ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім еткендей, шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 650 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 246 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 511 адам және 488 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 723 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 825 адам тартылған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 718 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 478 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды.
Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3 656 адам, Өзбекстан – 1 741 адам, Түркия – 1 588 адам, Үндістан – 1 090 адам, Ұлыбритания – 930 адам.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.