Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Зейнетке шығу жасын өзгерту туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ» деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Егер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау сайтындағы ақпарат рас болса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнетке шығу жасы – 63, әйелдер үшін – 59,5.
«Қазіргі уақытта зейнеткерлік жасты төмендету бойынша мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Бүгінде біздің зейнетақы жүйеміз еңбек өтіліне байланысты, бұл мемлекет еңбек қызметі есебінен төленетін ынтымақты зейнетақы мен кепілдендірілген базалық зейнетақы, жинақтаушы құрам» деді министр Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, зейнетақының ынтымақты бөлігі біртіндеп қысқарады. Себебі, ол 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі үшін төленеді.
«Бірінші орынға жинақтаушы зейнетақы жүйесі шығады, ол ең алдымен жинақтаушы жүйеге қатысу ұзақтығына және жинақ сомасына байланысты. Бұл жағдайда халықтың табысын, адекватты жинақтарды, азаматтар үшін жинақтардың жаңа көздерін арттыру міндеті тұр. Бұл міндеттер жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, ресми жұмыспен қамтуға және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтарымыздың зейнетақы активтерінің табыстылығына қатысты» деді министр.
Сонымен бірге, Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (бұдан әрі – БЗЖҚ) зейнетақы жинақтары жеткілікті болса, зейнетақы аннуитеті құқығын (зейнеткерлік жасқа дейін зейнеткерлікке шығу) пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін – 51,5 жас мөлшерінде белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.
«Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес, заңда әйелдердің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде 6 ай сайын арттыру көзделген. Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру ынтымақты зейнетақы жүйесінің біртіндеп «тоқтатылуына» байланысты (ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана есепке алынады, сондықтан оның мөлшері жылдан жылға азаяды). Осыған орай әйелдерге жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін және жинақталған зейнетақы қаражатының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріледі. Бұл болашақта оларға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді, оның мөлшері 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.
Сол сияқты, зейнеткерлік жастың ұлғаюы қазіргі уақытта зейнетақыны ерте алуға құқығы бар әйелдерге әсер етпейді:
– 5 немесе одан да көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жаста;
– Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 5 жыл өмір сүрген әйелдер – 45 жаста.
Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың балаларына күтім жасаған уақытын, бірақ әр бала үш жасқа толғанға дейін, барлығы 12 жыл шамасындағы уақытын зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есепке алу бойынша жеңілдік сақталды.