Атырау қаласы жедел басқару орталығының «102» пультіне Вокзал маңы-5 ықшам ауданындағы микронесиелер кеңсесіне қатысты тонау фактісі туралы хабарлама келіп түсті.
«Маска киген күдікті касса қызметкерін пышақпен қорқытып, ақшасын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция және Қалалық полиция басқармасы қызметкерлері күдіктіні 10 сағат ішінде ұстады. Ол бұрын сотталған Жылыой ауданы Құлсары қаласының 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында күдіктінің іс-қимыл жоспарын алдын-ала ойластырғаны белгілі болды. Ол аталған мекеменің бейнебақылау жүйесімен жабдықталмағанын және күзетші жоғын білген» деп түсінік берді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз-қызметі.
Қазіргі таңда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 192 бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп- тексеру жүргізілуде, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.