28 қазан сағат 12:10 шамасында Исатай аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына 101 абонеттік номерінің операторы 1976 жылы туған аудан тұрғынының 3 күн бұрын Айбас елді мекенінде мотоциклмен мал іздеуге шығып, қайтып оралмағаны жөнінде хабарлаған. Аталған хабарлама бойынша Исатай аудандық полиция бөлімі жедел тергеу тобының қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізген. Жақын туыстарынан түсінік алған кезде азаматтың мүлдем ішімдік ішпейтінін, денсаулық жағдайының жақсы, ешқандай есепте тұрмағанын, сондай-ақ бұрын хабар ошарсыз кету дерегі орын алмағанын анықтаған.
Хабар ошарсыз кеткен азаматтың көк түсті «Ұлар250кб» маркалы мотоциклінің жанар жағармайы таусылып, оқиға орын алған жерден шамамен 30-40 шақырым қашықтықта Атырау қаласы бағытында табылған. Исатай аудандық полиция бөлімі жедел-тергеу тобының екі күнге созылған іздестіру шаралары нәтижесінде 30 қазан күні кинолог мамандар азаматтың Исатай ауданынан 270 шақырым жерде орналасқан Батыс Қазақстан облысы Жаңқала елді мекенінен аман-сау тапқан.
Қазір 47 жастағы азаматты Исатай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Данияр Бимұханов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері арнайы тікұшақпен ауданға жеткізген. Іс-түссіз жоғалған азаматтың айтуынша үйге қайтар бағыттан жаңылып кері қайтуға жолдан адасып кеткен. Осылайша бір жолдың ізімен жүре беріп, Исатай ауданынан ұзап кеткенін жеткізген.