RSS лента

Бүгінгі мұғалімдер білім мен тәрбиені біріктіре алмай жүр...

  • 22.09.2023, 00:18,
  • 378
  • 0
  • Автор:
Автор фото: pixabay.com

Қазіргілер мұғалімнің ұлы мамандық иесі екенін естен шығарып алғанға ұсқайды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ұлағатты ұстаздардың еңбегі шәкірттерінің жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Себебі, мұғалім бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, оның екінші ата-анасына айналады. Ардагер ұстаз, журналист Жұмақай Ғұмаровтың пікірі осындай.

 

– Ұстаз баланы тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатады, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Мұғалім, педагог туралы бізге дейінгі көптеген ғұламалар керемет тағылымды тұжырымдарын қалдырып кеткені белгілі. Ұстаздардың ұлы атасы саналатын Ыбырай Алтынсариннің «Педагогикалық мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шымшытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер даналықты жүректен ұға білу болып табылады» дегені оның ізін жалғастырушылардың басты ұстанымы болуы тиіс деген ойдамын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» деп айтқан сөзі де өмірін білім берумен сабақтастырған әр жанның көкейінде тұрар тамаша тәмсіл. Ал, француздың философы Жан-Жак Руссоның «Педагог болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген қанатты сөзі аталған кәсіп иелеріне берілген жоғары баға десек, артық айтқандық болмас. Ұстаз тек шәкіртіне білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жанжақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандық та осы педагог. Олай дейтініміз, педагог еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманының орындалуына жетелеуді мойнына алған маман. Осындай қызығы мен қиындығы мол мамандық иелері, яғни бүгінгі педагогтер шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз педагогтың ғана қолынан келеді. ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның және ғылымның дамыған заманы. Ол кез келген адамнан әмбебап болуды талап етеді. Оның ішінде мұғалімдер де заман ағымымен бірге өзгеріп, соған ілесе білуі керек. Ол үшін өз жұмысында инновацияларды, әр түрлі әдістерді қолданып, материалды еркін меңгергені абзал. Тірліктің кереғар тұстарын мектепке кірерде табалдырықта қалдырып, балаларға мейірімділік пен жылулық сыйлауы тиіс. Қазіргі мұғалім шығармашылық қабілеттерді дамытуға жағдай жасайтын, оқушылардың білімді қабылдауға деген құштарлығын дамытатын маман болуы керек. Шәкірттерін өз бетінше ойлауға үйрететін, өзіндік тұлға тәрбиелейтін әмбебап адам болғаны ләзім. Сонымен қатар, пәндерді оқуға деген ынтасын арттырып, олардың жеке бейімділігі мен талантын ұштап отыруы тиіс. Заманауи мұғалім кәсібіне және оқушыларға деген сүйіспеншілігімен ерекшеленіп, балаларды білім нәрімен сусындата отырып, адами асыл қасиеттерге тәрбиелей білсе, тіптен жақсы. Мұғалім әр баланың бойындағы өзіне ғана тән қасиеттерді анықтап, қызығушылығын, ұмтылысын бағамдай білсе, ісінің берекесі болады. Қазіргі мұғалім – ол кәсіби маман. Оның бала оқытудағы шеберлігі осы кәсібилігіне байланысты. Сондықтан әр мұғалім үнемі өзін-өзі жетілдіріп отырып, эрудициясы және жоғары жұмыс мәдениетімен көрінуі қажет. Өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігінсіз мұғалімнің кәсіби өсуі мүмкін емес. Қол жеткізген жетістіктеріне ешқашан қанағаттанбауы керек. Бұл - өте маңызды. Сондай-ақ, алға ұмтылу да өте маңызды, өйткені мұғалімнің жұмысы – шексіз шығармашылықтың көзі. Бүгінгі таңда мұғалім білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы керек. Мұғалімнің міндеті – әр баланы оқу процесіне қатыстырып, оны тыңдай білу, көмекшісіне айналдыру, оқушының көзімен оны мазалайтын мәселеге үңілу болмақ. Осындай әдісті жақсы меңгерген мұғалім ғана педагогикалық әрекетті дұрыс ұйымдастыра алады. Заманауи мұғалім білім саласындағы барлық өзгерістерге бейім және дайын болуы керек. Ақпараттар ағымының толассыз өзгеруіне байланысты, сол ақпарат легімен уақытылы танысып, заман ағымына ілесіп отыруы керек. Бір орнында отырып қалу – бүгінгі өзгермелі заман мұғаліміне тән қасиет емес. Бұл шағын мақаламды тағы да ұлылардың сөзімен тәмамдасам, ежелгі грек ойшылы Сократ «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң, артыңда тұрғандай» деп, айтқан екен. Иә, ұстаз деген - осындай ұлы адам. Данышпан Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген өлең жолдары да ойымды толықтырып тұрғандай.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости