– Мені батагөй қария ретінде жұрт жақсы таниды. Арнайы алдыма келіп бата сұрайтындардың ішінде қара да бар, хан да бар. Сізге Атырау облысының басшыларымен болған бір-екі оқиғаны баяндап берейін. Кезінде осында Нұрлан Ноғаев аймақ басшысы болған кезде менен бата алған болатын. Алақанымды жайып, ізгі тілегімді арнадым. Риза болған әкім қой сойып, алғысын білдірді. Көп кешікпей ол еліміздің Энергетика министрі болды, - дейді ол.
Ақсақал тек бата беріп қоймай, сол батада айтқан тілектері орындалмай қоймайды екен. Бұған жергілікті тұрғындардың бәрі де куә. Осы орайда, қарияның тағы бір әңгімесі сөзімізге дәлел бола алады.
– Облыс әкімі болмай тұрып Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған азаматқа (Этикалық сеебпке орай атын атамағанды жөн көрдік. Авт.) менің бата бергенім бар. Ағымнан жарылып, жас та болса бас бола білген азаматқа ыстық ықыласымды батамен жеткіздім. Кейін оған «үстіндегі бешпетіңді берсең де жетеді» деп қолқа салдым. Бірақ, ол олай жасамады. Артынша министрліктен түсіп қалды. Демек, батамен ойнауға болмайды деген сөз. Қазақ халқы о заманнан бері үлкендердің батасына айрықша мән берген.Сондай-ақ, батаны кез келген жасы келген адамнан емес, өмірден көргені мол, түйгені зор, ғибратты ғұмыр иесінен сұраған. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақал бар. Сондықтан біз секілді ақсақалдар кейінгі ұрпақтың санасына нақыл сөздерді сіңіруге міндетті. Атадан балаға аманат болып келе жатқан әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Жаһанданудың жөні сол екен деп, ауызға келген сөзді айтып, ойға келген нәрсені жасауға болмайды. Қазақ бұрыннан сөзге тоқтаған халық. «Сөз сүйектен де өтеді» деп бекер айтылмаса керек, - дейді ақсақал.