RSS лента

Полицейлер әулеті қазақстандықтарды сүйсінтті!

  • 17.06.2024, 09:06,
  • 142
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turantimes.kz

Өндірісті өңір саналатын Атырауда бір емес, бірден үш буынға жалғасқан полицейлер әулеті тұрады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Отбасылық еңбек династиясы әрқашан дәстүрдің сабақтастығын сақтаудың бейнесі. Бір атадан туып, өсіп-өніп, берекелі ғұмыр кешкен, әрі бауырмалдық ізгі дәстүрлері берік қалыптасқан әулетте жауапкершілік пен жанкештілікті ту еткен полицейлер династиясы сирек емес. Сол секілді көпке үлгі болған тәртіп сақшылары династиясының іргесін қалаған адам ретінде толағай тұлға Тыл және ішкі істер органдарының құрметті ардагері милиция подполковнигі Сәлім Иманғалиев 1916 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1944 жылы Мақат аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілі , Мақат, Есбол, Жылыой аудандық милиция бөлімдерінің, облыстық күзет бөлімінің бастығы лауазымдарында абыроймен қызмет атқарған. ІІО ардагері адал еңбегінің арқасында абырой, беделге ие болып, полиция подполковнигі шенімен 1974 жылы зейнетке шыққан.

 

Қызметін аса байыптылықпен атқарған сала ардагері «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.

 

«Жақсының аты өлмейді» демекші ІІО және ҰҰ ардагерлері ҚК Атырау облыстық филиалының ұсынысымен құрметті ардагер Сәлім Иманғалиев құрметіне Атырау қаласындағы Махамбет көшесі 114-үйде мемориалды тақта ашылды.

 

Ақыл кеңестің, үлгі өнегенің сарқылмас кенішіндей болған өнеге мен тағылымға, әрі ғибратқа толы жүріп өткен әке ізін жалғап, «полицейлік династия» ұрпағын жалғастыруды жөн көрген Сәлім Иманғалиевтің ұлдары, немересі мен шөберелері құқық қорғау саласына келген.

 

Соның бірі Ішкі істер органдарының ардагері полиция полковнигі Кеңес Сәлімұлы Нұриденов. Әкесінің жолын қуған ардагер полицей 1981 жылы қалалық Ішкі істер бөлімі бастығының саяси бөлім бойынша орынбасары қызметінен бастап, ІІД бастығының орынбасары лауазымына дейін ұзақ жылдар қызмет атқарған. 30 жылға жуық құқық қорғау қызметінде еңбек еткен құрметті ардагер полковник шенімен зейнетке шығады.

 

Әке жолын өзіне темірқазық еткен Кеңес Сәлімұлынан бөлек өзінің немересі Адлан Бағдатұлы Нұриденов Атырау облысы полиция департаментінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл болып қызмет атқарып келеді. 2018 жылы Ішкі істер органдарына келген ол Криминалдық полиция және Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл лауазымында қызмет атқарған. Жауапты саланың қазанында қайнап келе жатқан Адлан еңбекқорлығы мен кәсібилігінің арқасында қызметінде жоғары көрсеткіштерге ие болған. Мәселен, жедел іздестіру іс-шарасын өткізу кезінде Атырауға есірткі сатуға келген 21 және 25 жастағы Тараз қаласының тұрғындарын ұстаған. Олардың тұрғын жайын тексеру кезінде 1 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, Атырау қаласы аумағында сату үшін жасырын тыққан 300-ден астам орамаға оралған синтетикалық есірткілерді анықтап, қылмыстың жолын кескен. Өсер елдің баласы әкеден де асып түсер демекші полиция капитаны Адлан аталарының үлгілі еңбек жолын серік етіп, ел тыныштығын қорғау жолында еренбей еңбек етіп келеді.

 

- Құқық қорғау саласында абыройлы еңбек еткен құрметті тұлға ретінде атамның салмақты бейнесі, өнегелі жолы менің осы салаға келуіме себеп болды. Осыдан болса керек, жұмысымызға адалдық пен мамандығымызға деген сүйіспеншілік қанмен берілген қасиет деп ойлаймын. Ішкі істер органында ізін қалдырған ардагер аталарым секілді біз де қоғамға өзіміздің еңбегімізді сіңіргіміз келеді, – дейді полиция капитаны Адлан Бағдатұлы.

 

Сондай-ақ, мұнайлы астанада бір полиция бөлімінде үш ағайынды қызметкер жұмыс жасайтынын бірі білсе, бірі білмес. Отбасылық еңбек династиясы ол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Атырау облысы полиция департаментінде еңбек ететін үлгілі полиция династиясы аз емес. Алайда, бүгінгі әңгімемізге арқау болған тақырып бір отбасының балалары туралы. Бір емес екі бауыры әпкесінен үлгі алып, оның жолын қуып, қазіргі таңда ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп жүр.

 

Айгерім Абенова Болатбекқызы - полиция подполковнигі. 2004 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін тәмамдап, 2005 жылы Ішкі істер органдарына қызметке орналасады. Ол алғашқы еңбек жолын Атырау облысы Құрманғазы ауданында Тергеуші лауазымында бастайды. Тағдырдың тәтті жазуымен осы кезде Айгерім болашақ жары Фархат Ислямовпен бірге қызмет атқарады. Бір қызығы, олар университет қабырғасында да бірге оқыған. Сөйтіп, бірі тергеуші, бірі жедел уәкіл Құрманғазы ауданындағы қызметте сөз байласып, отбасын құрады. Бүгінде 4 қыздың ата-аналары. Айгерім тергеуші болуды бала күнінен армандайды, алайда, ата-анасы қарсы болады. Алайда, ол өзінің қайтпас қайсар мінезі, ерік-жігерінің күшімен көп еңбектеніп, өз арманына жетті. Айгерім қазіргі уақытта Атырау қаласы полиция басқармасының Тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі. Қылмысқа қарсы күресте қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін Ішкі істер министрі бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалінің, II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің, II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісінің, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері.

 

- Тергеу саласы өте жауапты сала, мұнда біз кез-келген қылмыстың жан-жақты тергелуіне бар кәсібилігімізді саламыз. Өйткені тергеуші жан-жақты болуы керек. Менің Ішкі істер органдарында қызмет атқарғаныма 20 жылдай уақыт болды. Тергеуші болуды мен бала күнімнен армандаған едім, міне сол арманыма жеттім. Алғашында ата-анам бұл ойымды құптамай, қарсы болған еді. Алайда, бүгінде олар білікті маман болғанымыз үшін бізді мақтан етеді. Артымнан ерген бауырларым өз кәсіптерінің мамандары, Тергеу басқармасы саласында жеткен жетістіктері жетерлік. Екеуі де бірнеше марапаттарға ие, қызметтерінде алдыңғы қатарда көрініп жүр. Өзімнің осы кәсіби салада жиған-терген бар ақылымды бауырларыммен бөлісіп отырамын. Себебі, біз барлығымыз осы бір салада қызмет етеміз, - дейді, Айгерім Абенова.

 

Ал сіңілісі Ботагөз "әпкемнің жолын қуып полицей болдым" дейді.

 

- Менің Тергеу саласына келуіме себепкер болған бірден бір кісі ол – апам Айгерім. Себебі, оның киім-киісі, жүріс-тұрысына, формасына қарап, қызығып бой түзегенім жасырын емес. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады, соның бірі мамандық таңдау екендігі баршаңызға мәлім. Мен өз таңдауымнан қателеспедім. Және мен үшін тергеу саласына келуімнің ең сәтті жері - бұл осы салада қызмет атқаратын апамның бары. Ол менің өмірдегі ең үлкен тәлімгерім, - дейді ол.

 

Ботагөз Абенова Болатбекқызы 2013 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде құқықтану мамандығын тәмамдап, 2014 жылдан бастап Ішкі істер органдарына қызметке кіріскен. Бүгінде Атырау облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасының аға тергеушісі полиция майоры, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісінің иегері.

 

Апалы-сіңілі Абеновалардың інісі Ғайниев Ернар Маратұлы да осы салада қызмет етеді. 2017 жылы Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғарғы колледжін, 2021 жылы ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітірген. Ол Атырау облысы Құрманғазы ауданы Тергеу бөлімшесінің тергеушісі лауазымында қызмет атқарады. Шені- аға лейтенант. Ішкі істер органдары саласында қылмыстық күреске қарсы қызметі үшін ҚР ІІМ-нің Алғыс хатымен марапатталған.

 

- Менің Тергеу саласында қызмет атқарып жүргеніме 3 жыл болды. Ең алғаш департаментке аяқ басқаннан бастап, маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін сездім. Өйткені, бұл жерде менің екі бірдей бауырым қызмет атқарады. Олардың бірі полиция майоры болса, бірі полиция подполковнигі. Олардың атына кір келтірмей, бар күш-жігерімді салып, мінсіз қызмет атқару мен үшін екі есе міндет. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие –бұл болашақ кепілі. Себебі, жақындарыңыздың қолдауы кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі. Әрбір қазақстандық отбасының өркендеуімен біздің Қазақстанымыз, біздің Отанымыз нығая берсін, – деп Ернар Ғайниев жылы лебізін білдірді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости