Жоғалған бала Атырау қаласының маңындағы Еркінқала-2 кентінде тұрған. Ол кеше, кешкі сағат 18:00 шамасында із-түссіз жоғалған.
«Іздестіру кезінде бала тұрған ауданның барлық маңы тексеріліп, жергілікті тұрғындардан сұрастырылды. Жайық өзенінің жағасынан велосипед пен баланың заттары табылды. Ал, сағат 8:10-да департаменттің Жедел-құтқару жасағының бес қызметкері, бір техника, бір кинологиялық құрам, 1 қайығымен Жайық өзені тексерілді. Өкінішке орай жоғалған баланың өлі денесі өзеннің суға түсуге жабдықталмаған жерінен табылды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында отыз жастағы жігіт суға батып кеткен еді. Ал, бүгін Атырау облысының Қызылқоға ауданында 48 жастағы ер адам суға батып кетті. Тағы да Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, кеше, 11 маусымда кешкі сағат 18:07-де Миялы ауылынан 25 шақырым жердегі Ойыл өзенінде 1972 жылы туған ер адамды іздеу жұмысы басталған. Соңғы мәлімет бойынша, ол арнайы жабдықталмаған жерде шомылып, суға батып кеткен. Іздестіруге төтенше жағдай қызметінің бес қызметкері, бір техника мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
«Кеше кешкі сағат 19.30-да суға батып кеткен адамның денесі табылып, жағаға шығарылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.