RSS лента

Ұлттық құрылтай көп нәрсені ұғындырды...

  • 03.07.2023, 17:49,
  • 360
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Түбі бір түркі баласының темірқазығы Түркістан шаһарында екінші ұлттық құрылтай өтті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Осы орайда, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иеге Əлия Дәулетбаева өз толғанысын жасырмады.

 

– Құрылтай десе кеудесінде рух сәулесі бар жанның сана саңылауынан кәрі көз тарихтың, ұлт тарихының небір ғажайыптары тізбектеле өтер еді... – дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Парақ аударған ғасырлардың алқынысы естіліп, дегдар дүниенің дөңгелегі кері қарай шыр айнала жөнелер еді... Шыңғыс заманынан дәуірлеген жошы ұлысына, қазақтың қаһарман хандарынан алашорданың азамат ұлдарына дейінгі аралықтағы ұлт тағдырын шешкен ұлы жиындар бағзыдан осылай аталған екен... Құрылтай!.. Түпкі идеясы – бірлік, жүгі ауыр, жауапкершілігі ерен мәслихат...

 

Аса əріден демей-ақ туған халқымыздың тарихына көз жүгірткен сəт құрылтай атаулының ұлт тағдырын шешудегі орасан үлесін көрер едік. Тіпті біздің мемлекеттігіміздің алтын бастауы Алтын Орда қағанатының дербес мемлекет атануы Талас құрылтайынан бастау алғанының өзі неге тұрады?.. Хан Шыңғыс ұлыстарының 1269 жылы өткен соңғы құрылтайы... Байтағымыздың тұс-тұсынан байрақ көтерген бабаларымыздың қанкешу жылдарда басын қосқан Қарақұм мен Ордабасы құрылтайлары... Бабасы Жошының таққа отырған қастерлі Ұлытауында қалың қазақ хан Кенені ақ киізге көтерді. Араға сексен жылға жуық уақыт салып Орынборда бірінші қазақ құрылтайы өтті. Дəл осы құрылтайда Алаш партиясы құрылып еді-ау...

 

 

Иə, тарихта кездейсоқ жағдайлар кезігіп жатқанымен, үзілмейтін, өзегін жоғалтпайтын қасиетті шынжырлар болады. Ел Президентінің Жаңа Қазақстанның бірінші құрылтайын ұлт ұясы Ұлытауда өткізуінің əзелгі мəні де осында еді. Бірінші құрылтай халқымыздың көңіліндегі көп сауалға жауап іздеуге талпынды. Əуелгі мағынасынан алыстамай, қоғамды біріктірудің жаңа моделін ұсынды. Билік институттары өзгеше сипат алып, қоғамдық сананы жаңғыртуға қадам жасалды. Президенттің Ұлттық құрылтайды халықты ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым деп атауында үлкен мəн бар. «Бірлік болмай, тірлік болмасын» түсінген бабаларымыз бар жеңістің алғашқы сатысы өз ісіне, өз идеясына сенуден басталатынын жақсы білген еді. Бұқарамен арадағы диалогтың парасатқа құрылуына басты назар аударудың сыры да осында жатыр.

 

Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзін құрылтай атаулының ел басына күн туғанда, не маңызды жолайырықта тұрған сəттерде шақырылғандығын айтудан бастады. Ел өміріндегі қайғылы оқиға Семей ормандарындағы алапат өртті тілге тиек еткен Президент мұндай келеңсіздіктен сабақ алуға шақырды. Сайып келгенде, патриоттық сезім əркімнің жеке басынан бастау алатынын, əркім өз ісіне, қоғам алдындағы міндетіне деген жауапкершілікті терең сезінбей даму даңғылына түсу қиын деген ой жатты сөз астарында...

 

Шынында да ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін, бақытты қоғам құру үшін саяси-экономикалық реформадан бұрын, əркімнің жеке ұстанымы, дүниетанымы өзгеруі керек шығар... Баяғы қарттардың «Жұрттың пиғылы өзгерді ғой» деп түңілуінің өз себептері болды ғой...

 

«Шын мəнінде, біз айтып жүрген Əділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам əділетсіздік жасамайды. Əр салада адалдық басты орында тұрса, əділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бəрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Əділетті Қазақстан жəне Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде əрдайым қатар тұруға тиіс» деп сөзін сабақтаған Мемлекет басшысы аталған құрылтайда бірнеше бастама көтеріп, əрқайсысына жеке тоқталып, кеңінен таратты.

 

Мен Президент көтерген бастамаларға шығармашыл ортаның өкілі ғана емес, ең бастысы өз ұлтымның патриоты ретінде қатты қанаттанғанымды жасырмаймын. Мұны құр əсерлену емес, əр пікірден мазмұн іздеп, ой түю екенін айтқым келеді. «Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін əзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз» деген Мемлекет басшысы ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығында жасаған «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында айтылған пікірін аяқсыз қалдырмағанын көрсетеді. Расында да, Қадір Мырза-Əлінің «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих. Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп қамыққаны еске түседі осындайда...

 

Тарихын тасқа таңбалап, маң даланың əр қиырында жатқан бабаларымыздың басынан кешкен бар хикметін түгендейтін уақыт, шынында да, келіп жеткен сияқты. Отарлаушы пиғыл саясатынан, қала берді даңғаза даңққұмарлықтан, ұлттың емес, рудың шежіресін қаузаудан бұрмаланған ақиқат қаншама?! Елеусіз кеткен ерлер мен қолдан жасалған «тұлғаларды» аз білді ме біздің тарих?! Президент тапсырмасымен шынайы шежіреміз қатталған жеті томдықты парақтайтын күн жуық болғай!

 

Келесі бір көңілге қонған бастама – ұрпақ тəрбиесінде кеткен осалдықтардың орнын толтыру. Ешқашан жауыр болмайтын мəңгілік тақырып. Егер ұрпағың санасыз, сапасыз болса, сенің бүгінгі жеткен биігіңнің мəні қайсы?! Бұл тұрғыда Президент «Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан əрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кəсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады» дей келе, жас ұрпақтың санасын жаһандандырудың теріс ықпалынан арашалау жолдары ұлттық, экологиялық, мəдени, еңбек тəрбиесінде жатқанын атап көрсетті. Балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің көбеюі отбасы мен мектептегі тəрбиенің кемшіндігінен екені көпке мəлім.

 

«Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тəулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу» ...Президент Қазақстандағы кітап басып шығару ісінің қазіргі ахуалына тоқталды. Еліміздегі баспа ісі енді-енді еңсе тіктеп келе жатқаны жасырын емес. Осыған дейін еліміздегі басты кітап дүкендерінің сөресі шетелдік өніммен сықасып келді. Балаларымыз əлем əдебиетінің жауһарларынан өзге тілде сусындап, көз жауын алатын неше түрлі кітаптарға қызығатыны жасырын емес.

 

Қазақстан баспаларының бəсекеге қабілеттілігін арттыру бір күннің шаруасы емес. Сайып келгенде бəрі де патриоттық сезімге келіп тіреледі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мəселе екенін түсінемін. Əсіресе, олардың бар назары əлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мəселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын» деп қорытты.

 

Ақпарат айдынының өзге де салаларына тоқталған Президент киногерлер көкейінде жүрген мəселелер, «Тик-ток» желісін ұрпақ тəрбиесінде ұтымды пайдалану сынды пікірлерге деген өз көзқарасын білдірді. Əлемде киноиндустрия экономиканың бір бөлшегі болса, біздің киногерлер мемлекет қолдауына өте зəру екенін айта кеткен жөн.

 

Мемлекет саясатына талдау, сараптау жұмыстары бағытында көңіл көншімейтін тұстар бар екенін Мемлекет басшысы дөп таныған.

 

«Қазір əлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нəтижесі күмəнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек» дей келе, ең бастысы қоғам тынысын назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті.

 

Көптеген əлеуметтік зерттеулер мен содан келіп шығатын рейтингтердің əрқилылығы, шашыраңқылығы мен ақиқаттан алыс түсіп жататыны осы саладағы жұмыстың бір ізге қойылмағандығынан екендігі белгілі. Себебі бұл зерттеулер мемлекеттік басқарудың тиімділігіне тікелей əсер етеді.

 

Түркістан төрінде өткен құрылтайда Мемлекет басшысының шекаралас аймақтарды дамыту, соған сəйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл жəне Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешімі қуаныш сыйлады. «Біз бабалар аманатына əрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деген Президент жалған ақпаратқа сеніп, жат пиғылдардың жетегінде кетпеу үшін ішкі бірліктің, саяси сауаттылықтың маңызын атап көрсетті.

 

Əйгілі Марал ишанның хан Кенеге тарту еткен Құран кітабының табылып, оның келешекте Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылатыны, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың осыған дейін белгісіз болып келген туындысының табылғандығы ел руханияты үшін Президент сүйіншілеген елеулі жаңалықтар еді. Мемлекет басшысы қасиетті Құранның елге оралуын жақсылыққа балады. Сондай-ақ ол биыл Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл толып отырғанын, оның еңбектерін жан-жақты зерттеудің маңыздылығын айта келіп, «Ясауитану» ғылыми орталығы не институтын құру мəселесін ойластыру керектігін атап өтті. Егер расымен Президенттің бұл ұсынысы жүзеге асса, ұлы ғұламаның жауһар еңбектері жаһандану табалдырығындағы ұрпақ үшін теңдессіз тəрбие мектебі болар еді...

 

Əлқисса, тұранның алтын бесігі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Əділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші жиыны осылай өтті. Жақсылыққа сенгеннің жанын жадыратып, рухани кеңістігімізді толқытты. Ар, адалдық, адамдық – əділетті қоғамның ұстындары. Келесі келелі жиын, Ұлттық құрылтайдың үшінші бас қосуы ару Жайықтың жағасында, Алтын орданың көне астанасы, ұлы Қасым ханның мəңгілік мекені Сарайшықта – айбынды Атырауда өтетін болады. Ер ниеті, ел пиғылы түзу болғай!..

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости