Бұл туралы ресми Ақорда мәлімдеді. Айта кетейік, Президент Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Атырау облысында өткізуді ұсынды. Ал, бұған дейін айтулы шара 2022 жылы Ұлытауда және былтыр Түркістанда өткен болатын.
«Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын. Елімізде лайым жақсылық көп болсын!» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, биылғы қаңтарда Ұлттық құрылтай құрамы жаңарды. Құрылтай келесі жаңа мүшелермен толыққан болатын. Олар – Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, "Қазақстан корейлер қауымдастығы" ЗТБ төрағасы Юрий Шин, Қазақстанның Еңбек Ері, №7 Семей орта мектеп-лицейінің мұғалімі Алма Шұқыжанова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әуесбаев пен Никита Шаталов, Басқарма төрағасы-Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова; жеңіл атлетика спортшысы Айсұлу Сүлейменова, дүнген этносының жетекшісі Лұғмар Буларов, тележүргізуші, "Азаттық рухы" ақпарат агенттігінің журналисі Кристина Гринько.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әр қазақстандық елге деген жанашырлығын нақты іспен көрсетсе, ел халқының бірегейлігі нәтижелі болатынын айтқан еді.
«Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. «Адал азамат» болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз. Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады. Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін» деп ойын жеткізді Президент.