ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәлім етілгендей, еңбек ететін 8,7 млн халықтың жартысынан көбі, яғни 51,8% (4,5 млн адам) – ерлер, 48,2% (4,2 млн адам) – әйелдер. 2020 жылы жалдамалы қызметкерлердің саны 6,7 млн адамды немесе жалпы жұмыспен қамтылған халық санынан 76,6% болды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2 млн адамды немесе 23,4% құрады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санынан жұмыспен нәтижелі қамтылғандар үлесі – 90,3% (2019 жылы – 91,1%), жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар 9,7% (2019 жылы – 8,9%) болды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады, ерлер арасында – 4,4%, әйелдер арасында – 5,4%. 15-28 жастағы жастар арасында жұмыссыздық – 3,8%.