RSS лента

Коронаға қарсы жаппай егу қалай жүзеге асып жатыр?

  • 07.04.2021, 04:34,
  • 612
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Сәуле МАҒАУ

3 сәуірден облыс тұрғындарын жаппай вакцинациялау басталды. Ол коронавирустың алдын алу, оған қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында қолға алынып отыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мәселен, Атырау облысында індет басталғалы 18940 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде соңғы тəуліктерде 100-ден астамынан инфекция анықталып отыр. Жан сақтау бөлімінде 15 науқас бар. 13-нің жағдайы ауыр, 2-уі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Үш науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

 

– Облыста былтырмен салыстырғанда медициналық мекемелердің материалдық техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Үкіметтің жəне əкімдіктің қолдауымен, демеуші компаниялардың көмегімен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Барлық медициналық мекемелер жеке қорғаныш құралдарымен қамтылып, 2 айлық дəрілік қор жасақталды. Бүгінде тəулігіне 8300 зерттеу жүргізуге мүмкіндігі бар 15 ПЦР зертханасы жұмыс істеуде. Індет басталғалы бері 858 000 ПЦР зерттеу жүргізілді. Оның ішінде наурызда 114000 зерттеу жасалды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуəлиев.

 

Коронавирус инфекциясына қарсы күресте ұжымдық иммунитет қалыптастырудың бірден-бір жолы – екпе алу. Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес, елде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялау басталды. Осы мақсатта өңірде 22 екпе пункті жұмыс жасауда. Бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру қауіптілігі жоғары адамдар екпемен қамтылып отыр. Олардың қатарында медицина, санитарлық-эпидемиологиялық саланың қызметкерлері, педагогтар, учаскелік полицейлер, студенттер, төтенше жағдайлар, мемлекеттік күзет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, тағы басқалары бар. 3600 доза вакцина жеткізілді Бүгінде облыс халқына коронавирусқа қарсы жаппай «Спутник V» екпесі салынып жатыр.

 

– 2 сəуірде аймаққа 3600 доза вакцина жеткізілді. Олар егу пункттеріне толық таратылған болатын. Егу пункттері демалыссыз жұмыс жасауда. Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханадан 18 жастан асқан адамдар ала алады. Ол үшін емханаға алдын ала өтініш беруі қажет. 1 ақпан мен 2 сəуір аралығында өңірге 3 600 доза вакцина жеткізіліп, барлығы 3 598 адам егілді, – деді Асхан Байдуəлиев.

 

Өкінішке қарай, өңірде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Бұрын науқастардың басым бөлігі «Теңіз» кен орнында тіркелсе, бүгінде Атырау қаласында вирус жұқтырушылар көп. Мəселен, соңғы тəулікте 103 адам індеттің ілмегіне ілініп, оның 79-ы Атырау қаласында орын алды.

 

 – Соңғы 2 айды салыстырғанда аурушылық деңгейі 1,3 есеге жоғарылап отыр. Бұл көрсеткіш Атырау қаласында 2,2 есе, Жылыой ауданында 1,5 есе артты. Индерде 2 есе, Махамбетте 3,6 есеге көбейді, – деді облыстық бас мемлекеттік санитариялық дəрігері Мəдениет Танауов.

Осы жəне өзге жағдайларды мəлімдеген құзырлы орын өкілдері аурудың алдын алып, бірінші толқындағы жағдайларды қайталамау үшін тұрғындар сақтық шараларына бейжай қарамау қажеттігін тағы да атап айтты. Олар көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға да жауап берді.

 

 – Өңірде коронавирустық инфекцияның британдық штамы анықталды деген ақпарат қаншалықты рас?

 

 – Қазір мутацияға ұшыраған вирустың нақты қай штамға жататынын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеу қорытындысы əзірге шыққан жоқ.

 

– Түзету мекемелерінде сотталғандарға вакцина қалай салынады?

 

 – Олар да республика азаматтары. Сондықтан екпе салу бұл адамдардың келісімімен ерікті түрде жүргізіледі.

 

 – Вакцинаның ағзаға əсері қалай білінеді?

 – Екпе салған орын қызарып, ісуі мүмкін. Дене температурасы көтеріледі. Бұл – кез-келген екпе алғанда ағзада болатын жағдайлар. Ал кейбір адамдарда дене қызуы мүлдем көтерілмеуі мүмкін.

 

– Атырау қаласында өткен аптада жас қыз өзінің ұзату тойының алдында екпе алып, соның əсерінен көз жұмды деген əңгіме тарады. Бұл қаншалықты рас? Жалпы екпеден соң қайтыс болғандар бар ма?

 

– Өңірде екпеден кейін қайтыс болғандар жоқ. Екпемен қамтылғандардың барлығы алдын ала дəрігерлік тексеруден өтті. Одан əрі 30 минут бойы дəрігердің тұрақты бақылауында болды. Екпеден кейін сырқаттанып қалып, ауруханаға жеткізілгендер тіркелмеді.

 

– Жаппай вакцинациялау кезеңінде азаматтардың екпе таңдау құқығы бола ма?

 

– Қазір елде «Спутник V» вакцинасы ғана салынуда. Алдағы уақытта Қытайда өндірілген вакцина жеткізіледі. 15 сəуірден бастап қазақстандық екпе қолданысқа шығарылады. Сол кезеңдерде екпелер азаматтардың таңдауы бойынша алынады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости