Бұл туралы ол «Азаттық рухы» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.
«Адам ауырған кезде екпе салғанда оның әсері қатты екен, – дейді ол. – Оның үстіне әлеуметтік желіде түрлі ақпараттар бар. Соны оқып, білгеннен соң адам батылы бармайды екен. Кәдімгідей ойланып қаласың, «вакцина арқылы бізді өлтірейін деп жатыр ма» деген секілді. Вакцинаға қатысты түрлі ақпараттар жан-жақтан келіп жатады. Оның ішінде «адамдардың дене мүшесін сатады» деген ақпаратта бар, соған сендім. Біраз адам бірігіп желіде вакцинаға қарсы чат аштық, мақсат – вакцинаға қарсы шығу. Себебі вакцинаның қауіптілігіне қатысты жалған ақпараттар көптеп келіп түсті, қайсысына сенеріңді білмейсің. Содан Бәйтеректің қасында вакцинаға қарсы акция ұйымдастырдым, бірақ онда менен басқа ешкім болмады.
Үлкен ұлым әскерде, басында вакцина алуына қарсы болдым. Дегенмен екпені алды және қазір бәрі дұрыс екеніне көзім жетті. Керісінше ұлымның денсаулығы жақсара түскен секілді көрінді. Бүгінде менің қайын жұртымның бәрі бірдей вакцина алды. Бастысы жақындарым дін-аман, соған қуанамын. Қазір вакцина алуға қарсы емеспін. Себебі індеттің зардабын шеккендердің зарын өз көзіммен көрдім. Содан кейін аяғымды тарттым. Вакцинаға қатысты көзқарасымды өзгерттім, вакцина алған жақын жақындарымның бәрі аман-есен».