«Жылыой аудандық полиция бөліміне 11 ақпанда күндізгі сағат 10:35 шамасында Жем селолық округіндегі шаруа қожалығында жұмыс істейтін 76 жастағы ер адамның жоғалғаны туралы хабар түсті. Өріске 150 қойды бағуға шыққан егде адам қайта оралмаған. Сол күні полицейлер мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері егде жастағы адамды іздеуді бастады» делінге Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тура бір тәуліктен кейін Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин жоғалған азаматты 12 ақпанда сағат 11:00-де «Асан-Кеткен» қырынан тапты (Яғни, шаруа қожалығының қыстағынан 15 шақырым жерден. Авт.).
«Шынымды айтсам, жоғалған қарияның туыстары алғыс айтар деп күткен жоқ едім. Өйткені, қиналған адамдарға қол ұшын созуды міндетім деп санаймын. Сондықтан, мақсатым – жүрек қалауыммен таңдаған қызметімді, өзіме жүктелген міндетті абыроймен және адалдықпен атқару» дейді полиция инспекторы.