«Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әртүрлі», — деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, педагогикалық ЖОО-на түсу балы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі. Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111.
«Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған “бәріне мұғалім кінәлі” деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының бала-бақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз ету керектігін, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейту қажеттігін ескерді.