– Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әріптестерін өздерінің сыртқы саясат ведомство басшыларына БҰҰ аясында Ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін, сондай-ақ, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жайындағы Қазақстанның БҰҰ-да жасаған ұсынысын қолдау үшін тапсырма беруге шақырды.