Күйсандықтың құлағында ойнаған өнерпаздың Алматы-2 теміржол вокзалындағы қарапайым жүк тасушы екені белгілі болды. Ғаламторда көпшіліктің назарын аударған видеода фортепианоны шеберлікпен ойнаған ер адамның аты-жөні – Бақтияр Исаев. Дарынды жігіт Жетісу облысы Ескелді ауданы Жастар ауылының тумасы екен. Ол хитке айналған бейнероликтің әлеуметтік желіге қалай тарап кеткені туралы айтып берді.
"Осы теміржол вокзалының жанында қонақүй бар. Сол жерде анда-санда пианиноны сағынып ойнаймын. Соңғы 3-4 жылда жұмысым жоқ кезде сол жерге барып фортепиано ойнаймын. Сол жерде қонақүйге келгендер телефонға түсіріп, "О, сіз қалай күшті ойнайсыз" деп айтады. Бір күні фортепиано ойнап отырғанда Ирина деген орыс қыз видеоға түсіріп, соны ғаламторға жіберіпті. Солай желіге тарап кетті", – дейді Бақтияр Исаев.
Желі жұлдызына айналған өнерлі ер адам кезінде Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында біліп алып, кейін Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыкалық факультетінде "фортепиано" мамандығы бойынша оқыған. Ол мультиинструменталист, яғни 7 музыкалық аспапты жетік меңгерген екен.
"Негізі мектепте екі жыл мұғалім болдым. Ол жерде оқушыларымды көтеріп, осы Алматыға конкурсқа алып келдім. Оқушыларым бірінші, екінші орындарды алды. Бірақ айлық аз болды да ол жұмысымнан кетіп қалдым. Музыка саласында немесе мейрамхана, кафелерде жұмыс істейін десем, еш жерде танысым жоқ. Оркестрлерде, филармонияда жұмыс іздеп көрдім, бірақ "орын жоқ" дейді. Содан кішкене көңілім қалып қалды. Сондықтан амал жоқтан осы Алматыдағы теміржол вокзалында жүк тасып, жұмысымды бастап кеттім. Табысым көп емес, таң атқаннан кешке дейін жүремін, күнделікті 5-6 мың теңге табамын. Оған да шүкір дейсің әйтеуір", – дейді жүк тасушы.
Бақтияр Исаев дәл қазір ресми түрде ешбір жерде жұмыс істемейді. Cондай-ақ
1981 жылы дүниеге келген өнерпаз 40 жастан асса да әлі шаңырақ көтеріп, сәби сүймегенін айтады.
"Ендігі арманым – отбасын құрып, бала-шағалы болу. Өмір жолында түрлі қиындықтар болған. Қазір ішімдік ішуді, бәрін қойдым. Дұрыс жолға түстім. Жақсы жұмыс тауып, сол жерде өлең айтсам. Негізі өлең де жазамын, композиторлық қабілетім бар. Негізі армандарым көп. Мамандығым бойынша жұмысқа кіргім келеді", – деп сөзін түйінді талантты ер адам.
Айта кетейік, отандық эстрада жұлдыздары әнші Ерболат Құдайберген, Зарина Омарова және "Азия" тобының экс-әншісі Азамат Тахиров дәл осы Бақтияр Исаевтың бала кезден бірге оқыған сыныптастары екен. Бірақ бүгінде олармен араласпайтынын, тек теледидардан ғана көретінін айтты.