan times

Президент Волонтерлер форумында не айтты?
«Баршаңызға Волонтерлер форумының ашылуы құтты болсын! Бұл – шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар. Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын.

Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз.

Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын.

Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге «Жарайсыздар!» деп айтқым келеді.

Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер. Әсіресе, сын сағаттарда волонтерлеріміз кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істеуде. Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп.

Халқымыз «Жақсыны ісінен таны» деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беремін. Қазақстан «волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам» деген әрбір азаматты қолдайды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.

Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын. Біз бәріміз бір ел болып, ауқымды шаруа атқардық. Енді тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды. Сондықтан еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше өзекті міндетке тоқталайын.

БІРІНШІ. Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек.

Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын.

ЕКІНШІ. Халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр.

Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады. Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын.

ҮШІНШІ мәселе. Азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет.

Бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық. Бүгінде еріктілер елді-мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды. «Таза Қазақстан» қозғалысын ұлттық идея және мемлекеттік саясат ретінде міндетті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет.

ТӨРТІНШІ. Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет.

Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн. Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды.

БЕСІНШІ. Корпоративтік еріктілер қозғалысын дамыту – өте маңызды міндет.

Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс. Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халықтың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан.

Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды. Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайды. Сондықтан мен былтыр арнайы «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ.

Қымбатты достар!

Волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешуші сәтте өтіп жатыр. Мен былтырғы Жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарымды айттым. Бұл бастамалар қоғамның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды. Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде, бұл – өте маңызды мәселе.

Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік мен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. Комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Комиссия мүшелері конституциялық реформаға қатысты әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Осыған дейін Комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін.

Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады. Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты.

Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады. Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік.

Комиссия мүшелері ұсынған заңнамалық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Ғылым-білім, инновация салаларын дамытудың маңызына ерекше назар аударылып отыр. Жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз. Жасанды интеллект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қызмет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқындауымыз керек. Ата заңымызда адамгершілік құндылықтарды ерекшелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да – өте маңызды. Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі.

Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Бұл мәселе бүгінгі баяндамашылардың сөзінде қамтылды. Идеяларыңызды қолдаймын. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттаймын. Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді. Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын.

Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат. Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ. Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы.

Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын.

Құрметті достар!

Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шиеленістер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда. Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды.

Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек. Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар!»

Пезидент Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді
– Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін деп санайды.

– Цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллект жүйесін Агенттік қызметіне жаппай енгізу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет. Онсыз тиімді жұмыс болмайтыны анық. Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Заман талабына сай озық болу үшін, ең алдымен, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуіміз керек. Құқық қорғау органдары тиянақты, белсенді жұмыс істеп, озық цифрлық шешімдер арқылы елдегі өзгерістердің жедел және сапалы іске асуына септігін тигізуі мүмкін. Бұл ауқымды экономикалық жаңғыру жолына бет бұрған Қазақстан үшін өте маңызды қадам болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржысын жымқыратын алаяқтармен күрестің маңыздылығына тоқталды.

– Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын атап өтті.

– Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Әрине, нақты жетістіктер де бар. Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Мен жақында «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы Заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес Агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажетті жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті, қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ. 2023 жылы шығын көлемі 325 миллиард теңгеге бағаланды. Оның 53 миллиард теңгесі немесе шамамен 16,5 пайызы қайтарылды; 2024 жылы шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланды. Оның 236 миллиард теңгесі немесе 5,5 пайызы қайтарылды; 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңгені құраған, яғни айтарлықтай азайған. Оның 20 миллиард теңгесі немесе 15 пайызға жуығы қайтарылған. Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Осы ақпараттық жүйенің аясын кеңейте түсу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіру керек.

– Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Осыған дейін де айтып өттім, жалпы әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес. Қаржы операцияларына мониторинг жүргізу кезінде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи тәсілдерді ұтымды пайдалану қажет. Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. «Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау. Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады. Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды.

– Бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс. Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек. Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресті жандандыру мәселесіне назар аударды.

– Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптоперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды. Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан «көш бастап тұрған мемлекеттердің» бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты.

– Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент есірткі бизнесімен күресті күшейтуді талап етті.

– Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігіне Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту міндетін жүктеді.

– Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

– Сіздерге жүктелетін жауапкершілік – өте жоғары. Агенттік Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік қызметімен, Ішкі істер министрлігі секілді басқа да құқық қорғау органдарымен үйлесімді әрекет етуі керек. Олар да Қаржылық мониторинг агенттігіне қолдау көрсетуге тиіс. Құзыреттік міндеттердің қайталануы, жөн-жосықсыз бәсеке, бақталастық мемлекет мүддесіне зардабын тигізеді. Әлемде стратегиялық белгісіздік белең алған қазіргідей жағдайда бұл өте қауіпті. Дұшпандарымыздың ұлттық мүддемізге зиян келтіруіне жол беруге болмайды. Үнемі айтамын: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Мұны баршамыз, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әрдайым есте ұстауы керек. Әр қызметкер, ең алдымен, адал азамат және мықты маман болуға тиіс. Ар тазалығын сақтау, Отан алдындағы антқа берік болу – парыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – көпшілікке қарата айтылған ұран емес, бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір адамның өзінен басталуға тиіс саналы қадам. Біз Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды өзгерістердің келесі – шешуші кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформаны қолға алдық, бүгінде Комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Барлық ұсыныс мұқият сарапталады, түзетулердің жобасы әзірленеді. Халық бұл жобамен танысып, референдумда түбегейлі шешім қабылдайды. Осылайша, елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыс тың қарқынмен жалғасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов ведомствоның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары жөнінде баяндама жасады.

Президент қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

Бүгінгі қоғам кітап оқи ма?
Жас кітапханашы Асылай Зекенова Turantimes.kz тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі қоғамда кітапқұмар жандардың бар екенін және оларды ынталандыру қажеттігін алға тартты.

– Рас, қазір қоғамдық орындарда бұрынғыдай қолынан кітап түспейтін кітапқұмар жандарды жолықтыру сирек құбылысқа айналды. Есесіне, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұялы телефонға телміріп алған. Себебі, онда керекті-керексіз нәрсенің бәрі бар... Келісесіз бе?

– Иә, келісемін. Бірақ, бәрібір ең басты рухани құндылық – кітапты ештеңе де алмастыра алмайтыны анық. Менің бұған кітапханашы болып еңбек етіп келе жатқан жеті жылға жуық уақыттың ішінде көзім жетті десем де болады. «Индер аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің кітап қорында 68 337 кітап бар. Оның 41 919-ы – қазақ тіліндегі еңбектер. Мұнда биыл жаңадан 3500 оқырман тіркелген. Ал, кітапхана ағымдағы жылы барлығы 12 500 оқырманға қызмет көрсеткен. Оларға оқуға 42 500 әдебиет берілген. Осы көрсеткіштің өзі сөзіме дәлел бола алады.

Меніңше, жастарға қатысты қасаң қағидаларды өзгерту керек. Өйткені, біз біреу туралы қандай көзқараста болсақ, ол адам дәл сондай деген сөз емес. Мәселен, ата-ана баласына «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деп ұрса беретін болса, түбінде ол өз-өзіне сенуден қалады. Сондықтан аға буын өкілдері де жастарға сенім артып, оларды көтермелеп отыруы қажет. Бұл жерде қаржылай емес, рухани қолдау маңыздырақ. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демей ме? Ендеше, дәл осылай қоғамда кітап оқу мәдениетін де қалыптастыруға болады.

Әдетте үлкендер жағы жас ұрпақтың кітап оқымайтынын жиі айтып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Себебі, өзім бірнеше жылдан бері кітапханада қызмет етіп келемін. Мұнда күн сайын жастар ағылып келіп жатыр. Тек күнделікті сабақ материалдарын ғана емес, өздері сүйіп оқитын кітаптарын іздеп келеді. Оларды ешкім зорлап әкеліп жатқан жоқ, өз аяқтарымен келуде.

– Бүгінгі оқырмандарды не қызықтырады?

– Біздің кітапхана қандай кітапқа сұраныс жоғары екенін анықтау үшін арнайы рейтинг те жүргізіп тұрады. Оның нәтижесі оқырмандардың көркем әдебиетке көбірек қызығатынын көрсетіп отыр. Ең бір қуантатыны, соңғы кезде қазақ тіліндегі еңбектерге сұраныс анағұрлым артқаны аңғарылады.

Қалай десек те, өндірісті өңірде тек мұнай-химия саласы ғана қанат жайған десек, қателесеміз. Мұнайлы мекен мәдениет пен руханияттан да кенде емес. Сондықтан атыраулықтар кітап оқымайды деп шорт кесіп айта алмаймыз.

– Біздің қоғамда кітап оқу мәдениеті қаншалықты көрініс тапқан?

– Бұл үрдіс біртіндеп қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын. Сондықтан бәріне де түсіністікпен қараған жөн. Кітаптың дәуірі өтіп барады деп дабыл қаға бермей, оның адамның ойлау жүйесі мен сөздік қорына тигізер пайдасын пайымдап, көбірек насихаттай беру керек. Кітапқұмар жандардың басын қосып, тағылымдық-танымдық шаралар өткізіп тұру қажет. Сонда жұрт олардың тіл байлығы мен шешендік өнеріне куә болады, сүйсінеді, өздері де сондай болуға ұмтылады. Міне, «сөз түзелмей, көш түзелмейді» демекші, кітап көп оқитын азаматтар арқылы тұтас қоғамның да санасына сәуле шашып, рухани дүниесін байытуға болады.

Тағы бір атап өтерлік жайт, кітап адамдарды сауатты жазуға үйретеді. Өйткені, әлеуметтік желі қолданушылары жазба жариялағанда қазақ әліпбиіне тән тоғыз әріпті («ә», «ғ», «қ», «ң», «ө», «ұ», «ү», «h», «і») қолдана бермейді. Міне, мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшу бастамасын көтергені де сондықтан. Яғни, әлемнің тілін түсінбей, оны тану мүмкін емес.

– Осы орайда, кітапханалар да оқырман сұранысын қатаң ескеруі керек шығар?

– Әлбетте! Кітапханашы маман ретіндегі ойымды айтсам, кітап қорын жастар қызығатын әдебиеттермен толықтырған дұрыс деп санаймын. Ал, бала түгілі ересек адамдардың өздері оқуға қиналатын немесе оқырман ығырын шығарып жіберетін кітаптар керек емес. Мейлінше бүгінгі заман ағамына ілесіп отырған жақсы ғой.

– Ал, өзіңіз кімді немесе нені оқисыз?

– Өзіме келетін болсам, мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» әр қазақстандық міндетті түрде оқып шығуы тиіс деп есептеймін. Себебі, осы еңбекте халқымыздың атадан балаға аманаттап келе жатқан мол мәдени мұрасы, әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрі, үлгі-өнегесі мен басқа да көптеген рухани құндылықтары көрініс тапқан.

Менің уақытым қанша тығыз болса да, өзімді қызықтырған кітап болса, міндетті түрде оқып шығамын. Меніңше, кітап оқу отбасыдан, үйдегі ата-анадан басталатын сияқты. Егер үйдегі үлкендердің өзі қолдарына кітап алса, балалары да олардан үлгі алады. Екіншіден, мен ой-өрісімді дамыту үшін кітап оқуға міндеттімін деп өзімді күштемеймін. Тек өзіме қызықты кітапты ғана оқимын. Ал, егер ондай кітап табылмаса, басқасын оқып әуре болмаймын.

– Бүгінгі жастар не оқып жүр?

– Әлемдік статистикаға «сөйлетсек», Еуропада 65 жастан асқандар кітапты көп оқиды екен. Яғни, еуропалықтар зейнет жасына шыққан соң кітап  оқуға ден қояды. Сонда «жастар не оқиды?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал, олар электронды кітап оқиды. Осылайша, қағаз басылымдарды біртіндеп электронды еңбектер алмастырып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазір дамыған елдерде электронды кітапханалар жүйесі кең етек жайған. Демек, өркениет көшінен де кейін қалуға болмайды. Мұны да ұмытпаған абзал.

Айтпақшы, жазір жастардың көбісі комикс жанрына қатты қызығады. Бұл – суреттер арқылы «сөйлейтін» кітап десе де болады. Әзірге бұл жанр біздің елде белең алып кете қойған жоқ. Ал, «Меломан» секілді әлемдік кітапханалар жүйесінде комикстер үлкен танымалдыққа ие. Олар көп кешікпей біздің кітапханалардың да сөрелерінен табылып қалар деп үміттенемін. Ендеше, билік тізгінін ұстаған аға-апаларымыздың құлақтарына алтын сырға!

– Технология таңдай қақтырған заманда жұрт кітап оқуға ерінеді. Оларға не айтар едіңіз?

– Қандайма еңбектің болмасын авторы оқырманға не айтқысы келгенін білу маңызды. Кейде кітапты бір оқып шыққанда түк түсінбей қалатын да жағдайлар болады. Яғни, әр жазушы өз ойын өзінше жеткізеді. Бірі тура мағынадағы сөздерді қолданса, екіншісі астарлап жазады. Соның бәрін асықпай ой елегінен, сана сүзгісінен өткізіп оқыған жақсы.

Әдетте, қоғамды кітап оқитындар мен оқымайтындар деп бөліп-жаруға болмайды. Бірақ, бірі екіншісінен ерекшеленіп тұратыны жасырын емес. Адамның жүріс-тұрысы мен киім киісін, сөз саптауы мен ойлау қабілетін, сана-сезімі мен мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал, бұл – кітап десем, артық айтқандығым болмас. Ал, кітап оқуды неден бастарын білмей жүргендер болса, оларға «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» секілді  шығармаларды оқуға кеңес берер едім. Себебі, бұлардың тілі басқаларға қарағанда  жеңіл, сәйкесінше, оқуға оңай болады.

– Сөз соңында айтарыңыз болса...

– Қалай десек те, кітап – мәңгі жасайтын құндылық. Адамзат барда, ол да жер бетінін жойылып кетпесі айдан анық. Тіпті, ұлы ойшылдардың өздері кітаптан артық байлық жоғын айтып кеткен. Бұған  Шекспирдің «Кітап маған тақтан жоғары» деген бір ауыз сөзі-ақ дәлел. Ендеше, жан азығы – кітап екенін естен шығармайық, ағайын!

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында не айтылды?
Құрметті қауым!

Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті боларына сенемін.

Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық.

Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.

Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата  заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі.

Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.

Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі. Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.

Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.

Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.

Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда.

Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.

Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет.

Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз.

Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар. Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді. Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мысалы, Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін. Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер.

Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық  көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.

Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды. Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда Құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.

Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.

Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар. Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек.

Қадірлі қауым!

Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.

Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады.

Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі.

Қазіргі таңда жастар арасында Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосуда. Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Кино саласы да дамып жатыр.

Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек.

Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.

Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте, кейбір Құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты.

Жуырда Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Меніңше, бұл нысандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе.

Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді.

Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды, көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет. Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады.

Біз тұтас түркі өркениетін зерделеуге де баса мән береміз. Қыркүйекте ресейлік әріптестерімізбен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бес жыл бұрын менің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалам жарық көрді. Онда қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма бердім. Осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталады. Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жинақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады.

Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.

Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен астасқан көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауымыз қажет.

Жасампаз отаншылдықтың негізгі қағидаттары өмірдің өзінен алынған деуге болады. Мысалы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу – жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық көрінісі. Бұл жайында бүгін депутат Сабильянов өте жақсы айтты.

«Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.

Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, университеттер мен ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекемелерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтарымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады.

Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек. Осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады. Осындай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адамның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан дариды. Сондықтан біз іргелі институттарды күшейтуге баса назар аударуымыз керек.

Түрлі саяси авантюристердің ұлттық құндылықтарымыздың өзегіне балта шабуына, жастарды «жаңалық» болып көрінетін жат құндылықтарға еліктіріп, адастыруына жол бермеуге тиіспіз. Менің нені меңзеп тұрғанымды бәріңіз түсінген шығарсыздар деп сенемін. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, турасын айтсақ, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қоюға міндетті.

Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің моральға қатысты ресми ұстанымына сай келмейтін көзқарасы үшін біреуді қылмыстық қудалауға, моральдық жағынан кемсітуге еш жол беруге болмайды. Ал мемлекеттің ұстанымын «Әр азаматтың таңдау құқығы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген формуламен түйіндеуге болады. Біздің мемлекетіміз барлық азаматтың құқығы мен бостандығын, ар-намысын табандылықпен қорғай береді.

Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.

Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс.

Құрметті Ұлттық құрылтай мүшелері!

Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын. Біз өте қауырт дәуірге қадам бастық. Бұл адамдардың үйреншікті өмір салтын бұзады, сана-сезімін өзгертеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырады. Онда әбден орнығып қалғандай көрінетін ұғымдар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дәуірінде мемлекеттердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады.

Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек.

Дегенмен, басқару ісінде белең алған берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға кедергі келтіре берсе, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифрлық өзгерістер стратегиясын жүзеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект технологиясының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн.

Жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең алдымен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Логистика саласында алдымен көрінген жерге қойма салынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инженерлік жүйелер тартылып жатады. Осындай қателіктерге жол бермеу керек. Оның үстіне, мұндай нысандар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның салдарынан шығын көбейіп, ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғалады. Бұл – басқару ісіндегі сауатсыздықтың көрінісі. Сондықтан мұқият ойластырылған әрі ортақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қуатты дата орталықтар салуға арналған арнайы аймақтарды алдын-ала анықтап алу керек. Деректерді талдау орталықтарын дәл сондай жерлерге салу қажет. Мұндай орталықтарда қуат көздері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салқындату жүйесі болуға тиіс.

Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасауды жоспарлап отыр. Бастама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз.

Біз атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ дата-орталықтар металлургия комбинаттары сияқты көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстаған жөн. Сол себепті, қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс. Қазақстанда 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспарымызды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты атап өттім. Басқаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсекедегі артықшылықтарын тиімді пайдалана алмай отырмыз.

Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды» деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын.

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын.

Курчатовтағы электр станциясы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажет. Энергетика жүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін тезірек іске қосу қажет. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мәселе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру керек. Өкінішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текшеметрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беруге болмайды. Мен QazaqGaz басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді игеруге кірісуді тапсырдым.

Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек.

Энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Ашығын айтсақ, осы аса маңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйткені кеңес заманынан қалған мәліметтер әлдеқашан ескірді. Ғылым академиясындағы ғалымдарымыз қайда? Олар неліктен осы уақытқа дейін еліміздің су қорына қатысты баға бермеген? Қазақстанның су-энергетика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу қажет.

Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжаттарды әзірлеу жұмыстары гидроэнергетиканы жедел дамытуға кедергі болмауға тиіс. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуі қажет.

Көлік-логистика кешеніне де баса назар аудару керек. Оны дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін емес. Қазақстанның орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Алайда, осы әлеуетті толық пайдалану үшін қыруар шаруа атқару керек.

Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтірілуде. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді.

Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.

Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады.

Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі.

Автокөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Алматыны айналып өтетін темір жол құрылысы аяқталды. Мұның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтерді. Биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері салынады. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша теміржол учаскелері жаңғыртылады.

Әуе жолдарын дамыту ісі Қазақстан үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейстерді іске қосу қажет. Бұл – экономикалық мәселе ғана емес, азаматтары әлемді емін-еркін аралайтын ашық қоғамы бар мемлекет екенімізді білдіретін қадам.

Еліміздің аумағында оннан астам халықаралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша дамыту керек. Дәл осы кезде Қазақстан өзін халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек.

Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктеді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер.

Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі болып отырғаны айтылды. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктерге де айтар қатаң сын-ескертпем бар. Кадрлық шешім қабылдау қажет болуы да мүмкін.

Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпеу. Сол үшін инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыстар қолға алынды, жаңа инвестициялық кезең басталғаны жарияланды. Басқа да шешімдер қабылданды. Экономика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі қасиетті кітап емес.

Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, олардың талап-тілегіне уақтылы жауап беруге жол ашады.

Соңғы кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айттым. Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.

Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу керек. Осы орайда, орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн.

Мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер денсаулық сақтау саласында да туындап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген.

Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.

Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал.

Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді.

Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналды. Медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер алаяқтардың арбауымен наразылық акциясына шығады, әлеуметтік талаптар қояды.

Біздің азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылуда. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр. Әлемде иммиграциялық алаяқтық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында шетелдіктердің тұрақты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі.

Экономикалық немесе әлеуметтік саладағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұзақылардан, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне және қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты міндеттің бірі.

Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізіледі. Сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Тағы бір өзекті мәселе – халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономикалық серіктестерімізбен тиімді байланыс орнату. Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайды, осы үдеріске белсене атсалысады. Бірақ бұл ықпалдастық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ болуы керек. Биыл Қазақстан Еуразия экономикалық одағына төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне басымдық береміз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз протекционизмге қарсы күресу жұмыстары жалғаса береді. Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отырғанын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еуразия экономикалық одағының құрамындағы мемлекеттердің субсидия берілетін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отандық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өндіруді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін айтып отырмын.

Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұстанымын дәйекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз.

Қымбатты жиынға қатысушылар!

Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр. Дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге, яғни үш триллион долларға жетті. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін.

Күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Ол барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек.

Жалпы, дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағдай жақсы таныс. Экономика саласында бір жоспарды немесе тұжырымдаманы басқа бір бағдарламалық құжатпен алмастыруға болады. Ал халықаралық шарттарға қол қойған соң одан бас тарта алмайсыз. Айтылған сөз – атылған оқ!

Біз дипломатияны халықаралық қақтығыс пен дау-дамайға апаратын жол емес, мәмілеге, келісімге келудің еш баламасы жоқ, ең маңызды құралы деп білеміз. Кәсіби ұстаным мен шынайы ниет болса, кез келген қақтығыстың түйінін тарқатуға болады.

Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Мұндай келісімдерді Президент Трамппен тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсінуден туындаған дипломатиялық инновация деуге болады. Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі.

Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді.

Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.

Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.

Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек.

Әлем барлық салада бірдей үлкен өзгеріске ұшырайды. Саясат пен экономикадан бастап, климат пен технологияға дейін, бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда біз де батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдай білуіміз, еш нәрседен қорықпауымыз керек. Мен Үкімет мүшелеріне «Егер әлдекімнен немесе әлденеден қорықсаңыздар, маған қызметтік хат жазыңыздар. Егер сіздер қабылдаған шешімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы болатынын байқасам, оң резолюция қоямын. Бүкіл жауапкершілікті өзіме аламын» деп ескерттім. Осы үндеуді, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлер мен ғалымдарға қарата айтып отырмын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уақыты келе жатыр, тіпті, басталып кетті деуге болады. Еліміз жаңа тарихи әлемнен лайықты орнын иеленуі қажет.

Қымбатты достар!

Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Мен мұны жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда атап өттім. Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.

Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.

Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қортындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ.

Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім.

Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.

Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!

Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек.

Ұсыныстардың екінші бөлігі Парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі құзыреті туралы болды. Қазіргі Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Парламенттің келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.

Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.

Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.

Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы. Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.

Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін.

Мен реформалар қоғамның қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жалғаса беретін үдеріс екенін бұған дейін бірнеше рет айттым. Өзгеріс жасау мәселесі әбден пісіп-жетілгенін Жұмыс тобы аясында өткен талқылаулардың қорытындысынан анық байқауға болады. Біз заңгерлер мен сарапшылардан, қоғам белсенділерінен парламенттік реформаға қатысты бес жүзден астам ұсыныс алдық. Еліміздің жалпы конституциялық құрылымына қатысты ұсыныстар саны бұдан үш еседей көп болды. Оның ішінде Жұмыс тобының құзыретіне кірмесе де, нақты негіздемесі бар, мұқият қарастыруды қажет ететін мәселелер де болды. Мысалы, қоғамды өңірлер мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мемлекеттік билік жүйесінде болуына қатысты жайттар алаңдатады. Бұл жайында депутат бүгін Пономарев баяндады. Мұның елеусіз қалдыруға болмайтын, маңызды мәселе екені сөзсіз. Сондықтан оған мемлекет мүддесін ескере отырып, зор жауапкершілікпен қарау қажет. Жоспарланған өзгерістің бәрі үйлесімді болып, бірін-бірі толықтырып отыруы керек, ешқашан өзара қайшылыққа әкеп соқтырмауға тиіс.

Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет.

Реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді.

Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзыретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі.

Кәсіби заңгерлер Ата заңның мәтініне қатысты пікірлерін білдірді. Олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді.

Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс! Сонымен қатар Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады. Тағы бір маңызды мәселе. Біз Ата заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.

Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын. Мемлекет құрылысына қатысты осы қағидаттың бәрі – ешқашан ескірмейтін, әрдайым өзекті болып қала беретін және қайта қарауға жатпайтын мызғымас қағидаттар. Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларды сақтап, күшейте түсуіміз қажет. Конституциямыз заман талабына сай болуы керек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.

Мен әзірге келіп түскен ұсыныстардың негізгі тұстарына тоқталып өттім. Осылайша, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы шығып келеді. Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен талқылаулар кезінде алдағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен идеялар мұқият сараланды. Ойға қонымды бастамалар барынша ескерілді. Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады.

Құрметті Құрылтай мүшелері!

Сіздердің әрқайсыңыз ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Елдегі өзгерістердің логикасын жақсы түсінесіздер. Саяси жаңғырудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемлекеттілігіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайындығын күшейту. Үстірт өзгерістер жасау маңызды емес. Мемлекеттік институттардың түпкі мәнін өзгерту және олардың өзара байланысын жақсарту маңызды.

2022 жылғы конституциялық реформалардың нәтижесінде біз саяси жүйені теңгерімді етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған шаралар қабылдадық. Заң үстемдігін нығайтып, құқықтық мәдениетті орнықтыру үшін Конституциялық сот құрылды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданған соң сот үкімдері азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына көбірек шешіле бастады. Олардың өз заңды мүдделерін табысты қорғауына жол ашылды. Кассациялық соттардың құрылуы және Адам құқығы жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебеге ие болуы азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Біз сайлау жүйесін және өкілді органдарды жасақтау тәртібін жетілдірдік, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі Парламентке және мәслихаттарға түрлі идеологиялық көзқарастағы адамдарға және саяси партиялар өкілдеріне жол ашып берді. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін атқарушы билік тармағы жаппай жаңарды. Мемлекет басшысының туыстарына басқару жүйесіндегі жоғары әрі негізгі лауазымдарды иеленуге тыйым салынуы аса маңызды конституциялық жаңалық болды. Осылайша жан-жақты өзгерістер сот, заң шығару, атқару сияқты билік тармақтарының бәрін қамтыды. Бұл өзгерістер орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де болды. Бұдан бөлек, жоғарғы билік деңгейінде, яғни Президенттік институтта да елеулі өзгерістер жасалды.

Жүзеге асырылған және жоспарланып отырған өзгерістер асығыс қабылданған немесе белгілі бір жағдайға байланысты туындаған шешімдер емес. Мен бұл реформаның бәрін мемлекет мүддесінің сөзсіз басымдықтары мен халықтың игілігі тұрғысынан мұқият ойластырдым. Сондықтан бастамалардың бәрі елді жан-жақты жаңғыртудың ұзақ мерзімге арналған біртұтас стратегиясына тоғысып отыр. Оң әрі тұрақты нәтижеге жету үшін эволюциялық жолмен жүру, кезең-кезеңімен әрекет жасау, сондай-ақ қоғамды жаңа саяси және экономикалық ахуалға бейімдеу қажет екеніне сенімдімін. «Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп халқымыз бекер айтпаған.

Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болар еді.

Қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Президент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес реформаланады. Сіздер Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар екенін білетін шығарсыздар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді. Осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін.

2022 жылғы жүйелі өзгерістермен қатар алып қарағанда, алдымызда тұрған реформаларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз. Осы бастамалар жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Осылайша, біз бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз.

Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз.

Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз.

Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық. 2022 жылғы конституциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі мені қолдады. Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын. Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағдарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын.

Құрметті қауым!

Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр.

Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін.

Бүгін мен Ұлттық құрылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойдым.

Президент «Turkistan» газетіне сұхбат берді
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге ауқымды сұхбат беру арқылы белгілі бір саяси дәстүр қалыптастырдыңыз деуге болады. Осы орайда, «Turkistan» газетінің ұсынысын қабыл алғаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз.

– «Turkistan» газеті 30 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Бұл – Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі. Газеттің атауында да өте үлкен мән-мағына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көтеріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын.

Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада табысқа жеткен қазақтар туралы мақалаларды қызығушылықпен оқимын. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым.

Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады.

Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз.

Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ.

– Сұхбатымыздың бас жағында әдеттегідей өткен жылдың қорытындысы туралы сұрағым келеді. Былтыр өте көп оқиға болғаны белгілі. Дегенмен, 2025 жылдың басты нәтижесі қандай деп ойлайсыз?

– Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.

Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек.

Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты.

АҚШ президенті Трамптың «ақылға сыйымды ой» стратегиясының ықпалымен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла   бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады.

– Былтыр жаңа Салық кодексі қызу талқыға түсті. Жұрттың көкейіне күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындады. Бір жағынан, қажетті экономикалық реформаларды жүргізуге мүмкіндік беретін, екінші жағынан, азаматтардың тұрмыс жағдайын төмендетіп жібермей, таразы басын тең ұстайтын тиімді жол бар ма?

– Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді.

Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз.

Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.

Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.

Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық.

– Экономикалық реформалар тауарлардың бағасы мен қызметтердің тарифіне салмақ салады. Жұрт бұған алаңдап отыр. Сіз Үкіметке осы мәселені шешуге арналған нақты шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырдыңыз. Бұл жұмыс реформаның сапасы мен қарқынына әсер етпей ме? Азаматтарымыз әл-ауқатымызды жақсартады деп күтіп жүрген реформаның нәтижесін жоққа шығармай ма?

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек.

Азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны төмендетуге арналған.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін.

Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру  туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген желеумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табылды. Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қызмет түріне зейнетақы жинағын пайдалануға тыйым салуға тура келді. Бірақ, басқа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіпті, пластикалық отаға төлем жасайтындар бар.

Ал, бизнес өкілдеріне келер болсақ, олар жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлейді. Алайда, несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, заманауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр.

Экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар.

– Қазақстан былтыр энергетикалық және коммуналдық секторда реформа жасауға кірісті. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды реформа. Осы бағыттағы жұмыстар әбден тозған инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін шеше ала ма?

– Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр.

Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді.

Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан, жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет.

Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді.

Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді.

Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті.

Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті.

Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды.

Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көп балалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды.

Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді.

Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «коммуналдық былық-шылықты» пайдаланып, қалтасын қалыңдатқан делдал-кәсіпкерлерге қолайлы болды.

Посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақстанға тиесілі. Соның салдарынан, біз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мемлекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық.

Сол себепті, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия.

Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажет. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Төлем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілді. Суды және электр қуатын барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар «тұтынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды.

Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылайша, экономиканың сапалық тұрғыдан өсуіне зор серпін береміз.

– Сіз Қазақстан үшін көлік және логистика саласының маңызы артып келе жатқанын жиі айтасыз. Бұл бағыттағы жұмысты негізгі басымдық ретінде белгілеп бердіңіз. Осы саланы дамыту үшін қандай шаралар қабылданды және алда қандай жоспарлар бар?

– Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты.

Осы орайда, жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің мән-маңызын атап өткім келеді. Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр.

Елорда мен батыс аймақтардың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қысқартатын «Орталық – Батыс» күре жолы құрылысының стратегиялық маңызы өте зор.

Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады.

Әрине, мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар.

Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып келеді. «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз.

Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды.

– Мемлекет кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл шаруамен үкіметтердің бәрі айналысты. Бірақ, осы аса маңызды саладағы түйткілдер ақыры шешімін тапқан жоқ. Әр министр өз бағдарламасын жүзеге асырмақ болды. Соның салдарынан қыруар ақша құмға сіңіп жоқ болды. Енді біз еліміздің бұл саладағы әлеуетін ойдағыдай пайдалана аламыз ба?

– Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді.

Есесіне, егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.

Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды.

Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек. Мен бұл туралы жуырда Таразға барған сапарымда айттым.

Іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейді. Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріптестеріне жақсы жағдай жасалғанына таңғалып, оларды «аграрлық олигархтар» деп атай бастады. Дегенмен, еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді.

Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қатым-қатынас орнатуға жол ашады.

Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.

Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді.

– Жиі талқыланатын тақырыптың бірі – туризм. Былтыр әлемдік деңгейдегі кейбір ақпарат құралдары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қатарына қосты. Дегенмен, еліміздегі курорттар мен танымал туристік орындардың жаппай қонақ күтуге дайындығына күмән жоқ емес.

– Мұндай күмәннің туындауы заңды. Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ.

Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақсы үрдіс.

Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз.

Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта

шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады.

Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ. Ал, көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқынды салынып жатыр.

Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Бұл салада ауқатты адамдарға да, орташа табысы бар азаматтарға да бірдей қызмет көрсетілуге тиіс. Сондықтан, ондағы туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мәселесіне назар аудару қажет.

Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан, Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады.

Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек.

– Жасанды интеллектінің дамуы туралы сұрағым келеді. Сіз халыққа Жолдауыңызда Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктедіңіз. Ал, жаңа жылға арналған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Көздеген мақсатқа жету үшін не істеледі? Бастамаңыздың шын мәнінде табысты боларына сенесіз бе?

– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.

Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ.

Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.

Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды.

Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.

Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.

– Сіздің стратегиялық жоспарларыңыздағы ядролық энергетиканың орны қандай?

– Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы.

Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жақында «көк жағалылар», яғни техникалық мамандық иелері мультимиллионерлер қатарына қосылады деп болжам жасады.

Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.

Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.

– Тағы бір тақырыпқа ойыссақ. Жұртты бұрыннан толғандырып жүрген мәселелер бар. Мысалы, кейбір ірі бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар қалталы азаматтардың да, қарапайым адамдардың да қамын ойлап өмір сүруді қашан үйренеді?

– Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.

Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін.

Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас.

Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.

Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады. Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес.

– Сіз Республика күні қарсаңында өткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіпкерлермен жеке кездесіп, оларға наразылығыңызды ашық айттыңыз деп естідік. Құпия болмаса, әңгіме не туралы болды?

– Жаңа ғана сөз болған қайырымдылық туралы, отаншылдықты жасампаз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек.

Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр.

Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді.

Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды.

Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.

Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады.

Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай.

Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады.

– Тағы бір өзекті тақырып. Қаңтар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі туралы ақпарат БАҚ беттерінде былтыр ара-тұра жарияланып тұрды. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?

– Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді.

2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді.

Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды.

Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды.

«Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.

Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр.

– Қаңтар оқиғасынан кейін сіз олигополияға қарсы күресті қолға алып, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтердіңіз. Сол үшін Бас прокуратураның жанынан арнайы комитет құрылды. Бірақ, былтырғы Жолдауыңызда бұл құрылымның атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту туралы тапсырма бердіңіз. Жұрт бұл шешімді жете түсініңкіремей отыр. Мұндай қадам заңсыз активтерді елге қайтару тақырыбы осымен жабылды дегенді білдіре ме?

– Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мәліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр.

Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді.

Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады.

Бас прокуратура мен Үкіметтің алдында барлық жоспарларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс.

Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюнктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүлдем мүмкін емес.

Қазақстан әлем қауымдастығына халықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір «кәсіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады, шетелде жатып алып, өздерін саяси режимнің құрбаны етіп көрсетеді, «инвестор» ретіндегі құқығы тапталып жатқанын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүргізуге дайынбыз. Өйткені, ұстанымдарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заңдары инвесторларға қолайлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді.

– Кейбір оқырмандар әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды деген сыңайда пікір айтып жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес мәртебесі жойылғанын осының бір дәлелі ретінде келтіреді. Бұл реформаның мәні неде?

– Мұндай пікірлерден хабарым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әңгімесі деп санаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі мекеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастады.

Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс.

Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады.

– Сіз Жолдауыңызда әлеуметтік жеңілдіктер тым көбейіп, масылдық пен алаяқтыққа жол берілгенін қатаң сынға алдыңыз. Жұрт иммиграцияға қатысты көзқарасыңызды да білгісі келеді...

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады.

Мысал ретінде, жекеменшік мектептердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін айтуға болады. Барлық аймаққа жекеменшік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді.

Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр.

Жекеменшік медицина саласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұрын жекешелендірілген медицина мекемелері көбінесе күрделі құрал-жабдықтар сатып алмайды, тексеруден өту үшін науқастарды мемлекеттік емханаларға жібереді. Бірақ, ең бастысы, оларға шын мәнінде науқастардың санына қарай емес, «тіркелген» адамдардың санына қарай бюджеттен ақша бөлінеді және бұл «жан басына сәйкес қаржыландыру» деп аталады. Науқастардың санында мүлде нақтылық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн.

Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын.

Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ, жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды.

Cонымен бірге, медицина туризмі тұрғысынан алғанда Астана мен басқа да қалаларымыздың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Дәрігерге қаралып, сапалы ем-дом алу үшін көрші елдерден бөлек, тіпті, АҚШ-тың және Еуропаның кейбір мемлекеттерінің азаматтары Қазақстанға келіп жатыр.

Мемлекет мұғалімдерге және медицина саласының қызметкерлеріне өте жақсы қолдау көрсетті. Олардың жалақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәртебесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім болды.

Бірақ, алаяқтыққа жол берілмейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақтық қақтығыстарға қатысқан «ардагерлер» әлі күнге дейін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланып келеді. Мен халыққа Жолдауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «ардагерлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқанын айттым.

Тағы бір мысал. Статистикаға қарасақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедек адам бар екен. Еліміздің ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемлекет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қызметкерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диагнозы қойылған жақындарын мүгедектер қатарына қосып жаза салғаны анықталып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым.

Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.

Мен былтырғы сұхбатымда Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айттым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында.

Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін.

– Елдің қорғаныс қабілеті айрықша маңызды екенін бәріміз білеміз. Бірақ, сарбаздардың өліміне қатысты оқиғалар әскери қызметтің беделін, Қарулы Күштеріміздің абыройын түсіріп жатыр. Сіз армиядағы ахуалды қалай бағалар едіңіз?

– Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын.

Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Дегенмен, қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн.

Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді.

Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.

Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған.

Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады.

Әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі. Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жоғары бағалады, бұл іс-шара армиямыздың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдықталғанын, сондай-ақ, әскери қызметшілеріміздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты.

Жуырда Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке бардым. Онда әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақсы бастама. Мен осы мектепке аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тапсырма бердім. Бұл білім мекемелерінде бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардарлар мен генералдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін.

– Тағы бір өткір тақырып – көлік апаты. Өкінішке қарай, жыл сайын жол-көлік оқиғасының салдарынан мыңдаған адам қаза болады. Сіз Жолдауыңызда да бұл тақырыпқа тоқталып, мәселені ретке келтіруді талап еттіңіз. Оң өзгерістер бар ма?

– Бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мәселе. Басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі.

Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түсті. Инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды.

Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Алайда, қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады.

Кейбір дамыған елдерде көлік апаттарының алдын алу үшін жаңа тұжырымдама енгізіліп жатыр. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұсталып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан жол ережесін сақтауға тиіс.

Бұған қоса, осы салаға жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізген жөн. Біз көліктер тоқтаусыз жүретін көшелер саламыз. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне айрықша назар аударамыз. Себебі, автобустардың жол апатына ұшырауы азаюдың орнына көбейіп барады.

– 2025 жылдың екінші жартысы еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды оқиғаларға толы болды. Сіз қысқа мерзім ішінде Бейжіңде, Вашингтонда, Мәскеуде, Анкарада, Абу-Дабиде, Ташкентте, Душанбеде, Бішкекте, Ашхабадта және Токиода болып қайтқан әлемдегі санаулы қайраткердің бірісіз. Өзіңізді ірі халықаралық қақтығыстарды шешу үшін ара ағайын болуға арнайы шақырады деген де болжамдар бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған сапарларымнан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ықпалды мемлекеттердің басшылары Астанаға сапармен келді.

Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек. Біздің халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс. Сондықтан, мен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұстанымын егжей-тегжейлі айтып өттім.

Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жабық кеңестер мен пікірталастарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек.

– Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысымен тағы да кездесті. Кремльге қарасты ақпарат құралдары бұл жайында кеңінен мәлімет таратты. Кездесу туралы көптеген пікір айтылып, өсек-аяң өрбіді. Тіпті, Қазақстанда 2029 жылы болатын билік транзиті туралы сөз қозғалыпты, Назарбаев Владимир Путиннің тікелей қолдауымен сол істе ең басты рөл атқарғысы келеді екен деген алып-қашпа әңгіме шықты. Сіз былтырғы сұхбатыңызда Тұңғыш президент партияның ірі қайраткері ретінде көп уақытын өткізген Мәскеуді сағынатын болар, сондықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен, көптеген азамат Сіздің осындай «саммиттерге» шынайы көзқарасыңызды білгісі келеді.

– Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді.

Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді.

Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын.

Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты.

– Ал билік транзиті туралы не айтасыз?

– Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар.

– Кейбір сарапшылар парламенттік реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды. Сіз бұл лауазымды өзіңізге дайындап жатырсыз деген де сыбыс бар...

– Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді.

Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияланады.

– Биыл саяси тұрғыдан алғанда қандай жыл болмақ?

– Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады.

– Сіздің күрделі мәселелерге әзілмен қарай алатыныңызды, ойыңыздың астарын өмірде болған тағылымды тарихи оқиғалар, я болмаса дипломатиялық тәжірибеңізден алынған мысалдар арқылы жеткізетініңізді «президенттік орта» жақсы біледі деседі. Олар өткен кезеңнің белгілі тұлғаларын да жиі тілге тиек ететініңізді айтатын көрінеді. Жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде бұл қабілетіңіз Сізге септігін тигізе ме?

– Әзіл айта білу және тарихи деректерді жетік білу үлкен саясатта да жоғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан, көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ, тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де, тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды деп санаймын.

Белгілі жазушы, драматург Эдвард Радзинский өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың басында Сталин туралы іргелі зерттеу кітабын жазуға кіріскенін айтыпты.

Қаламгердің елге «қайта құру қаһармандары» ретінде танылған достары «Сенің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын білмейсің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті» деп кекетсе керек. Сонда жазушы «Мен кітапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады» деген екен. Ақыры солай болып шықты.

Тарихтан талай нәрсені үйренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троцкий өз естеліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, «Кадр бәрін шешеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай керемет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи парадокстар бізде де аз емес...

– Ойыңызды тарқатып айтасыз ба?

– Кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымызда қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе.

Соңғы жылдары Қазақстанда тарихты талқылау сәнге айналды. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатыр. Әрине, халықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние.

Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».

Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарылмаған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағылым алып, кемшіліктерімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сондықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр.

Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған.

– Сіздің «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаныңыз былтырғы айтулы қадамның бірі болды. Жұрт идеологияның рөлі, отаншылдық туралы жиі айтады. Сіз отаншылдық дегенді қалай түсінесіз?

– Меніңше, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі.

Мен аймақтарға іссапармен барғанда инженерлермен, жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, шаруалармен, әскери қызметшілермен, мәдениет қайраткерлерімен кездесемін. Олардың бәрі – сүйікті Отанымыздың нағыз патриоттары. Отан отбасыңнан, аулаңнан, көшеңнен басталады. Сондықтан, айналаңды аялап, табиғатты таза ұстау керек.

Әлемде мультикультурализмді қолдап, ұлтаралық және дінаралық татулықты жақтайтындар мен өзін нағыз патриот санайтын радикалды ұлтшыл топ өкілдері арасында қақтығыс болып жатыр. Меніңше, екі жақтың да ұстанымы ұшқары. Себебі, Азияда бағзы заманнан бері заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» бар.

Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құрметтеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтайын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен көтеру қағидаттары айрықша маңызды. Әйтпесе, жоспарларымызды орындап, мақсаттарымызға жету екіталай болмақ.

– Биыл Қазақстан халқы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық мерейлі белеске жеткенін атап өтеді. Бұл – тарих тұрғысынан алғанда қас-қағым сәт болғанымен, жекелеген мемлекеттер мен адамдар үшін біршама ұзақ мерзім. Сіз Қазақстанның жүріп өткен жолын қалай бағалар едіңіз? Алдағы бағдарымыз қандай?

– Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетелдерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді.

Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар.

– Қазіргі жастар – өте талапшыл әрі талғампаз. Әлеуметтік желіден олардың «Қазақстан «прайм-дәуірге», яғни, керемет кезеңге қадам басты» дегенін көргенде таңғалдым. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

– Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз.

Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жасампаздық рухын білдіреді.

Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн.

– Қазақстанның дамуы туралы айтар болсақ, осы жылдан не күтесіз? Алда қандай маңызды оқиғалар болады? Мақсат-мұраттарыңыз қандай?

– Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет екенін айтып өттім. Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады.

Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін.

Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін –  барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады.

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс.

Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі.

Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс.

– Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді. Сіз жеке өміріңізді көпшілікке жария етуді ұната бермейтін сияқтысыз. Өзіңізді жақсы білетін адамдар «ол жазба мәтіндерге өте мұқият қарайды және асқан табандылықпен жұмыс істейді» дейді. Жеке басыңызға қатысты осындай сұрақтар аз емес. Осының бәрін қорыта айтсақ, Сізді жан дүниесі мен мінез-құлқы қандай адам деуге болады?

– Мен 1975 жылы КСРО сыртқы істер министрлігінің табалдырығын алғаш рет аттадым, мемлекеттік қызметке келгеніме былтыр 50 жыл болды. Алғашқы мамандығым бойынша мен – қытайтанушымын. Бұл кәсіп айрықша табандылықты қажет етеді. Шынымен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті, әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қарайтынымды аппараттағылардың барлығы біледі.

Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді. Сондықтан, «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін.

– Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Сіз көп ашыла бермейсіз. Дегенмен, денсаулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер Сіздің салмақ тастап, сергек көріне бастағаныңызды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл туралы не дер едіңіз?

– Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым.

– ТМД елдеріндегі әріптестеріңіздің ішінде тағы кім спортқа жақын?

– Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында.

– Президент мырза, бүгін өте мазмұнды әңгіме болды. Халықты толғандыратын көптеген маңызды мәселені талқыладық. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын.

– Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

Газеттеріңіздің жұмысы табысты болсын! Редакция қызметкерлеріне менен дұғай сәлем айтыңыз.

– Міндетті түрде сәлеміңізді жеткіземін!

Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

«Turkistan» газеті, 2026 жылғы 5 қаңтар, №1 (1638)

Астананы дамытуға не кедергі?
– Қазір Астана қарқынды өсіп келеді. Түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс істеліп жатыр, - деді Президент. – Бүгін елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылаймыз. Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр. Елорданың көш басында болуы – заңдылық.

Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында. Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен. Бұл –шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады.

Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден сәл асты. Бұл – 32 миллиард доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен. Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерлік.

Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.

Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек. Сондықтан дәл осы индекс бойынша келесі жылы Астананың өз рейтингісін жақсартуға мүмкіндігі бар деп есептеймін. Соның арқасында біздің Азиядағы рейтингіміз де артады. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын.

Астана басқа аймақтарға үлгі болуға тиіс. Шаһардың экономикалық белсенділігі күшейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Соған сәйкес әкімдікке және мүдделі мемлекеттік органдарға жаңа міндеттер жүктеледі. Сондықтан нақты мәселелерге тоқталайын.

БІРІНШІ. Жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керек.

Менің өткен аптада Жапонияға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сапар кезінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық. Токиодағы Smart City жобасымен таныстық. Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық. Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды. Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады. «Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын. Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек.

ЕКІНШІ. Үйлесімді қала кеңістігін қалыптастыруға айрықша мән беру қажет.

Азаматтардың тұрмыс-тіршілігі мен жұмысына барынша қолайлы жағдай жасау барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті болуға тиіс. Ал елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек. Өйткені оның мәртебесі бөлек. Бұл орайда Астанада қазірдің өзінде біршама нәтижеге қол жеткіздік. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалды.

Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған. Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек.

«Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады. Жалпы, соңғы екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді. Бұл өте жақсы. Мұны елорда тұрғындары оң бағалап отыр. Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі кезекте елордада тұратын және шаһарға қонаққа келетін Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Осы істі Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті жіті бақылағаны жөн.

Алайда Астана тек орталық көшелері айнадай жарқырап тұратын қала болмауға тиіс. Шеткері аудандарға да көңіл бөлу керек.

Қаланы безендіру жұмыстарына бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады. Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің басын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабылдаймын. Түптің түбінде, Отанды сүю – ортақ борыш.

Сондықтан оң жағалаудағы сауда, өнеркәсіп орамдары мен тұрғын үй алаптарын жаңарту жұмыстарын жандандырған жөн. Көріктендіру мәселесі азаматтарды әрдайым толғандырады. Бұл – түсінікті, сондықтан олардың осылай айтуға қақысы бар. Дегенмен әкімдік те елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан жоғары мәдениетті талап етуі керек.

Әрине, қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындар ортақ мекеніміздің тыныс-тіршілігіне белсенді араласа бастағаны қуантады. Дәл осы себепті «Таза Қазақстан» жобасын бастадым. Оны бүкіл ел қолдады. Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе. «Таза Қазақстан» идеологиялық кампаниясына не үшін бастамашы болғанымды айтайын. Өйткені экология, тұрмыс-тіршіліктегі тазалық болмысымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс. Жалпы, Азияның бірқатар қаласында қалдықтарды жоюдың экономикаға негізделген тәсілдері қолданылады. Шынында да қоқыспен күресу керек.

Токиода 14 миллион адам тұрады. Азғантай аумақта осыншама халық өмір сүріп жатса да, ондағы тазалық пен тәртіп өте жоғары деңгейде. Мысалы, саммитте сөйлеген сөзімде Жапония Премьер-министріне «Еліңіздің қуаты – адамдарыңызда. Сіздер үнемі үйлесімділікке үндейсіздер. Жапондар үйренуден жалықпайды. Өзін қалай ұстауды біледі, өзге адамдарға құрметпен қарайды. Үйін, пәтерін, өзі отырған ғимаратты таза ұстайды. Сонымен қатар олар үздіксіз білім алады әрі оны өскелең ұрпаққа да сіңіреді» деп жылы сөзімді арнадым. Бізге де дәл осындай менталитет қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіден үлкен үміт күтемін. Біз алға қарыштап қадам басып, технологиялық ұлт болудың үлгісіне айналуымыз керек.

Осы орайда қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды жеделдету керек. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатыр. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған. Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды. Бұл істі кейінге қалдырудың экологиялық салдары ауыр болатынын әрі оның тұрғындар тұрмысына теріс әсер ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан Үкімет осы бағытта қажетті шаралар қабылдағаны дұрыс.

Тазалық тәртіптен басталады. Еліміздің бас қаласы мен күллі Қазақстанды көрікті, тал-терегі мол әрі өмір сүруге қолайлы мекенге айналдыруға күш-жігеріміз жетеді. Мен бұған сенімдімін. Бұл стратегиялық сипаттағы міндет. Оның орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалауда ұстайды. Дегенмен бізге тез шешім қабылдап, әрі сапалы жұмыс атқару қажет. Әрбір мәселеге пікір таластырудың қажеті жоқ.

Елорда тұрғындарының көбі демалыста немесе мереке күндері әдетте Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түседі. Сондықтан Астана маңайында экосаябақтар ашатын уақыт жетті. Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырамын. Тағы да қайталап айтамын, ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қараңыздар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүлдіріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой.

ҮШІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту маңызды. Қалада сапалы және қолайлы инфрақұрылым болуға тиіс. Биыл Астананың көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттағы іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру керек. Қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керек. Азаматтар жолдың сапасы нашар екенін айтып, жиі шағымданады. Қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты мәселелер де бар. Келеңсіз жайттар Астананың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қоғамдық көліктер ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы болуы керек және уақтылы жүруге тиіс. Жеке көліктен гөрі автобуспен жүрудің тиімді болғаны жақсы. Сондықтан қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет.

Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Бұған қоса, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруы керек.

Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр. Биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған. Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді.

Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын. Әсіресе, тұрғын-үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажет.

Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады. Қаланың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек шығар. Оның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет.

Төртінші. Коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызы зор. Көші-қон қарқынының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады.

Бірнеше жыл бұрын елордада ауыз судың тапшылығы сезілді. Оның сапасына қатысты сын айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі станциялары салынып жатыр. Олардың кейбірі пайдалануға берілді. Елдің бас қаласын сумен тұрақты қамтамасыз ету – техникалық міндет қана емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмайды, барлығын алдын-ала ойластырып, уақтылы жасау қажет. Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек.

Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе. Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі – кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ. Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек.

БЕСІНШІ. Тұрғын үйлер сапалы салынуы қажет. Астана – құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалада 5 миллион шаршы метр үй салынған. Бұл – бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар. Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет.

Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек. Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс. Тағы бір мәселе: елордада жұмыста жүріп жарақат алу деректері көбейіп барады. Жыл басынан бері қаладағы өндіріс орындарында 32 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан. Әкімдік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жұмыс орнында болуы мүмкін қауіп-қатерлерді саралап, оқыс оқиғалардың алдын алу қажет. Әр қайғылы оқиғаның себеп-салдарын мұқият зерделеп, тиісті қорытынды жасаған жөн.

АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік нысандар халыққа қолжетімді болуға тиіс. Сөз басында айтып өттім, қала халқының саны өте жылдам өсіп жатыр. Әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне зор ауыртпалық түседі. Мәселе тым күрделенбей тұрғанда, жүйелі жұмыс істеу керек. Астана әкімі бірқатар медицина нысанының жұмысымен таныстырды. Екі емхана және балаларға арналған травматология орталығы салынатынын айтты. Қаланың медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет. Осыған орай, әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудандарда көбірек ашылуға тиіс. Бұл талап білім беру нысандарын салған кезде де қатаң сақталуы керек. Мектеп тапшылығы – еліміздегі аса өзекті мәселенің бірі. Мектеп салу қарқыны бала санының өсу қарқынына ілесе алмай келеді. Алдағы үш жылда мектептегі орын тапшылығы 400 мыңға дейін жетуі мүмкін. Соның ішінде елордада 28 мың оқушыға орын жетіспейді деген болжам бар. Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында осындай жағдай қалыптасуы мүмкін. Әрине, бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Соңғы 5 жылда бір миллионнан астам оқушыға арналған мыңға жуық мектеп пайдалануға берілді. Астанада 75 мектеп салынды. Қазір қалада үш ауысыммен оқытатын мектеп қалған жоқ. Бұл ретте «Келешек мектептерін» ерекше атап өткен жөн.

Архитектуралық және техникалық тұрғыдан қарағанда, бұл – заманауи әрі жоғары деңгейде жабдықталған мектептер. Аталған бағытта әжептәуір тәжірибе жинадық. Сондықтан ауқымды жобадан гөрі қауіпсіз, сапалы құрылыс жұмыстарына кірісуіміз керек. Дегенмен оның бағасы қымбат болмауға тиіс. Бұл еліміздегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуда қалыпты жұмысқа айналуы керек. Әсіресе, жеке мектептерді дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл салаға инвестиция тарту ісінде жүйелі шаралар қабылдаған дұрыс. Атап айтқанда, мемлекет-жеке меншік серіктестік құралын жетілдіру маңызды. Дәл қазір жеке мектептердің өрісін кеңейту міндеті тұр. Өйткені тексеріс барысында қызметін теріс мақсатта пайдалану, тіпті, алаяқтық жағдайлары анықталып жатыр. Мұндай фактілер лицензия беру, қаржыландыру, бақылау жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар кейбір әкімдіктер жоспарлау кезінде үлкен қателіктер жіберген. Атап айтқанда, демографиялық өсім мен аумақтық даму мәселелері ескерілмей, жеке мектептерді ашуға беталды рұқсат берілген. Соның салдарынан бір жерде мемлекеттік және жеке мектеп қатар салынған. Ал шын мұқтаж аудандарда білім беру инфрақұрылымы сол күйі дамымай қалған. Бұл ведомствоаралық байланыстың әлсіздігін көрсетеді, жұмысқа жүрдім-бардым қараудың дәлелі. Орта білім беру жүйесін демографиялық есепке және нақты нәтижелерге негіздей отырып кешенді түрде дамыту қажет. Қолданыстағы модельді түбегейлі өзгерту керек.

Қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соған қарамастан еліміз жақсы қарқынмен дамып келеді. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналды. Жыл қорытындысы бойынша экономикамыз 6 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс өз нәтижесін беруде.

Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық. Бүкіл мемлекеттік аппарат, бірінші басшыдан қарапайым қызметкерге дейін мұны терең түсінуі керек. Бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары қарқын мен бастамашылық таныту қажет. Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн. Мемлекеттік қызметте жалқаулыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға орын жоқ. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен лауазымды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін. Алдымызда атқаратын міндет көп.

Біз реформаларды жалғастыра береміз. Мен Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл – соңғы жылдары қолға алынған ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы. Түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады. Азаматтарымыз мақұлдаса, Ата Заңға көптеген өзгеріс енгізіледі. Түзетулердің ауқымын ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдаумен бірдей қадам деуге болады.

Біз озық ойлы ұлт ретінде болашаққа сеніммен қараймыз. Алдымызда биік мақсаттар тұр. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруымыз қажет. Толық цифрлық мемлекет болуымыз керек. Энергетика, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту қажет. Мұның барлығы – бір күндік шаруа емес. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктірсек, осы мақсаттың бәріне жетеміз.

Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс. Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек. Айтылған міндеттердің барлығы уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс.

Президент кәсіпкерлерге не айтты?
– Бүгін еліміздің бизнес қауымдастығы үшін өте маңызды күн деуге болады, - деді Мемлекет басшысы. – Біз биыл да қалыптасқан дәстүрге сай «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттап жатырмыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Осы жердегі әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі. Сіздер сапалы өнім өндіріп, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кәсібіне адал, іскер және нағыз отаншыл азаматтарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мемлекет Сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын.

Биылдан бастап 29 қазан «Қазақстан кәсіпкерлері күні» болып ресми түрде бекітілді. Сонымен қатар мен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық істерге мол үлес қосқаны үшін еліміздің үздік кәсіпкерлеріне берілетін арнайы марапат – «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Келесі жылдан бастап залда отырған бірқатар кәсіпкер осы мәртебелі орденмен марапатталады. Бұл еліміздегі барша бизнес өкілдеріне деген айрықша құрметтің белгісі болмақ.

Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ. Өздеріңіз білесіздер, қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз.

Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді.

Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз.

Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды.

Осы тұста мынадай бірқатар маңызды мәселеге баса назар аударған жөн.

БІРІНШІ. Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жайында ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан едім. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді.

Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады. Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастырады. Ал бизнес салықтан жалтармайды. Бұл дамыған, өркениетті елдердің барлығына тән. Соған қарамастан маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік ауқымдағы міндет.

Салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге баса мән беру қажет. Аталған мәселені цифрлық құралдар арқылы шешу кәсіпкерлерді алаңдатып отырған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Келесі жылы Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі мен Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілетінін де ескеруге тиіспіз. Жаңадан іске қосылатын бұл тетіктер кейбір кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу байқауларында негізсіз артықшылыққа ие болу мәселесін реттеуге ықпал етуі керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірге осы жылдың соңына дейін бизнес-қоғамдастыққа зияны тимейтін жаңа нормалар енгізуді қамтамасыз еткені жөн.

ЕКІНШІ. Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Мұндай болжам бар. Оның қаншалықты дұрыс екенін уақыт көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек.

Мен биылғы Жолдауымда осы мәселеге айрықша тоқталдым. Ең алдымен, кәсіпкерлерді қолдау үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру қажет. Қазір ЕgovBusiness платформасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түсті. Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Енді платформаны Бизнестің цифрлық картасымен өзара байланыстыру жұмысын аяқтау қажет. Сонымен бірге осы платформаға жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызмет түрлерін қосу керек. Бұл шаралар кәсіпкерлердің біртұтас платформа арқылы әртүрлі қызмет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформада жасанды интеллект көмегімен бизнес жүргізуге қатысты толыққанды кеңес алуға болады. Мұндай қадам әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді.

ҮШІНШІ. Экономиканы сапалы дамыту үшін реформаларды жалғастыру керек. Ең алдымен, экономиканың тиімділігі мен әлеуетін арттыру – басты мақсат. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі жасалды. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 триллион теңге пайда табуға мүмкіндік береді. Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр. Бұған дейін заңнаманы түгел тексеріп, оны жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатынмын. Ол үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады, Міндетті талаптар тізімі енгізіледі. Сондықтан Үкімет пен бизнес-қоғамдықтың үйлесімді әрекет етуін, әсіресе, цифрлық ықпалдастықты күшейту керек. Кәсіпкерлер бюрократияның азайғанын сезінуге тиіс, яғни бұл өткеннің еншісінде қалуы керек. Үкімет пен қадағалаушы органдарға осындай міндет жүктеймін. Бағаның еркін нарық талаптарына сай қалыптасуы, мемлекет иелігінен жаппай шығару және икемді реттеу саясаты – экономиканың табысты трансформациясының кепілі.

ТӨРТІНШІ. Бизнестің мүддесі мен құқығын қорғау мәселесі – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Соңғы жылдары құқық және сот жүйесін жаңғырту үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әкімшілік әділет институты пайда болды. Бұл бастамалар қазірдің өзінде жақсы нәтиже бере бастады. Сотта қаралған істердің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілуде.

Бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудың алдын алу бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Экономикалық қылмыстарды декриминализациялау жүргізілді.

Мұның бәрі «Заң мен тәртіп» қағидатының орныға түсуіне ықпал етеді. Бас Прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті жыл соңына дейін Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгереді. Ірі инвесторларға арналған «Жасыл дәліз» жүйесі іске қосылды. Енді оларға рұқсатнама құжаттары тез берілетін болды.

Мен Жолдауда жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айттым. Қазір әлемде нарық және капитал үшін талас-тартыс күшейіп барады. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) мәліметіне сәйкес, дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестицияның нөпірі айтарлықтай бәсеңдеген. 2024 жылы әлемде нақты секторға бағытталған инвестиция көлемі 11 пайызға, яғни 1,5 триллион долларға дейін қысқарған. Басқаша айтқанда, жаһандық инвестиция биыл екінші жыл қатарынан құлдырап барады. Мұның негізгі себебі – үдей түскен геосаяси шиеленіс пен халықаралық жеткізу тізбегінің үзілуі. Сондықтан біз еліміздегі іскерлік ортаны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат.

БЕСІНШІ. Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды. Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отандық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс. Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік. Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді. Іскерлік белсенділікті одан әрі ынталандыру үшін шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдаған жөн. Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс.

Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады. Ауыл-аймақтардан осындай ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті. Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді.

Құрметті достар!

Қазір әлемде болып жатқан үдерістерді бәріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Геоэкономикалық ахуал өте құбылмалы әрі бұлыңғыр. Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жасампаздық, отаншылдық қасиеттері айқын көрінеді. Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық. Түптеп келгенде, сапалы өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабілетті болу және ең бастысы, еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу деген сөз.

Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең алдымен, осы залда отырған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қараймын. Сіздердің қабілеттеріңізге, іскерлік және адамгершілік қасиеттеріңізге сенемін. Сіздер мемлекетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз патриотысыздар. Сіздер жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азаматсыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті болатынына сенімдімін.

Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеуметтік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек. Шығыс даналығы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкіндіктер жасырынып жататынын айтады. Сондықтан еңсені түсіріп, күйзеліске берілудің қажеті жоқ. Керісінше жетістікке жететін жол іздеу керек.

Елімізде табысты бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Мұны барлық шетелдік бақылаушы мен маман мойындап отыр. Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Халықаралық қаржы институттарының есебіне сәйкес, аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 триллион доллардан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 миллионнан астам жұмыс орнын ашуға қауқарлы. Бірқатар дамыған елде, мәселен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Корея Республикасында креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, креативті индустрияға салынған әр доллар қосылған құнның 2,5 долларын құрайды. Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді.

Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана. Соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр. Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді. Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды.

Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бар. Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді. Осында отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін!

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдеріне не айтты?
Осы орайда, Президент сөзінің толық нұсқасын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік...

– Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша, - деді ол. – Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.

Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.

Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет.

Баршаңызға мәлім, 2019 жылдан бері елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу үшін тарихи бетбұрыс жасады. Ең алдымен, елдегі түбегейлі өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастырдық. Саяси үдерістерді жаңғыртуға арналған 20-ға жуық заң қабылданды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі артып, жұмысы жандана түсті. Сондай-ақ партияларды тіркеу талаптары едәуір жеңілдеді. Нәтижесінде Мәжілістегі саяси партиялардың саны көбейді.

Билік жүйесінде жаңа институттар пайда болды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Кассациялық сот жүйесі жұмыс істей бастады. Осылайша, біз еліміздің саяси өмірінде бұрын-соңды болмаған бірегей өзгерістерді жүзеге асыра бастадық. Қазақстан бұл саяси кеңістікте дәл осындай кең ауқымды реформаларды қолға алған бірден-бір ел деп сеніммен айтуға болады. Соның арқасында азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене атсалыса бастады.

2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады. Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық. Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.

Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі.

Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн.

Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек.

Бәріңізге белгілі, елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатыр. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өткен жөн. Резервке қосылуға өтініш берген 30 мыңға жуық үміткердің ішінен 450 адам іріктеліп алынды. Олардың 72 пайызы басшылық қызметке тағайындалды.

Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бірақ осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек. Ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Біз осы маңызды жұмысты жалғастыра береміз.

Құрметті әкімдер!

Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.

Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі.

Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.

Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.

Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек. Сондықтан алдымен ауылды дамытуға қатысты жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс.

Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті.

Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек.

Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды.

Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды. Сондықтан университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек.

Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет.

ЕКІНШІ. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек.

Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн. Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады.

Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді.

Дегенмен заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді. Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу қажет.

Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан әкімдер тұрғындардың талап-тілегін орындай алмайды. Ашығын айтқанда, кейбір жағдайда дәрменсіз күйге түседі. Оған жол беруге болмайды. Жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмаған. Бұл өңірлердегі жағдайға кері әсер етеді. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санаймын. Заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде депутаттарға осы жайттарды ескеруді ұсынамын. Сондай-ақ осы жиында ауылдық округ әкімдері көтерген ұсыныстарды да ескерген жөн.

Бүгін сөз алғандар ауыл әкімдеріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?! Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс. Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауыл әкімдерінің мәртебесі туралы мәселені айналып өте алмаймыз. Бұл – өте өзекті дүние. Аталған ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, тіпті, Президент Әкімшілігіне тиісті өтініштер түскенін жақсы білемін. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Үкімет Парламентпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, бір ай ішінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін беруге тиіс. Содан соң шешім қабылданады.

Ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлген жөн. Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді. Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын.

ҮШІНШІ. Әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек.

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес. Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.

Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады.

Мемлекет басшысы ретінде менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беретінімді білесіздер. Елімізде азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ауыл әкімі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселелерін еш қиындықсыз сараптай алады. Өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс. Әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады. Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер.

Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды. Амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті, Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр. Азаматтардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады.

Жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс. Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет. Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады.

Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат.

ТӨРТІНШІ. Төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру керек.

Әкімдердің өкілеттігін қайта қарау мен жауапкершілігін күшейту экономикалық ресурстарды рационалды бөлумен қатар сауатты жүргізілуге тиіс. Әйтпесе аталған бағыттағы реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді.

Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды. Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты.

Оң өзгеріс байқалады. Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар.

Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс. Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс.

Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет.

Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы. Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдерістерін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты.

Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруы керек. Ауылдық округтер әкімдері өздерінің кеңейтілген өкілеттіктерін толық іске асырып, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қолданыстағы ақпараттық платформалармен жұмыс істей білуі қажет.

Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн. Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет. Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді.

Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес.

Осы аптада Президент Дональд Трамп АҚШ-тың технология саласындағы жаһандық үстемдігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бастамасын жариялады. Ол үшін жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы құрылады. Бұл ғылыми зертханаларды, дата орталықтарды, цифрлық модельдерді және суперкомпьютер желісін біріктіретін ұлттық ақыл-ой алаңы болмақ. Аталған жүйе барлық аса маңызды бағыт бойынша жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеуге тың серпін береді. Ол жартылай өткізгіштерден бастап роботты техникаға дейінгі, ядролық энергетикадан бастап биомедицинаға дейінгі салаларды түгел қамтиды. Бұл арада зерттеу жобасы жайында емес, АҚШ-ты осы салада әлемдік көшбасшыға айналдыратын толыққанды платформа жөнінде әңгіме болып отыр. Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр. Сол себепті бізге де шара қолдану керек. Әлбетте, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз.

БЕСІНШІ. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек.

Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі. Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді.

Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет.

«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдаланған жөн. Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен Жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін. Осы корпорациялардың және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал.

Көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейді.

Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйелеріне қатысты мәселе – өте өзекті. Тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Жалпы, Үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі керек.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Мен биылғы Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар.

Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет.

Заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек. Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет.

Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстарым бар.

Жалпы, Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз.

Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз.

Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс.

Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын. Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру.

Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын.

Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек.

Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.

Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек.

Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс. Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет.

Мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде. Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету. Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын.

"Российская газетадағы" Тоқаевтың мақаласында не айтылған?
Zakon.kz сайты аталған мақаланың толық нұсқасын жариялады:

Қазақстан мен Ресей – одақтас және стратегиялық әріптес мемлекеттер. Тарихтың өзі біздің мәңгілік достығымызды, барлық саладағы ауқымды ынтымақтастығымызды және гуманитарлық саладағы тығыз өзара іс-қимылымызды айқындап берді.

Біздің халықтар ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, қуаныш пен сынақтарды бірге өткерді, Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін бірге қалыптастырды. Бізді дәстүрлі құндылықтарды бірдей қабылдау, қазіргі өмірдің өзекті мәселелеріне ұқсас көзқарас және бауырлас халықтардың игілігі жолындағы бірлескен жұмыс біріктіреді.

Осы мызғымас негіздің арқасында біз халықтарымыздың тарихына, мәдениетіне және дәстүріне өзара құрмет таныта отырып, көпқырлы ынтымақтастық жолымен сенімді түрде ілгерілеп келеміз.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Ресеймен достық қатынастарды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Елдің алғашқы сыртқы саясат тұжырымдамасында, сондай-ақ кейінгі осындай құжаттарда да Ресей бағыты айнымас басымдық ретінде белгіленген.

1992 жылы Мәңгілік достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы алғашқы шартқа қол қойылды. Бұл құжат мемлекетаралық қатынастардың берік іргетасын қалап, халықтарымыздың саналы таңдауын айқындайтын символға айналды.

Содан бері әлемде де, посткеңестік кеңістікте де көп нәрсе өзгерді, алайда сол келісім мәтінінде тұжырымдалған негізгі қағида өзектілігін жоғалтқан жоқ: мәңгілік достық – жай ғана көркем сөз тіркесі емес, ол – қазіргі және келешек уақыттың күрделі, көпқырлы шындығын біздің халықтарымыздың философиялық және саяси тұрғыдан қабылдауының дәл көрінісі.

Қазақстан мен Ресей сапалы әрі мазмұнды стратегиялық әріптестік пен одақтастық орната алды. Мұндай ынтымақтастықтың негізінде – осы тұрақсыз, болжауы қиын заманда халықтарымыздың бірге болуға деген саналы ұмтылысы жатыр. Басқаша айтқанда, мәңгілік достық – біздің мемлекеттер мен халықтарымыз үшін жолбасшы жұлдыз.

Екі елдің қатынастарының ерекшелігі – олардың кемелдігі мен тұрақтылығы. Өйткені бұл байланыстар терең сенімге, өзара құрмет пен теңдікке негізделген. Халықтарымыздың болашағы үшін ортақ жауапкершілік екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі барлық мәселелерге шешім табуға мүмкіндік береді.

Менің түсінігімде, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы – Еуразия қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың аса маңызды факторы.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастар жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтерілді.

Екіжақты ынтымақтастықтың барлық жетістіктері Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің белсенді және жемісті қызметімен тығыз байланысты. Қазақстанда ол әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері ретінде құрметке ие, ал оның есімі саясаткерлер мен қарапайым халық арасында көптеген елдерде жиі айтылып жүр.

Өткен жылдың қараша айында Ресей Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар саяси және практикалық маңызы жағынан тарихи оқиға болды. Астанада біздің серіктестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашқан көлемді құжаттар топтамасына қол қойылды. Ең маңыздысы – санкциялық қысым мен халықаралық шиеленістерге қарамастан, екі ел ынтымақтастықтың тұрақтылығын және серпінді дамуын сақтап қала алды.

Алдағы Мәскеуге мемлекеттік сапарым қарсаңында Владимир Путинмен өтетін келіссөздердің айрықша маңыздылығын атап өткім келеді.

Соңғы бірнеше айда мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар басшыларымен мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Олардың көпшілігі геосаяси спектрдің қарама-қарсы полюстерінде орналасқанына қарамастан, барлығы да Ресейдің және оның басшысының халықаралық қатынастардың түйінді мәселелерін шешудегі айрықша рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлем қайшылықтарын Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес.

Қазақстан мен Ресей шын мәнінде үлгі боларлық мемлекетаралық қатынастар орнатты. Үш онжылдықтан астам уақыт бойы біз екі халықтың игілігі үшін көпқырлы ынтымақтастығымызды табандылықпен дамытып келеміз. Сондықтан Владимир Путинмен өтетін алдағы келіссөздер бұл қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтыру тұрғысынан ерекше мәнге ие.

Мәскеуге жасалатын сапарымның кең күн тәртібіндегі негізгі тармақтардың бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қою болмақ. Бұл құжат, сөзсіз, екіжақты байланыстардың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымаққа дайын екенімізді айқындайды.

Ресей Федерациясы – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Ал өз кезегінде Қазақстан – Ресейдің негізгі бес сауда әріптесінің қатарында.

Біздің тауар айналымымыз тұрақты өсіп, бүгінде 30 миллиард АҚШ долларына жақындап қалды.

Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына қаржы құю көлемі бойынша жетекші орындардың бірін алады. Бұл Қазақстанның жоғары инвестициялық тартымдылығын, іскерлік байланыстардың беріктігін және екі мемлекет арасындағы өзара сенімді айқын көрсетеді.

Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізін жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. "Сибур", "Газпром", "Лукойл", "ЕвроХим" сияқты ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералдық тыңайтқыштар және өзге де жоғары технологиялық өнім өндіретін зауыттар салынуда. "Татнефть" компаниясымен автомобиль шиналарын шығару жолға қойылса, "КАМАЗ"-бен жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер өндірісі дамып келеді.

Жалпы алғанда, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес — өзара тиімді әріптестіктің нақты нәтижесі. Соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылуда, озық технологиялар трансфері жүзеге асуда, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыс нығаюда.

Біздің ынтымақтастықтағы ерекше орын энергетика саласына тиесілі. Бірлескен күш-жігердің арқасында Ресей энергия ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзиті қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар ірі энергетикалық нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы жүргізілуде.

Осы бағыттағы басты жоба – "Росатом" жетекшілік ететін халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу болмақ. АЭС құрылысы елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын өндіруге дейінгі толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жоба технологиялар трансферіне, мамандар даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және машина жасау мен аспап жасау сияқты байланысты салаларды дамытуға жаңа серпін береді.

Стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету деп есептеймін.

Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді – оның бесеуі теміржол, сегізі автомобиль жолы. Бұл бағыттар Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді.

Қазақстан мен Ресейдің аумақтық көлемі мен географиялық орналасуын ескере отырып, транзиттік бағыттар мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту Еуразияның көлік байланысын нығайту үшін аса маңызды. Осы мақсатта екі ел "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомобиль дәлізінің өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Қазақстан–Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеді.

Біз бірлесе отырып, "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің шығыс тармағының мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салып жатырмыз. Бұл бағытта жүк тасымалы көлемі айтарлықтай өсуде. Аталған үдерісте Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытының рөлі ерекше. Осы стратегиялық артерияның өткізу қабілетін алдағы бес жылда жылына 20 миллион тоннаға дейін арттыруды көздейтін жол картасына қол қойылды.

Аталған бағыттар біздің ынтымақтастығымызда маңызды орын алады. Алайда Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимыл ауқымы бұлармен шектелмейді — ол барлық мүмкін салаларды қамтиды. Екі ел үкіметтері алдына серіктестіктің алдыңғы қатарлы бағыты ретінде жоғары технологиялық жаңа салаларды дамыту міндеті қойылған. Дәл осы салалар болашақ экономикасының келбетін айқындайтын болады.

Астана мен Мәскеу арасындағы қатынастар бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші әсер етеді

Қазақстан мен Ресей үшін биылғы жыл маңызды мерейтойлық оқиғалармен ерекшеленді. Солардың ең маңыздыларының бірі – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – біздің халықтарымыз үшін ең елеулі тарихи белестердің бірі.

Белгілі болғандай, соғыс жылдарында әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды, олардың шамамен жартысы ұрыс даласында қаза тапты. Ал елде қалған миллиондаған азаматтар – қариялар мен балалар да – тылда аянбай еңбек етті.

Жеңіс мерейтойына орай Астанада ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған әскери парад өтті, ал бүкіл Қазақстан бойынша әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктеріне арналған жүздеген еске алу шаралары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар мен Қазақстан, Ресей және өзге де елдердің ерікті-іздеушілеріне шын жүректен алғыс айтқым келеді. Олар қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру үшін үлкен еңбектеніп келеді.

Біздің елдерімізді біріктіретін тағы бір маңызды тарихи белес – Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдық мерейтойы. Бұл кешен әлемдік ғарыш саласының бесігі әрі адамзат ақыл-ойының ұлылығын паш ететін символ ретінде әділ бағаланады.

Ондаған жылдар бойы Байқоңыр екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігінің берік діңгегі болып, ғылыми-техникалық прогрестің және болашаққа ұмтылыстың айғағына айналды.

Сондай-ақ біз 2005 жылғы 18 қаңтарда қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы Мемлекеттік шекара туралы шарттың 20 жылдығына зор мән береміз. Бұл құжат екі елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара мойындаудың мызғымас құқықтық негізі саналады. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны толық сеніммен "достық белдеуі" деп атауға болады.

Әрине, екі ел арасындағы "горизонталды" байланыстардың дамуына Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумының жыл сайын өтуі айтарлықтай үлес қосуда. Екі онжылдықтан астам уақыт ішінде бұл форум екіжақты қатынастарды нығайтуға арналған тиімді алаң ретінде өз орнын тапты. Биылғы форум Орал қаласында өтеді.

2024–2028 жылдарға арналған өңіраралық ынтымақтастық бағдарламасы қабылданғаны да маңызды қадам болды. Бұл бағдарлама саяси уағдаластықтарды нақты мазмұнмен толықтырып, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара тауар айналымын арттыру міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, гуманитарлық байланыстар да ерекше назарға лайық. Олар біздің халықтарымызды біріктіретін тірі жіптей рухани арқау іспетті.

Екі ел арасындағы берік достықтың тағы бір айғағы – биыл Астанада ашылған "Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық аллеясы". Ал жақын арада Мәскеуде "Қазақстан–Ресей достығы саябағы" пайдалануға берілмек.

Мұражайлар, кітапханалар, театрлар, көркем галереялар мен кинематограф саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Бірқатар бірлескен жастар, ғылыми және спорттық форумдарды өткізу жоспарлануда.

Ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылға айрықша мән берілуде. Себебі жоғары технологиялық жобаларды білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Дәл осы білім саласы жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде, білім басты капиталға айналған кезеңде, болашақтың зияткерлік іргетасын қалыптастырады.

Бүгінде Қазақстанда Ресейдің тоғыз жетекші жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары білім беру әріптестігі жаңа деңгейге көтерілді: Астанада МГИМО филиалы ашылды, ал Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – Ресей аумағындағы шетелдік жоғары оқу орнының алғашқы өкілдігі. Мұның мәні тек кадр даярлау мен академиялық байланыстарды нығайтуда ғана емес, сонымен қатар шын сенім мен стратегиялық жақындасудың берік көпірін орнатуда. Сонымен бірге Алматыда Ресейдің "Сириус" мектебінің филиалын салу туралы маңызды шешім қабылданды.

Мен әрдайым тілдік алуандылықты – біздің бірегей артықшылығымыз деп есептеймін. Қазақстанда ондаған мәдениет өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп, бірін-бірі байытып келеді. Ел ішінде орыс тіліне ерекше құрмет пен қолдау көрсетіледі, ол қоғамның әлеуметтік-саяси, ғылыми-білім беру және рухани өмірінің ажырамас бөлігі саналады.

Орыс тіліне қолдау көрсету біз үшін халықтар арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын кең ауқымды гуманитарлық өзара іс-қимылдың бір бөлігі. Сол себепті мен Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасын ұсындым.

Менің ойымша, Қазақстан жастары бірнеше тілді меңгеруі тиіс – қазақ, орыс, сондай-ақ ағылшын, қытай және басқа да тілдерді. Бұл – жаһандық әлемде табысқа жетудің маңызды шарты.

Қорытындылай келе, мен тағы да атап өткім келеді: Астана мен Мәскеу арасындағы қатынастар Еуразия кеңістігіндегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші әсер етіп отыр.

Біздің ынтымақтастығымыз жанды әрі серпінді сипатқа ие, ол уақыт сынына төтеп беріп қана қоймай, жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне икемді түрде жауап беруге қабілетті.

Әлем жаңа бағдарларды іздеп жатқан шақта, Еуразияға сенімді тірек қажет – саяси конъюнктураға тәуелді емес, ортақ мағына мен бір тағдырға негізделген одақтастық.

Қазақстан мен Ресей халықтары болашаққа ұмтылып, сонымен қатар тарихи және рухани тамырларына адалдық танытып келеді. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың Еуразия құрлығы үшін өркендеудің, қауіпсіздіктің және ынтымақтастықтың берік тірегіне айналатынына сенім ұялатады.

Президент білім мен ғылымға қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.

–  Бұл – шын мәнінде өте маңызды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, болжамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары және өкілдері Астанада бас қосып, пікір алмасып жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгін де академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ойларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы.

– Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды.

– Елімізде 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына салынады, яғни Қазақстандағы әр бала 18 жасқа дейін Ұлттық қордан қаржы алып тұрады. Аталған қаражатты мерзімінен бұрын қолдануға болмайды. Балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін жинақталған қаржыны баспана немесе білім алуға жұмсай алады. Сонымен қатар бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеде ата-аналардың ерікті салымы, мемлекет тарапынан бөлінетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс жинақталады. Жобалардың негізгі мақсаты – бір, бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, жастарға пайызсыз білім несиелері және түрлі гранттар берілуде. Жоғары білім беру саласының инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр, жаңа оқу ғимараттары (кампустар) бой көтеруде. Аймақтарда жоғары оқу орындарының жанынан студенттерге арналған жатақханалар салынуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.

– QS халықаралық рейтинг агенттігінің президенті Нунцио Квакварелли мырза өз баяндамасында бұл мәселеге кеңінен тоқталды, Қазақстан университеттерінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Біз ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, әріптестігімізді нығайта түсуге мүдделіміз, бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Сондай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласына салынған инвестиция Қазақстанның жарқын болашағына қарай жасалған қадам екенін, алдымызда экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс секторларын қалыптастыру, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізу және Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді.

– Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық болмысымыздың аса маңызды бөлігі деп айтсақ, қате болмайды. Бүгін спикерлер жасанды интеллектінің жаһандық ортақ прогресті өрге сүйрейтін жаңа қозғаушы күш ретіндегі рөліне баса мән берді. Шын мәнінде, осы бірегей технологияның арқасында адамзат алға қарай қарышты қадам жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп болжанып отыр. Бірақ жасанды интеллектінің дамуынан ең көп пайданы қай ел көреді? Бұл – өте қызықты сауал. Оны терең зерделеп, сараптау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегенімен, бұл мәселе адамзат келешегімен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

– Нәтижесінде Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Аталған бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық трансформация жасалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды.

– Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көптілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті, тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сондықтан әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады. Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.

– Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Маратұлы Исақаев баяндағандай, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздегі жоғары білім мен университеттегі ғылыми ізденістерге бизнес те белсенді үлес қоса бастағанын мәлімдеді.

– Мәселен, компанияларымыздың бірі Тараз қаласында Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалын ашуға қаржы бөлді. Тағы бір компания шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік аясында тау-кен саласына маманданған университет ашпақ. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) Астана филиалының қызметіне зор үміт артамыз. Танымал жоғары оқу орнына арнап бөлек ғимарат салынады. Соңғы жылдары Қазақстанның ірі бизнес өкілдері жоғары білім мен ғылымға көбірек қолдау көрсете бастады. Зерттеушілер мен өндіріс ошақтарының ықпалдастық жүйесі қалыптасып келеді. Жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда технологиялық трансфер кеңселерін құру осы бағыттағы перспективті қадам болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытады.

– Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым-білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді.

– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалар – жұртымыздың жарқын болашағына апаратын даңғыл жол. Сондықтан біз алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісін жалғастыра береміз. Осы маңызды миссияны орындауға стратегиялық серіктестеріміз, білім және ғылым ордалары ерекше үлес қосып жатқанын атап өткім келеді. Себебі Сіздер еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың ғылыми көкжиегін кеңейтуге, олардың әлеуетін арттыруға іс жүзінде атсалысып жатсыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының президенті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев сөз сөйледі.