Ал, бұл мәселеде ұстаздардың атқарар ролі зор. Білікті ұстаз Шынар Төкенованың айтуынша, жаңа заман педагогы жаңа технологияны толық меңгерген, кез-келген тығырықтан шыға алатын, теориялық білімі мықты, тәжірибелік тұрғыда машықтанған бесаспап маман болуы шарт.
– Жалпы білім беру мекемелеріндегі педагогикалық, психологиялық, тәрбиелік үдерістің тиімді болуы үшін педагог бойында сапалыққа білеттер мен қасиеттер де табылуы тиіс, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Педагогтың мәдениеті мен кәсібилігін сыртқы келбет мәдениеті, өзін-өзі басқару шеберлігі, мимика және пантомимика шараларының мәнерлі негіздері және сөйлеу шеберлігі, шешендік қасиеті, дауыс дикциясы, интонациясы анықтайды. Сыртқы келбет мәдениетіне тұлғасы, жалпы моторикасының еркіндігі, ұқыптылығы мен жинақылығы жатады. Тіпті киім үлгісінің қарапайымдылығы, түстік гармониясы, киімнің жас шамасына, сабаққа және жұмысқа сәйкестігі, педагогтың сән үлгісіне сәйкестігі, сәндік бұйымдарды дұрыс пайдалана алуы, шаш үлгісі ұқыпты, жинақы болуы қажет. Мимикасынан өзіне-өзі сенімділігі, сабырлылығы, сөйлескендегі көзқарастың әңгімелесушіге бағытталуы, эмоциялық мәнері де маңызды.
Міне, педагогтың осы сапалары алғашқы жағымды әсердің қалыптасуына септігін тигізеді. Ал «сөйлеу мәдениеті» деп ауызекі сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар өзіне тән формалардың сақталуы, бұл нормада сөйлеу үлгісіндегі сөздерді дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібін айтамыз. Шебер мұғалімнің бойындағы ерекше қасиеттің бірі – кіммен болса да тіл табыса алуы. Үйде, достарының қасында, ұжымда болсын жағымды атмосфера тудыра білуі. Ең бастысы оқушыларды айтып жатқанына сендіре алу, оқушының көңіл-күйін айтқызбай-ақ түсіну, дер кезінде көмек көрсету. Бұл қасиеттер өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп отырған мұғалім үшін аса маңызды дүние. Сонымен қатар, ұстаздың бойында дұрыс және мәнерлі сөйлеу икемдігі басым болуы тиіс. Ілтипаттылық, сенім, әділдік, төзім мен сабырлық секілді әдептілік белгілері қарым-қатынастың мықты болуына септігін тигізеді.
Әдетте оқушыларға өздері жақсы көретін мұғалімдері дауыс көтеріп сөйлесе, көңіліне ауыр алады. Дауыс көтеру, жазықсыз жазалау, әділ қойылмаған баға, оқушыны жүре тыңдау, өтініштеріне көңіл аудармау, сәлеміне жауап бермеу, кекетіп-мұқатып сөйлеу, жақтырмаған шырай көрсету шынында да ілтипатқа жат әрекеттер.
Ағартушы А.С.Макаренконың пайымдауынша, қателесу қаупі төніп тұрса да мұғалім оқуда немесе тәлім-тәрбие жұмысында болсын оқушыларға өзінің батыл ойларымен ықпал жасауы тиіс. Өйткені балалар өздерінің күш-мүмкіндіктерін толық шамалай алмайды. Олар ересектердің бағасына, әсіресе өздерінен артық сенетін мұғалімнің бағасына сүйенеді. «Мұғалімнің қандай қасиетін бағалайсыз?» деген сауалнама сұрағына оқушылар көбіне «әділдігін» деп жауап қайтарады екен. Егер мұғалім әділ әрі әдебі мол болса, мектепте одан беделді адам болмайтыны түсінікті. Мұғалімге «әділетсіз» деген ат оның тек әділетсіз болғандығынан ғана емес, сонымен қатар оқушылармен жұмыс барысында әдеп сақталмауынан да танылуы мүмкін. Мұғалім оқушыларға тек қана әділ қарап қоймай, соған қоса өз ісінің дұрыстығына иландыра білу керек. Мұғалімнің ар-ұяты кіршіксіз болса, оқушылар ұстазының кез-келген қатесін кешіреді. Төзім мен сабырлылық – мұғалімнің педагогтік әдеп әлемі үшін аса маңызды, тіпті көбінесе шешуші мәні бар. Бұл әрине өзін-өзі ұстай білушілік қасиеті.
Педагогикалық тактика – педагогикалық әдепке, әрбір нақты жағдайда оқушыларға әсер етудің тиімді құралы. Адамдық қадір-қасиетті құрметтеу, оқушыны сөзбен де, көзбен де оның қадір-қасиетін қорламау, керісінше оларды сүйемелдеп, көтермелеу қажет. Сонымен қатар оқушымен жеке әңгімелесу кезіндегі мінез-құлық, яғни оқушымен жеке сөйлесу мұғалімнің шеберлігінің көрсеткішін аңғартады. Мұғалім ондай әңгімеге сабақтан да кем дайындалмау керек. Ұстаздың көңіл-күйі оның алдында тәлім алып отырған оқушысына көп әсерін тиізеді. Сондықтан егер көңіл-күйіңіз нашар болса, оны табалдырықтан тыс қалдырыңыз. Оқушылар алдында мұғалім қалай болғанда да тек қана жайдары, қайратты және көңілі көтеріңкі болуы тиіс. Өзі әзілді сүйетін тапқыр сөзді мұғаліммен оқушылар ықыласты араласады, тіпті оның қателіктерін де кешіре біледі.
Міне, педагог кәсібінің сыры осында. Бойына туабітті 12 қасиетке ие, бұларды өзара сәтті ұштастыратын адам – нағыз ұстаз. «Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, бала жүрегіне жол таба білетін жанды шынайы педагог деп атаса болады. Педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдер өзгерсе де адами құндылықтар өзгермейді. Сол себепті бала жанына азық болар педагогтың бойынан осы құндылықтар табылса, оны жаңа заманның озық педагогы деп айта аламыз.