RSS лента

Ұлттық құрылтай не үшін құрылған?

  • 08.08.2023, 12:34,
  • 481
  • 0
  • Автор:
Автор фото: egemen.kz

Атыраудан алтайға дейінгі ұланғайыр даласы бар, алтайдан қарт каспийге дейінгі алып аумақты қамтыған қазақ мемлекеттігін сақтап, дала демократиясын қалыптастыруда ұлттық құрылтайдың жөні бөлек, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның ұлттық қоғамдық кеңестен айырмашылығы сол, мұндағы пікірталас тақырыбы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесін көтерсе, ұлттық құрылтайда талқылау тақырыбы жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан ары дами түсуіне қатысты ұзақ мерзімді сипаттағы мәселелерді қамтиды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы да ұғынықты жалпақ тілде жеткізгені бартын, яғни «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды...» - деген еді.

 

Естіп, білуімізше, «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге келеді екен. Құрылтай – түркі-моңғол халықтарының белгілі бір мемлекеттік мәселелерді шешу кезіндегі ақсүйектердің ресми кеңесі. Бұл құрылтай сөзінің түбірі «құрыл» – моңғолдарда «қорал», оның да түбірі бар «құр» немесе «қор» деген, яғни «жиналу» – белгілі бір нәрсенің, біреулердің жиналуы. Яғни бұл мемлекетке, жалпы халыққа қатысты үлкен, ірі мәселелерді, ірі шешімдерді қабылдауда үлкен жиын болып, құрылтай жиналады екен. Бұл негізінен хан сайлауы кезінде немесе жауланған жерлерге иелік ету болсын, әскери жорықтың негізгі жоспарын бекіту, әскербасын тағайындау сынды ірі-ірі мемлекеттің мәселелерін шешуге ұйымдастырылған ұлы жиын екені айтылады.

 

Ұлттық құрылтай не үшін құрылды? Ол «қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналуды мақсат тұтады» делінеді жазбаларда. Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық құрылтай мүшесі Вадим Басин ақпарат құралдарына берген сұхбатында қазіргі құрылтай бұл жәй айтып, оны орындамай қоя салатын жиын еместігін алға тартады.

 

«Сол айтылған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратын, жол көрсететін орынға айналып отыр. Мәселен, бүгінге дейін өткен құрылтайларда тек мәдениет, ғылым тақырыбы емес, елдің тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жолдарды жөндеу, ауылдарды ауыз сумен қамту сияқты өзекті мәселелер де сөз болды. «Халықтың күнделікті өмірін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек?» деген проблемалар қамтылды. «Өскелең ұрпақтың тәрбиесін қайтсек жақсартамыз?» деген мәселелер де айтылды. Әрине ол бүгін-ертең шешіле қоя салатын шаруа емес. Оған ел болып атсалысуымыз керек», - дейді.

 

Жалпы, сарапшылар да Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан жылға артып келе жатқанын жиі айта бастады. Айтуларынша, салмақты жиында тек мәселе айтылып қана қоймайды екен. Оны шешудің жолдары да қарастырылады. Әрине, нәтижесі де байқағанымыздай, азаматтардың ұсыныс-пікірін айтатын ашық алаңға айналып келеді. Бұл ретте, әсіресе, зиялы қауым өкілдеріне зор жауапкершілік жүктелетіні айтпаса да түсінікті.

 

Жалпы, тарихта құрылтайлардың бірнеше түрі болғаны белгілі. Публицист, мәдениеттанушы Серік Ерғали «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында қазақ тарихындағы негізгі екі құрылтайды атап өтеді. Бірі – «Қарақұм құрылтайы». Ол 1710 жылы бүкіл қазақтың өкілдері жиналып, үш жүзді жоңғардың басқыншылығына қарсы күресті ұйымдастыру үшін құраған. Ол құрылтай Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұм алқабында өткен. Бұл басқосуға негізгі ықпал жасаған Тәуке хан болыпты. Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды, құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастыру жоспарын құрған. Бұрынғы бейбіт кездегі құрылым жеткіліксіз болғандықтан, енді соғыс жағдайындағы қорғаныс қабілетін нығайту үшін сұлтандардың билігін шектеп, негізі шешуші тұлғаларды, үш жүзге жауапты билер арқылы басқаруға ұмтылды. Жиынға қатысушылардың пікірілері оған ортақ болған жоқ, дегенмен, бұл сол кездегі тарихи ұлы жиын еді.

 

«Бөкенбай Қараұлы деген батыр болды, халықты жоңғарларға қарсы шабуыл жасауға көндірді. Көпшілік «аңдысын аңдиық» дегендей пікір айтқанда, батыр Бөкенбай шабуыл жасауға көндірді. Бұл басқосуда хандар арасынан жоғарғы қолбасшы сайлау туралы мәселе көтерілді. Оған Қайып сұлтан мен Әбілқайыр хан қатысты. Сөйтіп, жасақтарға басты қолбасшы Бөкенбай жетекші болып сайланып, хан билігі Әбілқайырға берілді» дейді С.Ерғали.

 

Тағы бір құрылтай – «Ордабасы жиыны» немесе «Ордабасы құрылтайы». Бұл 1726 жылы жоңғар шапқыншылығының қазақтарды «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» апатына душар етуіне байланысты болды. Міне, соған қарсы алты алаштың бүкіл баскөтергендері жиналып, Бадам өзені бойындағы Ордабасыда тарихи басқосу болды. Бұл құрылтайға Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар және Төле би, Қазыбек би бастаған әр рудың, тайпаның ықпалды билері, төрелері қатысты. Ордабасыдағы осы жиында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалды.

 

«Жиынға қатысушылар өз қимылдарын үйлестіріп отыруға, жауға бірігіп, майдан құрып аттануға ант берісті. Яғни, бұл жолы да құрылтай елдегі халықтың, мемлекеттің барлық ресурсын біріктіріп, бір шешім қабылдап, соны іске асыруға жұдырықтай жұмылдырды. Тарихи құрылтайлардың барлығы осыған байланысты болған», - деген мәдениеттанушы бұдан басқа ірілі-ұсақты хандар өздерін сайлату үшін де құрылтай шақырғанын айтады.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер еместігін жиі айтады. Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады.

 

«Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін», - деп ойын жеткізген Президент Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын ел тарихында айрықша орны бар, жеті ханның ордасы – Сарайшық аталатын шежірелі аймақта өткізуді ұсынды.

 

Топырағын түртсе, тарих болып түрегелетін көне қалаға кешенді зерттеу жұмыстары да қолға алынып, жандана бастады. Білуімізше, үшінші Ұлттық құрылтайға дейін Сарайшықта ашық аспан астындағы музей жасақталады екен.

 

– Келер жылы Атырау өңіріне ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қасым ханның ескерткішін қою жоспарлануда. Ескерткіштің үздік жобасын анықтау үшін pеспубликалық ашық конкурс жарияланды. Келіп түскен жобалар Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, үздік деген жобалар pеспубликалық монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияда қаралады. Ескерткішті келер жылы Ұлттық құрылтайға дейін аяқтауға мүдделіміз. Жоспар бойынша Сарайшық ауылына бұрылатын тұстағы республикалық маңызы бар жол бар, сол жерге орналастырғымыз келеді. Туристік келбетін арттыруға да сеп болары анық, - деп, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ескерткіштің эскизі талқылауға жіберілгенін жеткізген еді.

 

Әлқиссасында, Қасым хан бас қала деп есептеген, басынан жеті ханның дәурені өткен көне Сарайшықта дүниеге келіп, қасиетті шаһардың тылсым аңызға толы ауасының жұпары сезіле қоймаған кезде балалық шағын өткізіпті. Айтпақшы, өткен айларда археологтар ұзындығы 40 метрден асатын үлкен ғимараттың орнын тапқанын естіп, жарыса жазған едік. Аршылған қабырғаның көлемі 20 шаршы метрден асады. Негізгі екі қабырғаның бойында шамамен 7-8 бөлме орналасқан. Мамандар жұмыстардың әлі де жалғасатынын айтады. Себебі, археологтар Сарайшықтың Қазақ ордасы мен Ноғайлы дәуіріндегі қабатын қазып жатыр. Айтуларынша, астында «алтын ордалық» кезең, одан сәл тереңдеу аршыса қыпшақ дәуіріне келетін қаланың орны бар көрінеді. Оның үстіне, бұл жерлерде ешқандай техника қолдануға болмайды. Тіпті күрекпен абайлап қазғанның өзінде астынан құнды жәдігерлер табылып жатыр екен.

 

Айта кетелік, бұған дейін Сарайшықтан мыңға жуық тарихи жәдігер мен «Хан моласы» атты қорым ашылған болатын. Мамандардың пайымдауынша, ол Қасым ханға тиесілі болуы бек мүмкін. Археолог Айбек Тұрарұлы зерттеле басталған 99 гектар аумақтан «ашық аспан астындағы музей» жасақталатынын айтқан еді. Сонымен қатар ортағасырлық Сарайшықтың батыс қақпасының орны анықталып, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр екен. Қасиетті мекенге ат басын бұрған туристер енді осы қақпадан еніп, шаһардың терең тарихымен таныса алады. Иә, «Сарайшық» дегенде елеңдемейтін жан жоқ шығар. Өйткені сонау бағзы замандарға бастайтын тарихтың бір ұшы міндетті түрде Сарайшыққа байланады. Бабалардан қалған естеліктерде Сарайшықтай құт мекен, жерұйық тек ертегіге лайықты болса керек. Алтын мұнаралары күнмен шағылысып, орыстар Мәскеуде ғана бар деп есептейтін Кремльдің түпнұсқасы – әсем қорған[1]қоршауымен ерекшеленіп, көркем сарайлары, керемет моншаларымен, ғажап құрылысымен жарқыраған ақ Жайықтың жағасындағы алтын шаһарды ертегі демей не десін! Рас. Сарайшықтағы өлкетану музейіне барғанда ондағы аңыз бен тарихқа қанығып, сол дәуірге сапарлап қайтқандай болған едік. Махамбет ауданының Сарайшық ауылындағы «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында орналасқан Сапар орталығының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев хан ордалы Сарайшықтың төрінде ашылған сапар орталығы көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарына мүмкіндік беретінін айтқан еді. Сапар орталығы еліміздің ғана емес, күллі әлемнен келген туристерге жағымды жаңалық, қолайлы жағдай болатынына сенім мол. Өйтпегенде ше, орталықтың ішінде Сарайшық қалашығының, Алтын Орданың тарихын туристерге түсіндіру бағытында жасалған нақты қадам.

 

– Атыраулық әр азаматты Сарайшықтың тағдыры алаңдатады. Өзіміз Жайық жағасында өсіп, ескі қаламыздың жағдайын ойлап, қашан осы жерде тарихи нысан бой көтереді екен деген ойда болдық. Осыдан жиырма жыл бұрын мұражай салынса, жеті жыл бұрын жаға бекіту жұмыстары жасалды. Міне, сол жұмыстардың жалғасы ретінде үлкен сапар орталығы ашылып отыр. Қадірлі ағайын, бұл туристік нысан тарихи ағарту, яғни ғылыми жұмыстарға бағытталатыны сөзсіз. Орталықтың пайда болуы қазба жұмыстарын қайта жалғастыруға, Сарайшықтың әлі де ашылмаған тарихын зерделеуге үлкен серпін болары сөзсіз. Бұл – өңіріміздің ғана емес, еліміздің тарихындағы үлкен жаңалық. Отанымыз гүлдене берсін! - деп еді Жасұлан Орақұлы орталық ашылған сәтте.

 

Ал, сол шараға арнайы келген республика Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов тек бір орталықпен шектелмеу керектігін айтып, Жайық жағасынан бірқатар ғимарат салынатынына сендірген болатын. Тағдырлы тарихымен ғана төрткүл дүниенің назарын бұрған көне шаһарда түрленіп, түлеп келеді. «Сарайшық» сапар орталығына экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана кіреді. Дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл да бар орталық ішінде.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости