Арман Қайырденов 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген, инженер-химик-технолог біліктілігі бар. 2003 жылы РФ Үкіметі жанындағы Халық Шаруашылығы Академиясынан мұнай бизнесі мамандығы бойынша білім алып шыққан.
Еңбек жолын 1993 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында Технологиялық қондырғы операторы ретінде бастаған. Зауытта әртүрлі лауазымда13 жыл жұмыс істеп келген.
Сондай-ақ, әр жылда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу департаменті директорының орынбасары, Rompetrol Rafinare S. A компаниясының бас директорының орынбасары, бас директоры лауазымдарын да атқарған.
2012-2013 жылдары «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры болды. Ол кезде Арман Қайырденов Талғат Байтазиевтің орнына келген болатын.
2020 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу және мұнай-химия департаментінің директоры болып еңбек етті.
Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысында қаражатты жылыстатуға байланысты көптеген сұр схема бар екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол Үкіметке «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау МӨЗ-ін жоспардан тыс тоқтату жағдайына кінәлілерді жазалау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ауыс-түйіске де сол себеп болуы мүмкін.