Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева мәлімдеді.
"Бүгінге дейін Атырауға 29 620 ПТР тест алынған болса, оның ішінде коронавирус инфекциясын анықтау бойынша, 20 238 рет тест жасалды. Қазіргі уақытта тестілеу нәтижесінің мерзімі кешіктіріліп жатқандығы туралы шағымдар көптеп түсуде. Осы орайда, азаматтарға зертханаларда алынған барлық сынамаларды өңдеуге уақыт тапшы екенін айтқым келеді. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеуде. Өкінішке орай, Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің 90 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырған, олар қазіргі уақытта тиісті ем қабылдауда. Барлығының да отбасы, қарт ата-анасы, туыстары бар. Сондықтан, тұрғындардан болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарауларын сұраймын", – деді Гүлнафис Таңбаева.
Айта кетейік, кеше ТШО компаниясы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы ПТР аппаратын Каспий медициналық жеке клиникасының балансына беру туралы келісім жасасты. Зертхананың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылғаннан кейін, жуық арада емханадан коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесін алуға болады. Қазіргі уақытта ПТР сынақтарын өңдеумен «Invivo» медициналық зертханасы айналысып жатыр.