Дүниеге дені сау болып келген кейіпкеріміз елмен қатар білім алып, жұмыс жасағанын айтады. Сөйтіп, Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп, 2007 жылы отбасын да құрған. Содан соң теміржол саласына жұмыс ауыстырған екен.
– Машинист болып жұмыс жасап жүрген уақытымда қатты ауырып қалдым, - дейді ол. – Бұл 2011 жыл болатын. Күтпеген жерден инсульт алып, екі аяғым мен екі қолым тартылып, жұмыс жасамай қалды. Бір жыл төсек тартып жаттым. Орнымнан қозғала алмадым. Жұбайым Динараның көмегі көп болды. Жұбайымның күтімі, дәрігерлердің көмегі арқасында қоларбаға отыратын жағдайға жеттім. Ол кездегі ішкі жағдайымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ешқайда шыққым келмейтін, адам баласын көргім келмейтін. Бірақ, Динарамның табандылығының арқасында, қоғамға қайта сіңе бастадым. 2015 жылы көлігімді Ресейдің Астрахань қаласына апарып, тетіктерін қолмен басқаратындай етіп, қайта жасаттым. Сөйтіп, такси тасымалымен айналыса бастадым. Қазір аудан ішіне жолаушыларды тасымалдап жүрген жайым бар. Әлі күнге дейін көлікке жолдасым көтеріп мінгізіп, көтеріп түсіреді. Алға қарай автокөліктің электр жабдықтарын қарайтын техникалық қызмет көрсету орнын ашу жоспарымда бар. Өмір – сынақ. Сынақтан өтудің екі жолы бар. Біріншісі – ештеңе істемеу, екіншісі - тәуекел етіп, әрекетке көшу. Әрекет түбі – берекет.
Ендеше, бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп жатқан Әжіғалиевтер отбасына береке мен бақыт тілейміз!