RSS лента

Ұлттық құрылтайға дайындық қалай?

  • 09.03.2024, 11:39,
  • 346
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының  ұғынықты жалпақ тілде «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес» деп маңыз беруінің де себебі осы, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі. 

Бұл туралы "Atyray" газеті жазады. Атыраудан Алтайға дейінгі ұланғайыр даласы бар, Алтайдан қарт Каспийді қамтыған қазақ мемлекеттігін сақтап, дала демократиясын қалыптастыруда Ұлттық құрылтайдың жөні бөлек. Ұлттық қоғамдық кеңесте ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселелері көтерілсе, ал Ұлттық құрылтайдың талқылау тақырыбы жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан ары дами түсуіне қатысты ұзақмерзімді сипаттағы мәселелерді қамтиды. «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады» деген  Президент Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын ел тарихында айрықша орны бар, жеті ханның ордасы Сарайшық деп аталатын шежірелі аймақта өткізуді ұсынды.

 

Топырағын түртсең, тарих болып түрегелетін көне қалаға кешенді зерттеу жұмыстары да қолға алынып, жандана бастады. Білуімізше, үшінші Ұлттық құрылтайға дейін Сарайшықта ашық аспан астындағы музей жасақталады екен.

 

– Биыл Атырау өңіріне ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қасым ханның ескерткішін қою жоспарлануда. Ескерткіштің үздік жобасын анықтау үшін pеспубликалық ашық конкурс жарияланды. Келіп түскен жобалар Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, үздік деген жобалар pеспубликалық монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияда қаралады. Ескерткішті Ұлттық құрылтайға дейін аяқтауға мүдделіміз. Жоспар бойынша оны республикалық маңызы бар жолдың Сарайшық ауылына бұрылатын тұсындағы жерге орналастырғымыз келеді. Өңірдің туристік келбетін арттыруға да себеп болары анық, – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бұл жұмыстарды болашақтың еншісіне қалдырып, ал ескерткіштің эскизі талқылауға жіберілгенін жеткізді.

 

Әлқиссасында, Қасымхан бас қала деп есептеген, басынан 7 ханның дәурені өткен көне Сарайшықта дүниеге келіп, қасиетті шаһардың тылсым аңызға толы ауасының жұпары сезіле қоймаған кезде балалық шағын өткізіпті.

 

Иә, «Сарайшық» дегенде елеңдемейтін жан жоқ шығар. Өйткені, сонау бағзы замандарға бастайтын тарихтың бір ұшы міндетті түрде Сарайшыққа байланады. Бабалардан қалған естеліктерде Сарайшықтай құт мекен, жерұйық тек ертегіге лайықты болса керек. Алтын мұнаралары күнмен шағылы­сып, орыс­тар Мәскеуде ғана бар деп есептейтін Кремльдің түпнұс­қа­сы – әсем қорған-қоршауымен ерек­ше­ле­­ніп, көркем сарайларымен, керемет мон­шалары, ғажап құрылысы­мен жарқыраған Ақ Жайықтың жа­ға­сындағы алтын шаһарды ертегі демей не десін! Рас. Сарайшықтағы өлкетану музейіне барған кезде ондағы аңыз бен тарихқа қанығып, сол дәуірге сапарлап қайтқандай болған едік.

 

Мұндағы археологиялық барлау, қазба жұмыстарынан да көптеген жәдігерлер табылып жатқанын естіп жүрміз. Бұрын кездеспеген, бояуы, жасалу техникасы ерекше дүниелер де бар көрінеді.

 

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың айтуына қарағанда, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы үшін өткен жыл табысты жыл болған. Мәселен, археологиялық қазба жұмыстары мен далалық барлау экспедицияларының бірінде Сарайшық–Үргеніш бағытынан жаңа керуен-сарайдың орны анықталыпты. Оған Күліш деп ат берілген. Керуен-сарайдың аумағы 40х40 м жетеді деседі.  

 

– Осыдан екі жыл бұрын басталған №1 қазба орында «Бозоқ» музей-қорығы қазба жұмыстарын жалғастырып, ортағасырлық тұрғын үйлер орны тазаланды. Сонымен қатар, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі 3000 ш.м. жерге  ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Қазба барысында жаңа нысандар, бірнеше құнды жәдігер анықталды. Мысалы, №2 қазбадан көше орны және Сарайшықтан бұрын-соңды кездеспеген «онгон» деп аталатын жәдігер табылды. Онгон – ислам діні Орта Азияға келгенге дейінгі діни наным-сенімдерде қолданылған бұйым. Олай болса, Сарайшықтың – діни орталық болғанына күмән жоқ. Сондай-ақ, №2 археологиялық қазба жұмыстары барысында 45 нумизматикалық жәдігер анықталды. Олардың арасында Сарайшықта соғылған Мурид хан және Ақсақ Темір соғылымдары кездеседі. Ал, №3 археологиялық қазба нысанынан 52 нумизматикалық жәдігер табылғанын айтуға болады. Нумизматикалық жәдігерлерді нумизмат П.Петров және музей-қорық ғылыми қызметкері Ж.Байғалиев тазалап, оқыды. Кейін №3 қазбаның батыс жағынан монша табылды. Монша 3 бөліктен: киім шешетін бөлме, жуынатын бөлме және пештен тұрады, – деген Әбілсейіт Қапизұлы қазбамен қатар қайта қалпына келтіру жұмыстары бірге жүріп отырғанын да жеткізді.

 

Яғни, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» РМК-ы ортағасырлық Сарайшық қаласы аумағындағы батыс қақпасы және қазба барысында табылған тұрғын үйді қалпына келтіріпті. Туристерге арналған батыс қақпаның көлемі ұзындығы 18 метр, ені 11 метр, биіктігі 7 метр.  Қақпа есігі ағаштан жасалған, темір оюлармен әсемделген. Екі бөлме жасақталған екен, оның бірінде күзет отырса, екіншісі кәдесыйлар сатуға арналған дүкен болады. Қақпаның жоғарғы жағына көтерілу үшін сатылар салынған. Онда садақ жебемен оқ ату мақсатында қалдырылған арнайы атыс ойықтары да бар.

 

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры Әбілсейіт Мұқтардан білгеніміздей, сонымен бірге, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, т.ғ.к., археолог Андрей Пушкаревпен бірге ортағасырлық Сарайшық қаласы, Күліш керуен-сарайы, Қарағайлы мекені, Ащысай мекені, Канал тұрағы аумағында магнитометриялық түсірілім жасалған екен. «Қарағайлы мекені мен Ащысай тұрағына барлау экспедициясы ұйымдастырылыпты. Белгілі ғалым, мата реставраторы Т.Крупа Қарағайлы мекеніндегі кесенеден табылған мата қалдығын зерттеді. Болжамды кезеңін, өнімнің шыққан жері, құрамы туралы мәліметтері бар деректер келтірілді» деген ол Ұлттық құрылтай кезінде зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған тұрғын үйлер мен маталарымен, Сарайшықтың өзгешелігін көрсететін жәдігерлермен келген қонақтарды таңғалдыратындарын айтты.

 

Махамбет ауданы Сарайшық ауылы «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында орналасқан сапар орталығының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Хан ордалы Сарайшықтың төрінде ашылған сапар орталығы көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарына мүмкіндік беретінін айтқан еді. Сапар орталығы еліміздің ғана емес, күллі әлемнен келген туристерге жағымды жаңалық, қолайлы жағдай туғызатынына сенім мол. Өйтпегенде ше, сапар орталығының ішінде Сарайшық қалашығының, Алтын Орданың тарихын туристерге түсіндіру бағытында жасаған нақты қадам. 

 

– Атыраулық әр азаматты Сарайшықтың тағдыры алаңдатады. Өзіміз Жайық жағасында өсіп, ескі қаламыздың жағдайын ойлап, қашан осы жерде тарихи нысан бой көтереді екен деген ойда болдық. Осыдан 20 жыл бұрын мұражай салынса, жеті жыл бұрын жаға бекіту жұмыстары жасалды. Міне, сол жұмыстардың жалғасы ретінде үлкен сапар орталығы ашылды. Бұл туристік нысан тарихи ағарту, яғни ғылыми жұмыстарға бағытталатыны сөзсіз. Осы орталықтың пайда болуы қазба жұмыстарын қайта жалғастыруға, Сарайшықтың әлі де ашылмаған тарихын зерделеуге үлкен серпін болары сөзсіз. Бұл – өңіріміздің ғана емес, еліміздің тарихындағы үлкен жаңалық,- деген болатын  Ж.Бисембиев. 

 

Тағдырлы тарихымен ғана төрткүл дүниенің назарын бұрған көне шаһар түрленіп, түлеп келеді.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости