Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 637 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 214 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 236 адам және 590 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 689 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 720 адам тартылған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 487 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды.
Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3 613 адам, Түркия – 1 484 адам, Үндістан – 1 106 адам, Венгрия – 1002 адам, Өзбекстан – 654 адам.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.