RSS лента

Әлем бойынша биылғы ең ірі конференция өтті (+фото)

  • 05.12.2020, 23:18,
  • 784
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект және деректерге талдау жасаудың өзекті мәселелеріне арналған «Artificial Intelligence Journey» атты онлайн конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасай отырып.

90 елден 28 мыңнан астам адам қатысқан бұл шара әлем бойынша биылғы ең ірі конференция болды.

 

«Master event» Жасанды интеллект: болашаққа жауапкершілікпен қарау» тақырыбында өткен пленарлық талқылауға Мемлекет басшысымен қатар Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. Жиынға «Сбербанк» БАҚ президенті, басқарма төрағасы Герман Греф модераторлық етті.

 

Қазақстан Президенті өз сөзінде әлем экономика, қауіпсіздік, медицина, саясат сияқты адам қызметінің бағыттарын қамтитын жасанды интеллект, машина арқылы оқыту және нейрондық желілер дәуірінде өмір сүріп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістерді COVID-19 пандемиясы кезінде қарапайым адамдар да сезінді.

 

– Бұл бізге мойын бұруға мұрша бермей, заманауи технологиялар жетектеп апара жатқан мүлдем жаңа әлем. Ол жарқын келешек пе, бұлыңғыр болашақ па? Келешек ұрпаққа не қалдыратынымыз? Бұл біздің – инженерлердің, IT- мамандарының, экономистердің, әсіресе, саясаткерлердің жұмылған күш-жігеріне байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда жасанды интеллектінің кескініне қарап-ақ, ауруды анықтап, диагноз қоюға, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты.

 

Президент сарапшылардың болжамдарынан мысал келтірді. Олардың айтуынша, жасанды интеллектінің қолданылуы қауіпті инфекциялары бар аурулардың келесі толқынын 18 ай бұрын анықтауға мүмкіндік жасайды. Бұл күрделі жағдайға дайындалу үшін айтарлықтай уақыт береді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жасанды интеллект технологиясын өркендетуді және үлкен деректерге талдау жасауды дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде анықтағанын жеткізді. Оның пікірінше, географиялық тұрғыдан үлкен мемлекеттерге ел ішінде «цифрлық теңсіздікті» төмендету және «цифрлық агломерация» маңызды болмақ.

 

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізу жөнінде қабылданған шаралар және пандемия кезінде олардың атқарған маңызды рөлі туралы айтты. Мәселен, бұл – мемлекеттік қызметтерді қашықтан ұсыну, қашықтан бірегейлендіру және әлеуметтік жәрдемақы алу үшін шоттарды ашу сияқты қызметтерге қатысты.

 

Сонымен қатар Қазақстан Президенті мемлекеттік басқару жүйесін жақсартуда, мемлекеттік саясаттарды іске асырудың сапасын арттыруда ақпараттық технологияларды қолдануға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ фактілерге негізделген саясатты қалыптастыруда және оны тиімді іске асыруда ауқымды деректерді цифрландыру мен оларды талдаудың рөлін атап өтті.

 

Президент өз сөзінде нақты уақыт тәртібінде деректердің болуы, сондай-ақ толық емес немесе анық емес ақпаратқа негізделген болжам жасау кезінде жасанды интеллектінің көмегі қабылданатын шешімдердің сапасын түбегейлі өзгертуі мүмкін екенін айтты.

 

Мемлекет басшысы мәлімдегендей, Қазақстанда қазіргі уақытта үлкен деректерді жинақтауға және іріктеуге арналған жаңа тәсілдердің «Data-Driven Government» тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізілуде.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті экожүйені жоспарлы енгізудің қажеттігі туралы мәлімдеді. Оның ақпаратына сәйкес, Назарбаев Университетінің базасында Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты құрылды. Аталған Институт Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, жеке зертханасы, деректерді өңдеудің зерттеу орталығы және жасанды интеллектіні дамытудың ғылыми паркі бар ұлттық кластер құруды жоспарлап отыр.

 

Сонымен қатар Президент Қазақстан Үкіметі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Дүниежүзілік экономикалық форум арасында «Астана» ХҚО платформасындағы және құзыретіндегі Төртінші өнеркәсіп революциясының үлестес орталығын ашу туралы келісімнің бар екенін айтты. Аталған орталық  инновациялық жобаларды іске асыру саласы бойынша реттеушілік нормаларды дамыту мақсатында Орталық Азияның мемлекеттік құрылымдарын, бизнесі мен индустриялық әріптестерін біріктіреді.

 

Қазақстандағы цифрландыру үдерісі тақырыбын жалғастыра отырып, Президент еліміз үшін жаңа технологияларды қолдану – мақсат еместігін,  азаматтардың өмірін және бизнесті жақсартудың тәсілі екенін атап өтті. Оның пікірінше, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын дамыту сән қуу емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің басты құралы.

 

– Мемлекет машина сияқты жұмыс істеуі тиіс, бұл дұрыс. Алайда, шын мәнінде, халық үніне құлақ асатын мемлекет және мемлекеттік қызметшілердің бойында эмпатия, уайымдау сезімі болуы керек. Олар азаматтармен өзара іс-қимылға ресурстарды көбірек жұмсауы тиіс,  – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Сонымен қатар Президент конференция қатысушыларының назарын жасанды интеллектіні дамыту және енгізу кезінде ескерілуі тиіс сын-қатерлерге аударды. Оның айтуынша, өңделетін ақпараттың үлкен бөлігі құпия болған жағдайда жеке мәліметтердің қауіпсіздігі мен оларды қорғау мәселесі туындайды. Мемлекет басшысының пікірінше, аталған мәселені шешу үшін оның теңгерімін табу қажет.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін жалғастыра келе, жасанды интеллектіні қақтығыстар, геосаяси текетірестер кезінде «қару» ретінде қолдану мүмкіндігін айтты. Қауіпсіздіктің қалыптасқан құрылымындағы және қарулануды бақылаудағы сын-тегеуріндер кибертехнологиялардағы және жасанды интеллект саласындағы текетірестер нәтижесінде шиеленісе түсуі мүмкін.

 

Осыған байланысты күшті дамыған технологиялары бар кейбір мемлекеттер, саяси одақтар және тіпті, жеке корпорациялар ерекше мәртебеге үміткер болып, өзге мемлекеттерді өз шарттарын қабылдатуға мәжбүрлеуі мүмкін деген болжам айтты.

 

Президент әлемнің саяси басшыларына жасанды интеллект технологияларын адамға және оның құқықтарын бұзуға қарсы қолданбау туралы Меморандумды қабылдау мүмкіндігін ойластыруды ұсынды. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай құжат адамзат үшін моральдық-этикалық пакт және жасанды интеллект пен оны әзірлеушілер үшін үзілді-кесілді императив болуы мүмкін.

 

– Біздің міндетіміз осындай сипаттағы кері әсерлерді болдырмау шараларын қалыптастыру. Жаңа заманның табысы біздің жаңа технологияларға енгізетін адамгершілік деңгейіне тәуелді болмақ. Машиналар мен роботтардың ойлау процестері сындарлы бағытта ғана дамуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент сөзін қорытындылай келе, жасанды интеллекті дұрыс қолданған кезде бізге барынша үйлесімді әрі байсалды дамуға мүмкіндік беретін құрал болатынын атап өтті.

 

Мемлекет басшысы пленарлық пікір алмасу аясында модератор мен сарапшылар қойған бірқатар сауалдарға жауап берді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости