RSS лента

Жапондықтар баланы дамытсақ, ел де дамитынын айтады

Автор фото: ru.myanimeshelf.com

Әл-Фараби атындағы Binom School мектебінің директоры Өнербек Ерғалиевтің айтуынша, үлгі алу керек ел болса, ол – Жапония, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Жапонияға келген күні бағдарламаға сəйкес «Мирайкан» деп аталатын «болашақ мұражайына» бардық, - дейді ол. – Демалыс күні болған соң ба, баласын жетектеген əкелерді көптеп кездестірдік. Назар аударатын нəрсе, басым көпшілігі – əкелер. Консервативті жапон қоғамында əке рөлі ерекше. Оларда да – жұмысбастылық, регламенттелген өмір. Демалыстағы уақытын балаларына арнап «назар жетіспеушілікті» компенсациялайды. Отбасы институты жоғары мəнге ие. Жапондықтарда «баланы дамыта отырып, Жапонияны дамытамыз» деген қағида бар екен. Баланың комфортты, қауіпсіз жағдайда өсуі, білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Жоғарыда айтқан мұражай ішінен бірақ мысал келтірейін. Адам денесінің муляжы жатыр. Қасында дəрігер киімін киген егде жастағы жапондық тұр. Айналдыра қоршаған балақайлар шулап сол муляжды «шашып, жинап» жүр. Адамның іш құрылысы, олардың функциясы туралы дəріс өтіп жатыр. Одан өте бергенде, кəдімгі хирургиялық бөлме. «Пациент», түрлі медициналық жабдықтар. Операция кезінде қолданылатын роботтандырылған скальпель. «Пациенттің миына ота жасалуда. Үлкен экранға миға жіберілген камера скальпельдің жұмысын көрсетіп тұр. Бəрі жақсы, тек хирург рөлінде балалар. Нұсқауларды тыңдап, қолындағы скальпельдің джойстигімен шебер жұмыс жасауда. Шын таңғалдық! Айта берсек, басқа да қызықтар көп болды. Біздің ұғымдағы мұражай емес, қысқасы. Жол сілтеуші гид бұл елде əке культі қатты дамығандығын, əке өз баласы үшін рөлдік модель екенін жеткізді.

 

Мектеп құрылымына келетін болсақ, біздегідей 3 сатылы білім ұясы. Яғни, бастауыш мектебі, орта буын мектебі жəне жоғары мектеп. Айырмашылығы, бастауыш сыныптар – 1-6 сыныптар аралығы, орта буын – 7-9 сыныптар жəне жоғары мектеп – 10-12 сыныптар. Одан бөлек, оқу жылының Күншығыс елінің ұзақтығында елеулі ерекшелік бар. Бір сөзбен олар бізден «көп оқиды». Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс ата-ана тарапынан мектеп ережелерін қабылдаумен ғана аяқталады десем болады. Ар жағында ата-ана мектепке келмейді, мектеп өміріне араласпайды екен. Оқу үлгерімі тест арқылы ғана анықталады. Бастауыш мектебінде бағалау жүрмейді. Мектептер құрылысында функционалдылық, прагматикалық жəне балалар қауіпсіздігіне өте үлкен мəн беріледі. Əрбір кабинетте міндетті түрде екі есік қойылған жəне сыныптан ортақ балкон арқылы ішкі аулаға шығуға да мүмкіндік бар. Сейсмикалық қауіпті аймақ үшін бұл аса маңызды. Мектептерде мейлінше «табалдырықсыз» аймақтар жасалған. Бұл бір жағынан инклюзивті білім беру үшін жасалған болса, бір жағынан табалдырықтың өзі балалар үшін шектеу, шекара болмасын деген мағынада жасалған. Яғни, олар балаларды шектемей тəрбиелеуді қалайды.

 

Бастауыш мектептерде негізгі акцент жапон тілі мен жапон мəдениетіне беріледі. Музыка сабақтарында балалар жапондық дəстүрлі аспаптарда ойнап үйренеді. Еңбек сабақтарына (қолмен жасауға «хэнд мэйдке») көп мəн берілетінін байқадым. Оқушыларға, əсіресе, жапон дəстүрін оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуды бастауыш сыныпта-ақ меңгерген оқушылар, əсіресе, адам еңбегін қадірлеуге бейім екені ерекше байқалады.

 

Егер қысқа қайыратын болсақ, BINOM мектептері жəне еліміздің басқа да алдыңғы қатарлы мектептері жапондық мектептерден еш қалыспайды. Кейбір тұстарда біздің мектептер озық деуге де болады. «Түртіп алған» тұстарға келсек, мектептің ішкі эргономикасындағы үйлесімдер, қарапайым мысал безендіруді де алсақ болады. Одан бөлек, «тəрбие процесіндегі өзара қамқорлық, біреудің еңбегін сыйлау» деген тұстарын да айта кету керек.

 

Өкінішке қарай, педагогикалық жоғары оқу орындарында болып, педмамандардың дайындығын көре алмадық. Алайда, Күншығыс еліндегі кəсібилілік (профессионализм) – ерекше айтар тұс. Мұғалімді қоя тұра, қарапайым жол қозғалысын реттеушіге (регулировщик) дейін өз кəсібін сүйеді. Мамандығының қоғам үшін маңыздылығын түсінеді жəне өз жұмысын тиянақты орындауға барын салады. Бұл жапондар үшін аксиома десе де болады. Болашақ кəсіптерін таңдарда оларды бірінші мазалайтын меркантильді көзқарас емес. Яғни кəсіпті табысына қарай емес, көңілге жағуына жəне қолынан келуіне қарай таңдайды. Сəйкесінше, бұл елдің педагогтары – алдарындағы балалардың əлемдегі ең озық білім алуына құзыреттері толық жететін өз істерінің хас шеберлері.

 

Ең бірінші жəне негізгі аспект, бұл – академиялық адалдық. Жапондық үшін кез келген мəселеде «айналма жолдар» жоқ. Бұл оның санасына кірмейді де. Кезекте тұру, өзгені құрметтеу – олар үшін күнделікті «қу тірлік». Бір ғана мысал айтайын. Біржолақты көшеден такси тоқтаттық. Егде жастағы таксиші ағылшын тілін білмейді екен. Біздің қасымызда сол сəтте аудармашы болмады. 20 минуттай өзара түсініскенше тұрып қалдық. Түсініскен соң əріптестеріме қарап «ал кеттік, отырыңдар» деп жатып арт жаққа қарасам, біздің көліктің артында 30- 40 көліктен тұратын «шағын» кептеліс орын алғанын көрдім. Бірде бір көлік бізді асықтырған жоқ. Біздің жүруімізді үнсіз күтіп отырды. Ал, бұл картинаның бізде қалай боларын мен көзге елестете алмаймын.

 

Бізге ұқсастығы – қонақжайлылығы. Қонақ күтуімізде ұқсастықтар өте көп екен. Бағдарламамыз бойынша ең бірінші мектебімізге барып, аралап кері автобусымызға қарай шықтық. Əдеттегідей жан-жағымызға тамсана фото-видеомызға түсіріп автобусымызға отыруға асыға қоймадық. Гидымыз біздің назарымызды 35 градус ыстықта костюм шалбары мен галстугін тағып, «қара терге» малынғанын барынша көрсетпей, қайта-қайта жерге дейін иіліп, қол бұғап тұрған мектеп директоры жəне оның орынбасарларына аударды. «Бұл кісілер Сіздер көзден таса болғанша осылай тұрады. Бұл – қалыптасқан мəдениет. Бұл – жазылмаған хаттама ережесі. Сондықтан біз де тезірек кетуіміз қажет» деп ескертті. Бұл – өзара сыйластық. Қысқаша түйін, Жапонияны сипаттайтын сөздер: қарапайымдылық, кəсібилілік, өзара қамқорлық жəне өзара құрмет! Бізде де бұл қасиеттер бар деп есептеймін.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости