Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020-2022 жылдары республикада түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілгенін баяндады. Биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды, оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бүгінгі таңда жаңа оқу орындарын жиһазбен және технологиялық жабдықтармен жарақтандыру стандарттары әзірленді, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің ұлттық жобасына қатысу мәселесі пысықталды, «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша жайлы мектептер директорларының корпусын дайындау жүргізілуде, оларды кадрлармен уақытылы қамтамасыз ету үшін мұғалімдер базасын қалыптастыру жалғасуда.
Премьер-Министр ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.
«Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Ұлттық жобаны іске асыру туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшысы Мәулен Айманбетов баяндама жасады. Жайлы мектептерді жобалау және сараптамадан өткізу туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейіспеков, интернет-желілерді жүргізу туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндады.
Әлихан Смайылов сапалы интернетсіз жайлы мектептер өз атауына сай болмайтынын баса айтты.
«Тапсыру кезінде жаңа мектептер сапалы интернет байланысына қосылуы тиіс», — деді Премьер-Министр.
Жайлы мектептерде еңбек ететін білікті мұғалімдерді даярлау туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады. Жалпы, оның айтуынша, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагог даярлау жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы жаңа білім ордалары тек жарақтандыру бойынша ғана емес, сондай-ақ білім сапасы бойынша да мықты болуға тиіс екенін атап өтті.
«Жайлы мектептерге қойылатын талаптар мен азаматтардың оларға қатысты үміті көп, сондықтан онда сапалы кадрларды жұмысқа алу мәселесіне барынша назар аудару қажет. Себебі мектеп дегеніміз – жай ғана ғимарат емес, ең алдымен, балаларды білімге жетелейтін мұғалім», — деді Әлихан Смайылов.
Оқу-ағарту министрлігіне ұлттық жобаның іске асырылу барысына күнделікті бақылау жүргізу, проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын көрсете отырып, атқарылып жатқан жұмыс туралы Үкіметке ай сайын хабарлап отыру тапсырылды.