Қыз баланың осы өмірге келгендегі басты міндеті – отбасының берекесі атануы маңдайына жазылған борыш десек те, көшке ілесіп тірлік ету заман талабы. Оған жоғары табандылық пен қайсарлықты, өжет мінез бен жауапкершілікті қажет-ақ. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы нәзік жандылар қатарына, қала тыныштығын қамтамасыз етіп, жұмысымен бірге спортты да қатар алып жүрген жанұясында аяулы ана, асыл жар, ибалы келін - Фаиза Азидоллақызы Әділбаеваны ерекше атап өтуге болады.
– Менің бала кездегі арманым орындалды. Отбасымда бес ағайындымыз. Осындай жауапты да қиын қызметке келуіме менің табандылығым мен қайсар мінезім себепкер болды. Тәртіпке бағынғандардың, шынайы болғандардың жағындамын. Дегенмен, бірінші кезекте отбасым – басты байлығым, солардың қолдауының арқасында қызметті абыроймен атқарып келемін, ата-енем алдындағы келіндік міндетім де – кез-келген шеннен жоғары, - дейді, полиция капитаны Фаиза Азидоллақызы.
Ол 1992 жылдың 29 қазанында Атырау облысы Дамбы ауылында дүниеге келген.
Бала кезінен өжет болған Фаиза Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде 2010-2013 жыл аралығында тәлім алып, 2013-2015 жылдары білім жолын Қазақ спорт туризм академиясында шыңдап, жақсы үлгеріммен тәмамдаған.
Ол алғашқы еңбек жолын 2015 жылы 15 қазанда Ақтөбе заң институтында Дене шынықтыру кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Бүгінде ол самбо, күрес спорт түрлерінің шебері болып отырған нәзік жанды тәртіп сақшысы. Бала күннен өзін спортқа баулыған Фаиза дзюдо, қазақша күрестен спорт шебері атағына ие. Қарсыласынан оза шауып, 2015 жылы қазақша күрестен Азия чемпионы атанып, бірнеше мәрте көк туымызды биік шыңға көтерген аруға қанша мақтау айтсақ та аздық етеді. Бір ғана жеңісімен шектелмей, Фаиза Қазақстан Республикасының Қызылорда қаласында өткен чемпионатында 1 орынды өз қоржынына иеленді. Ал сондай рухты болып тәрбиелеуде, өңе бойы шыныққан спорт саласына келуге негізгі себепкері ардақты әкесі болған.
Оның бүгінгі таңда атқарып отырған міндеті Атырау облысы Индер ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы. Жасөспірімдермен тыңғылықты қызмет атқарып, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын атқаруда. Өзінің ашық та жайдары, көпшілікпен тез тіл табысқыш мінезі қызметіне көп көмегін тигізетінін де жасырмайды. Неғұрлым сыпайы, әрі ақкөңіл болсаң, адамдардың да саған деген сенімі арта түседі дегенге көзі жеткен. Ішкі істер органында жұмыс істейтін кез келген маманның жұмысы қауырт екені мәлім дүние. Ал, кәмелетке толмаған жасөспірім балалар жұмысы көп жауапкершілікті талап етеді. Десе де, капитан шенді Фаиза қыз бұған мойымақ емес. Қайта шыныққан сайын шыңдала, тәжірибесі толыға түсетінін айтады.
Күнделікті қызметінде таң атқаннан түн жарымға дейін болатын Фаиза полиция қызметін таңдағанына еш өкінбейді. Әулетінде алғашқы шенді қызметті мойнына алғанын мақтан тұтып, оны адал атқаруға бел буған. Ал мамандығына деген сүйіспеншіліктің болуы міндетті түрде өз қызметін мінсіз атқаруға жеткізетін басты қағида.
Уақытпен санаспай елге қызмет етуге асығып бара жатқан Фаиза биік белесінің алда екенін жақсы сезеді.
Біз өз кезегімізде жауапкершілік жүгін арқалай білген аруға қай істе де сәттілік серік болсын тіледік.