RSS лента

1 қыркүйекке қарай 52 жаңа мектеп ашылмақ

  • 15.08.2023, 12:37,
  • 473
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ernur.kz

ҚР Үкіметінің отырысында өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыркүйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатынын, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа баратынын айтты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылдан бастап 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы (1-4) тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.


1 қыркүйекке қарай республикада 65,6 мың балаға арналған 52 жаңа мектеп, ал жыл соңына дейін 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп есігін ашады. Бұл 12 апаттық және 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешеді. Оған қоса жайлы орта құру мақсатында 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында келесі жұмыстар жүргізілді. 3 103 мектеп ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған, 2 075 мектеп лицензияланған күзет агенттіктерінің қызметтерімен қамтылған (жыл басынан бері өсім – 1,8 есе), 3 327 мектепте дабыл түймелері орнатылған (өсім – 1,9 есе). Аталған бағыттардағы жұмыс жалғасуда.

 

Сонымен қатар ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.

 

Өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді.

 

Премьер-Министр оқу жылы басталғанға дейін 52 жаңа мектеп ашу жоспарланып отырғанын атап өтті, жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін.

 

    «Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.

 

Үкімет басшысының айтуынша, 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, бірақ мұнда да жұмыстардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар. Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын үлгермей қалуы мүмкін, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар.

 

    «Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес, барлық құрылыс жұмысы жаңа оқу жылының басталуынан 2 апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу иісі жоқ сыныптарға келуі тиіс», — деді Премьер-Министр.

 

Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі күнге дейін шығарылмаған. Мектептерді жаңғырту мәселесі бойынша да сұрақтар бар.

 

    «948 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілді деп саналады, алайда тек 290 мектеп заманауи робототехника, химия, биология және физика кабинеттерімен жабдықталған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өңірлер әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пән кабинеттерін ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізуі керек. Жұмысты есеп беру үшін ғана жүргізуге болмайды», — деді Әлихан Смайылов.

 

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің айтуынша, білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек.

 

    «Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мектептердің 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Осы ретте жұмысты белсенді жүргізу қажет», — деді Үкімет басшысы.

 

Сондай-ақ Премьер-Министр 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушысы, яғни шамамен 1,5 млн бала тегін тамақпен қамтылатынын атап өтті.

 

    «Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алатын болады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды», — деді Әлихан Смайылов.

 

Оған қоса Үкімет басшысы көмекке мұқтаж балаларды 100% мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді тапсырды.

 

    «Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен “Атамекен” палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауы тиіс», — деді Премьер-Министр.

 

Сөз соңында Әлихан Смайылов бейнекамераларды жаңарту, бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігін айтты.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости