RSS лента

Тамара Дүйсенова ТШО-ға өзі барып, еңбек жағдайын талқылады

  • 19.07.2022, 02:27,
  • 330
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Атырауға іссапармен барған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Теңізшевройл» ЖШС базасында жұмыскерлердің еңбек жағдайын талқылады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ВИДЕО:

https://youtube.com/shorts/T1QMCAiiDqI?feature=share


ӨҢІРГЕ ІССАПАРМЕН КЕЛГЕН ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА ЕҢ АЛДЫМЕН «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» ЖШС-ДЕ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ БОСАТУ МЕН КЕЙІННЕН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНҒАН КЕҢЕСКЕ ҚАТЫСТЫ. СОНДАЙ-АҚ, ЖИЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВ, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ КЕВИН ЛАЙОН ЖӘНЕ ТШО-НЫҢ МЕРДІГЕРЛІК ҰЙЫМ ӨКІЛДЕРІ ДЕ БОЛДЫ.

 

ЕҢ АЛДЫМЕН – ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ

 

Министр облыс әкімдігі жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Ол жергілікті атқарушы билік органдарын қызметкерлердің құқықтарын қорғау мен еңбек дауларын болдырмауға ерекше назар аударуға шақырды.

 

Бүгінде өңірдегі 9,5 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйымда 278 мың жалдамалы қызметкер еңбек етеді. Аймақтағы компаниялармен 242 мың жұмыс орнын сақтау бойынша 3,7 мың меморандум жасақталған. Ірі және орта кәсіпорындардың 97,8 пайызы өз қызметкерлерімен ұжымдық шарттар жасасқан. Облыстағы 109 кәсіпорын 108 мың жұмысшының жалақысын 5-50%-ға дейін көтерді. Бұлардың арасында еңбек дауы туындау қаупі бар кәсіпорындар да бар.

 

– Жергілікті атқарушы органдар еңбек жанжалдарының алдын алу және оларға жол бермеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі қажет. Жұмыс берушілердің ұжымдық шарт пен меморандум жасақтап, жұмыс орындарын сақтау бойынша алған міндеттемелерін қалай орындап жатқанына тұрақты мониторинг жүргізу маңызды. Жұмысшылар еңбек жағдайлары мен жалақы деңгейіне қанағаттана ма, жоқ па, соған үнемі сауалнама жүргізіп отыру қажет, – деді Тамара Босымбекқызы.

 

Сондай-ақ, аймақтағы тоғыз кәсіпорында жалпы сомасы 34 миллион теңгені құрайтын еңбекақы берешегі бар екенін айтқан ол әкімдікке аумақтық прокуратура, қаржы және әділет органдарымен бірлесіп, жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтеудің егжей-тегжейлі жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. 

 

Сол сияқты, шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерді тексеру барысында біраз заңбұзушылықтар анықталғанын айтып өткен министр пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Айтуынша, бұл мәселені облыс әкімі басқаратын өңірлік үшжақты комиссияда қараған жөн.

 

Бұдан бөлек, сала басшысы өндірісте зардап шеккен 21 қызметкердің үшеуі қаза тапқанына қынжылыс білдіріп, көңіл айтты.

 

– Облыс әкімдігі ең көп жазатайым оқиғаларға жол берген әрбір жұмыс берушімен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету ісшараларының жоспарын әзірлеуі тиіс. Оның орындалуын міндетті түрде бақылауға алып, бекітіп отыруы қажет. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында кәсіпорындарға барып, профилактикалық бақылау жұмыстарын күшейтуі керек, – деп түйіндеді ол.

 

ЕШКІМ ДЕ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

 

Осыдан кейін Тамара Дүйсенова, Серік Шәпкенов және Кевин Лайон мердігерлік ұйымдардың жұмыстан босатылатын қызметкерлерін жұмысқа орналастыру жөніндегі жол картасына қол қойды. Онда министрліктің, өңір әкімдіктерінің ТШО-мен және қосалқы мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылының нақты алгоритмі көрсетілген.

 

«Келешек кеңею» және 2022-2023 жылдарға арналған «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» жобаларының құрылысы аяқталғандықтан қазір 7,6 мыңнан астам қызметкер жұмыстан босатылып отыр. Оларға жұмыс тауып беруді енді жергілікті орган өкілдері айналысуы керек. Осыны айтқан министр бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.  

 

– Бүгінде жұмыстан босағандардың 1,1 мыңы ТШО-ның ішінен, ал, 449-ы компаниядан тыс жерден жұмыс тапты. Электрондық еңбек биржасында 108 мың бос жұмыс орны бола тұра, жергілікті атқарушы органдардың жұмысқа орналастыру деңгейі төмен. Сондықтан жұмысты жандандыру қажет. Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберіндегі 10,4 мың орын бос тұр. Оның 25%-ы – техникалық мамандықтар, – деді ол.

 

Айтпақшы, жұмыстан босағандардың көбісі – басқа өқңірлерден келген. Сондықтан ТШО-ның ішінен жұмыс таба алмағандарды әкімдіктер жергілікті жерге орналастыруды ойластыруы керек. Осы орайда, Серік Жамбылұлы жасалып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды.

 

– Мемлекет басшысы халықтың табысын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сол себепті ТШО мен оның мердігер компанияларынан жоспарлы түрде босатылған азаматтар жаңа жұмыспен қамтылатын болады. Бұл ретте, біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен бірге, өңірдің Кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынбақ. Соған жұмыстан босағандарды тартып, жұмыссыздық мәселесін шешіп алуға болады, – деді ол.

 

ТШО-НЫҢ ЕСІГІ АШЫҚ

 

Өз кезегінде Кевин Лайон жол картасы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

 

– «Теңізшевройл» кәсіпорны Атырау облысының әкімдігімен, ҚР Энергетика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлескен жұмысты бағалайды. Біз түрлі жұмыстардың аяқталуына орай, «Келешек кеңею» және 2022-2023 жылдарға арналған «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» жобаларының жүзеге асу барысына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазір жобаның 93%-ы орындалды. Жоба басталғалы ТШО жергілікті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырды. Олар – болашақта отандық және шетелдік өнеркәсіп жобаларында тәжірибесі мен білімін қолдана алатын 25 мыңнан астам қазақстандық маман. Сондай-ақ, жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды таратуға үлесін қосты, – деді ол.

 

Енді жол картасы негізінде ТШО әр тоқсан сайын министрлік пен жергілікті әкімдіктерге мердігер ұйым қызметкерлерінің жұмыстан босатылуы жөнінде ақпарат ұсынып, электрондық еңбек биржасына орналастырады. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар – қысқа мерзімді оқуға жіберу, субсидияланатын жұмыс орындары мен Ұлттық жобалар шеңберіндегі жобаларға жұмысқа орналастыру, грант пен микрокредиттер беру мәселесін шешуі керек.

 

Айта кетейік, жұмыстан босатылатын қызметкерлерге бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Ал, жұмыстан мүлде босағандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалмақ.

 

Одан әрі министрдің сапары APEC PetroTechnic жоғары колледжінде жалғасын тапты. Онда техникалық, соның ішінде мұнай-газ саласының мамандары дайындалады.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ӘЛІ ДЕ АЗ...

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова үкіметтік емес және ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен, көпбалалы аналармен және зейнеткерлермен кездесу өткізді. Ол әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жақсартудың жаңа тәсілдері туралы хабардар етті.

 

Кездесу барысында министр тәуелсіздік жылдары Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі құрылғанын атап өтті. Онда мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлем, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар мен өмірдің барлық кезеңдерінде салық салу кезіндегі жеңілдіктер қамтылған.

 

– 2021 жылы мемлекеттік бюджеттен 4,9 млн азаматқа зейнетақы мен әлеуметтік төлем төлеуге шамамен 4 трлн теңге бөлінді. Бұл бүкіл ел бюджетінің төрттен бір бөлігін құрады. 2021 жылы Атырау облысы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны 193,5 мың адамды немесе облыс халқының жалпы санының 29,3 %-ын құрап, төлемдердің жалпы сомасы 125,6 млрд теңгені құрады. Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері жыл сайын артып келеді. Биылдан бастап базалық зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 5%-ға, ынтымақты зейнетақы 7%-ға индекстелді. 1 сәуірден бастап инфляция дәлізін қайта қарауға байланысты барлық зейнетақылар мен жәрдемақылар қосымша 4%-ға индекстелді, – деді Тамара Дүйсенова.

 

Министр мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударатынын атап өтті. Оған бюджеттен төленетін жәрдемақылардың бес және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің екі түрі кіреді. Биыл бұл мақсатта 38,3 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артық.

 

Айтуынша, қабылданып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары елдегі демографиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. 2020-2021 жылдары республикада тәуелсіздік жылдарынан бері бала туудың ең жоғары көрсеткіштері белгіленді (2020 жылы – 426,8 мың, 2021 жылы – 446,8 мың бала). Бұл ретте отбасында үшінші, төртінші, бесінші және одан да көп баланың туылуы бойынша оң үрдіс байқалады.

 

ПОРТАЛДА БӘРІ БАР

 

Осы орайда, Тамара Босымбекқызы арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесі және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Белгілі болғандай, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету қазір Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда мүгедектігі бар адамдар оңалтудың техникалық құралдарын, санаторлық-курорттық емдеу, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерін және оларды жеткізушілерді өз бетінше таңдай алады. Жыл басынан бері атыраулық тұрғындар портал арқылы 11 мыңнан астам оңалту шарасына қатысқан.

 

– Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу: оңалту құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз ету уақытын 8 айдан 2 аптаға дейін қысқартуға; мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтер мен ОТҚ таңдауды өнім берушіден жеке қажеттіліктерін, сапасын, беделін және басқа пайдаланушылардың пікірлерін ескере отырып, тікелей ұсынуға; мүгедектігі бар адамдардың қай жерде орналасқанына қарамастан, оңалту құралдары мен қызметтерін таңдауына мүмкіндік беру, мысалы, санаторийді ауруына байланысты басқа аймақтан таңдауға болады. Алайда, оңалту құралдарының сапасына, жеткізушілер ұстанатын баға саясатына қатысты мәселелер әлі де бар. Сондықтан бұл жұмыстар жалғасатын болады, – деді Тамара Дүйсенова.

 

Министр сондай-ақ барлық өңірде мүгедектікті сырттай белгілеу пилоттық режимде енгізілгенін айтты. 

 

– Мүгедектікті сырттай белгілеу тетігі бүкіл процесті түбегейлі өзгертеді және куәландырылатын адамның тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға ғана жүгінуін көздейді. Денсаулық жағдайы туралы ақпарат және азаматтың тыныс-тіршілігінің бұзылу дәрежесі туралы дәрігерлердің қорытындылары медициналық ақпараттық жүйелер арқылы Еңбек министрлігінің орталықтандырылған деректер базасына түседі. Сол жерден, жеке деректерді көрсетпей, ақпарат бұрынғыдай тұрғылықты жері бойынша емес, үш аймақтың тиісті сараптамалық комиссияларына автоматты түрде жіберіледі. Олардың қорытындылары негізінде объективті шешім шығарылады. Бұдан әрі мүгедектік, ОТҚ және оңалту қызметтері бойынша жәрдемақы проактивті түрде, яғни азаматтың түрлі инстанцияларға жүгінуін қажет етпей тағайындалады, – деді түсіндірді министр.

 

Айта кетейік, былтыр аймақта 9,8 мың адам куәландырылса, оның 2,1 мыңы – алғаш рет. Кездесу барысында министр бүгінде республикада 2,2 млн зейнеткер болса, соның 62,3 мыңы Атырау облысында тіркелген екен.

 

Былтырмен салыстырғанда биыл ынтымақты зейнетақы мөлшерінің өсуі 11%-ды, базалық зейнетақы өсімі – 9%-ды құрады. Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша базалық зейнетақыны есепке алғанда республика бойынша зейнетақының орташа мөлшері 117,5 мың теңгені, Атырау өңірінде – 116,2 мың теңгені құрады.

 

ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС БАР МА?

 

Сапардың соңына қарай министр жас мамандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы айтып берді.

 

«Өткен айда Электрондық еңбек биржасында біз Қазақстандағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Іс-шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталды. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банктер мен сауда желілері қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың түйіндеме келіп түсті. Жұмыс берушілер қазіргі уақытта таңдалған кандидаттарға одан әрі бағалау жүргізуде. Мұндай жәрмеңкелер тұрақты негізде өткізіледі» деді ол.

 

Тағы бір маңызды бағыт – Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жас кәсіпкерлер мен стартап-жобаларды қолдау. Биыл жастардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға 10 мың грант бөлінді. Өтінім беруден бастап грант беруге дейінгі процесс Business Enbek платформасының көмегімен толық автоматтандырылған. Онда үміткерлер барлық қажетті құжаттарды электрондық форматта толтырады.

 

Сөз соңында Тамара Дүйсенова еңбек нарығында ең үлкен қиындықтарға тап болған жастар – жұмыс орындарын субсидиялау бойынша жоғары оқу орны мен колледж түлектеріне арналған «Жастар практикасы», білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқтарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатыса алатынын атап өтті.

 

Бұдан кейін ведомство басшысы журналистермен арнайы брифрнг өткізіп, өзекті сауалдарға жауап берді.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости