RSS лента

Қазақстандық вакцинаны жасаған ғалым маңызды мәлімдеме жасады

  • 11.04.2021, 00:25,
  • 841
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Сәуір айының соңында коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның 50 мың дозасы айналымға шығады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі Сoronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.

Аталмыш екпені әзірлеушілердің бірі, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі Леспек Кұттымбетов қазақстандық QazCovid-in вакцинасына туралы жан-жақты ақпарат берді.

 

– Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ қабырғасында коронавирусқа қарсы вакцина қалай жасалды?

 

– Коронавирусқа қарсы вакцинаны дәл осы жерде, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының BSL-3 (үшінші дәрежелі биологиялық қауіпсіздік деңгейі) ғимаратында жасадық. Бұл зертханада аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс жасауға барлық жағдай әзірленген. Былтыр 13 наурызда инфекция біздің елге енді. 28 наурыздан кейін бізге ауру адамдардан биоматериал жеткізілді. Біз бес күн ішінде аурудың қоздырғышын бөлдік. Келесі бір жарым ай ішінде белсенді емес вакцина жасалды.

 

Биологиялық қасиеттерін тексере бастағаннан кейін зертханалық жануарларға, соның ішінде атжалман мен резус макакаларына (маймылдарға) клиникаға дейінгі сынақтар жүргізілді. Содан кейін біз адамдарға клиникалық сынақтар жасай бастадық. Клиникалық зерттеулердің екінші кезеңінен өттік. Әзірге нәтижесі жақсы. Вакцина зиянсыз және иммунологиялық тұрғыда тиімді. Яғни, адамдарды аурудан толық қорғайды. Тіпті адамда иммунитеті төмендеп, ауру жұқтырғанның өзінде салдарын жеңілдетеді. Сондықтан вакцина алған адам белгілі бір уақыт ішінде COVID-19-дан қорғалған болады.

 

– Вакцина тиімділігін пайызбен мөлшерлеп айта аласыз ба?

 

– Үшінші кезең нәтижелері бойынша вакцинаның пайыздық қатынаста қаншалықты тиімді екені әзірге белгісіз. Бірақ алдын-ала мәліметтер бойынша, тиімділік 90%-дан жоғары. Зерттеудің бірінші және екінші кезеңінің нәтижелері бойынша вакцинаның тиімділігі іс жүзінде 100% болған.

 

-Отандық вакцинаны әзірлеуші ретінде QazCovid-in-ді өзіңіз еккізіпсіз. Қал жағдайыңыз қалай бағалайсыз? Бастапқыда қандай да бір қорқыныш болды ма?

 

– Бастапқыда жеті адам егілдік. Әрине, вакцинаны бір адам ғана жасамайды. Жалғыз өзім әзірледім деуден аулақпын. Бірнеше зертханада бірнеше профессор жасадық. Алғашқы үлгісін өткен жылдың шілдесінде жеті адам салғызғанбыз. Ешкімде патологиялық құбылыстар байқалған жоқ. Яғни, біз жағымсыз құбылыстарды сезбедік. Тек ине салған жерде бір күн бойы сәл ауырсынуды сезіндім. Қызу көтерілу, қалтырау және басқа реакциялар болған жоқ. Әріптестерімде де жағымсыз құбылыстар болған жоқ.

 

– Вакцина алған әріптестеріңіздің ішінде коронавируспен ауырғандар бар ма?

 

– Ондай жағдайлар болған жоқ.

 

– QazCovid-in вакцинасы қалыптастыратын антидене неше күн сақталады?

 

– Шешекке қарсы вакцинадан басқа екпенің бәрі өмір бойына иммунитет қалыптастыра алмайды. Ең жақсы, тиімді вакцина бір жылға, ең көбі екі жылға иммунитет береді. Яғни, кейін қайта вакцина алу қажет болады. Белсенді емес немесе әлсіз антигендік вирустық вакциналардан жасалған екпелер 6 айға иммунитет береді. Отандық вакцинаға келетін болсақ, егер біз шілде айында егілсек, зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша бізде әлі де иммунитет бар. Біз ай сайын қан аламыз, реакцияларды зерттейміз, нәтижесінде бізде антиденелер бар екенін көріп отырмыз.

 

– Әлеуметтік желіде адамдар отандық вакцинадан және жалпы вакцинадан қорқатындарын жазып жатады. Онай адамдарға не айтар едіңіз, қазақстандық вакцинаның айырмашылығы неде?

 

– Ия, әрине, бастапқыда халық арасында вакцинаға қатысты алаңдаушылық болды. Басында тек жағымсыз пікірлерді көретінбіз. Алайда, бір ай бұрын мен БАҚ-тағы барлық материалдарды қарап шықтым. Отандық вакцинаны күтіп жүргендер бар екеніне көз жеткіздім. Клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінде 44 адам егілді.

 

Екінші кезеңде 200 адам егілді. Қазір – 3000 адам. Бұл өте аз деп айтуға болмайды. Белгілі бір контингент қамтылды десек те, жас бойынша шектеу қойылған жоқ. Созылмалы ауруы бар адамдар да болды. Соның ешбірінде жағымсыз құбылыстар байқалмады. Вакцина алғандардың жағдайын медициналық қызметкерлер бақылап отыр. Ай сайын келіп түсетін есептік деректерде вакцинадан жағымсыз әсерлер байқалмады.

 

Жаппай вакцинация кезінде нұсқаулықта көрсетілген белгілі бір жағымсыз құбылыстар болуы мүмкін. Біз вакцинаның зиянсыз екеніне кепілдік бере аламыз. Өйткені өлтірілген вирустан дайындалған вакцина (белсенді емес вакцина) қолданып отырмыз. Белсенді емес вирус кез келген жағдайда зиянды әсер ете алмайды. Өйткені ол организмде көбеймейді. Сондықтан вакцинаның құрамы мүлдем зиянсыз. Біз өзімізді ешқандай қорқынышсыз немесе жағымсыз құбылысты күтпей-ақ егілдік.

 

Әрине, белгілі бір контингент ине сәл-пәл реакциялар сезінуі мүмкін (10-15%). Вакцина ауыр зардаптарға әкеледі деп қорқатындарға айтарым, мен әзірлеуші ретінде оның қауіпсіздігіне кепілдік беремін. Вакцина өте тиімді, өйткені вакцинаның құрамында белсенді зат бар. Ол –коронавирустың өзі. Біз оны бөлешектемей, тұтас күйінде әлсіретіп салдық. Ал басқа шетелдік вакциналарда «ковидтық» вирустың белгілі бір кішкене бөлігі ғана алынды. Ондағы вирус репродуктивті, яғни тірі. Мұндай вакциналар белгілі бір реакциялар тудыруы мүмкін.

 

Еске салсақ, COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина сынағының ІІІ кезеңі өтуде. «QazCovid-in вакцинасы қазіргі уақытта Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында өндіріліп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз. Сынақтан өтіп жатқан қазақстандық вакцинаның нәтижесі сәуір айында шығады. Сонымен қатар, қазақстандық вакцинаның артықшылықтары туралы да айттық. Сондай-ақ, қазақстандық вакцинаға қатысты қатар қолданылып жүрген QazCovid-in немесе QazVac атауларына түсінік берілді.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости