Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AsiaOne сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен әкемнің жылағанын бірінші рет көрдім", - деп жазды TikTok қолданушысы Кайли Йео.
Ол AsiaOne-ге берген сұхбатында неке қию рәсімінің 2021 жылы пандемия кезінде болғанын айтты. Кадрларда қалыңдық әкесімен бірге күйеу жігіттің жанына барады. Қызын күйеу жігітке бермес бұрын әкесі күйеу баласына ескерту жасайды.
"Егер бір күні ойыңды өзгертіп, қызымды сүймейтініңді түсінсең, оны ренжітпе. Тек оны алып кел де, маған бер", - дейді келіншектің әкесі видеода.
Бейне бірден желіге тарап кеткен. Ол 11 миллионнан астам қаралым жинаған.
Қалыңдық басылымға берген сұхбатында әкесінің эмоционалды сөйлегеніне таңғалғанын және видеоның соншалықты тарап кететінін күтпегенін айтты.
"Мен бұл жайды Әкелер күніне арналған пост ретінде жарияладым. Әкемнің жылағанын бірінші рет көрдім. Бірақ мен бұл сәтті бағалаймын. Өйткені ол маған деген сүйіспеншілігін көрсетті. Осы видеоны көргенде немесе басқа тойларға барғанда осы сәтті есіме түсіріп, көзіме жас аламын", - дейді бойжеткен.