Сенат отырысында «Самұрық-Қазына» облигациялары неге тиімсіз болып шыққаны, Ұлттық қорда қанша қазақстандық облигациялар мен акциялар бар және олар қандай шарттармен сатып алынатыны, инвестициялардың мақсаты және олардың мемлекеттің шығыстарын бюджеттен тыс қаржыландырудың қосымша тәсілі болып табылатынына қатысты сауалдар қойылды.
Ұлттық банк басшысы шығын тіркелгенін растап, қазіргі уақытта бүкіл әлемде және Қазақстанда жоғары ставкалар кезеңі байқалып отырғанын, осыған байланысты стандартты нарық көздерінен қаржыландыру қиынға соғатынын түсіндірді.
Өз кезегінде Вице-премьер – қаржы министрі мұндай инвестициялардың мақсаттары мемлекеттік қаржыны басқару Тұжырымдамасында, оның ішінде елдегі стратегиялық инфрақұрылымдық ірі жобаларға кредит беруде көрініс табатынын айтты.
Алайда Сенат төрағасы берілген жауаптарға қанағаттанбады. Жекелеген стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру қажеттілігі қолдау табатынын. Бірақ жүзеге асырылуында сұрақ туындайтынын, яғни тәсілге қарсылықтық жоқ, тетіктері қандай болатыны маңызды деп ескерді.
«Егер «Самұрық-Қазына» облигацияларды шығарып, оларды нарыққа берсе, олардың қаншалықты орынды және тартымды екенін нарықтың өзі бағалайтын еді. Яғни, нарық баға жоғары емес пе, бәрі пысықталды ма және тағы басқа мәселелердің орынды болуын талап етеді. Біз бұл жерде «Самұрық-Қазына» облигация шығаратын, Ұлттық қор сатып алатын және қандай да бір рәсімдерді оңайлатылған түрде жүргізуге болатын тетікті көріп отырмыз. Осы жобалардың процедуралары мен пысықталуын кім бағалайды? Рәсімдер туралы мәселе Жоғары аудиторлық палатаға жетті ме?», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесіне тоқталды. Былтырғы бюджет бойынша есепте проблема барын атап, ақпараттың жоқтығына назар аударды.
Көтерілген енді бір мәселе, Үкіметтің жоспары бойынша 2024 жылы бюджетке 16 трлн теңге түсімді қамтамасыз ету жоспарланып отырғаны белгілі. Алайда, Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл сандар ағымдағы жылғы түсімдер мөлшерінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Спикер Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа үкімет 2024 жылы бюджеттік түсімдер жөніндегі жоспарларды орындау үшін қандай шаралар қолданатыны туралы сұрақ қойды.
«2024 жылдың бюджетіне біз шамамен 16 триллион теңге көлемінде салық түсімін саламыз. Бұл өте маңызды өсім болып отыр. Салықты әкімшілендіру салықтың бір бөлігін қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ салық түсімдерін тағы қалай қамтамасыз ету жоспарлануда? Мәселені шешуге қосылған құн салығының өсімі қаншалықты көмектеседі? Қандай да бір пысықталған ұстанымдар бар ма?», – деп сұрады Мәулен Әшімбаев.
Қаржы министрі 2023 жылы бюджетке 14,6 трлн теңге түсім жинау жоспарланғанын хабарлады. Оның ішінде, жыл соңына дейін салық түсімдері есебінен 13,2 трлн теңге жиналатыны, қалған сома бюджетке салықтық емес түсімдердің арқасында түсетінін айтты.
Отырыс барысында 2027 жылға қарай қауіп төндіріп тұрған су тапшылығы мәселесі де көтерілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару жүйесін дамыту 2024-20230 жылдарға арналған тұжырымдамасы жасақталғанын, жыл соңына дейін бекітілетінін айтты. 2024 жылы бекітілетін қаражаттан бөлек 178 млрд көлемінде жобалар жасақталатынын атап өтті.
Бұған көңілі толмаған Әшімбаев алдағы Сенат отырыстарының бірінде су мәселесіне қатысты проблемалар талқыланатынын айтты. Сенат Спикері су ресурстары бойынша түйткілдер еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия жыл сайын артса да, өнімдерді шетелден импорттау жалғасып жатқанын ескерді. Проблемаларды жою үшін ауыл шаруашылығында қайта өңдеу кәсіпорындарының көбеюін қамтамасыз етуді тапсырды. Азық-түлік импортын төмендетумен бірге саланы дамыту үшін бюджет қаржысын барынша тиімді пайдаланудың негізгі міндеттерін де белгіледі.
Сондай-ақ үнемі өзгеріп отыратын субсидиялау ережелерін атап өтті. Фермерлер әрдайым жаңа талаптарға дайын бола бермейді, ал инвесторлар мұндай тұрақсыздықтан кейін салаға инвестиция салуға асықпайтынын назарға алды.
Нәтижесінде Сенат төрағасы субсидиялау тәсілдерін, бағдарламалық құжаттарды үнемі өзгертілсе, қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін анықтауды, үнемі көтерілетін мәселелерді бақылауда ұстауды жалғастыру керектігін айтып, дәйекті және болжамды мемлекеттік саясаттың қажеттігін түсіндірді.