Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов және салынып жатқан «KamaTyresKZ» кәсіпорнының басшысы Александр Смышляев баяндама жасады.


Т. Дүйсенованың айтуынша, ұлттық еңбек нарығына демографиялық өзгерістер мен әлемдік экономиканың құбылмалылығы әсер етті. Бұл саладағы ең үлкен өзгеріс жаңа жұмыс күшінің пайда болуымен байланысты.


«2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.


Тамара Дүйсенова сараптамалық мәліметтерге сәйкес, шамамен 500 мың адам онлайн-платформалық жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. 


Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартудың пилоттық жобасын әзірледі. 


Т. Дүйсенованың айтуынша, платформалық жұмыспен қамтуды тану қолайлы режимді сақтай отырып, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.


Үкімет басшысы жобаны қолдап, ондағы бюрократиялық және басқа да кедергілердің бәрін алып тастау қажет екенін айтты.


Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Мәселен, жастар практикасына, «алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы артып, қатысу мерзімі ұзартылды.


Жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға өз ісін ашу үшін берілетін грант мөлшері екі есе (400 АЕК-ке дейін) артты. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 146 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Жыл соңына дейін мемлекеттік қолдау аясында 500 мыңнан астам адамды жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға азаматтардың өздері Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналаса алады.



Мұндағы ең маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру, деп атап өтті Үкімет басшысы.


«Биыл ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек», — деді Әлихан Смайылов.


Ол кәсіпкерлік негіздерін оқыту жұмыспен қамтудың тиімді құралына айналғанын атап өтті. Өткен жылы осындай курстарда 33 мыңнан астам адам оқып, оның 15 мыңы өз бизнесін ашты. 


Бұл ретте business.enbek.kz бірыңғай кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен гранттар беру бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды.


Әлихан Смайылов Президенттің тапсырмасы бойынша биылдан бастап мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысының тиімділігі жаңа жұмыс орындарын құру бойынша KPI-ға қол жеткізу негізінде бағаланатынын атап өтті.


Осыған орай Үкімет басшысы мынадай тапсырмалар берді.


  • жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты бос жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз ету;
  • жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін қамтамасыз ету;
  • цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
  • 25 маусымға дейін әкімдерді бағалау үшін әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны индикаторын белгілеп, жаңа жұмыс орындарын нақты есепке алу әдістемесін бекіту;
  • субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың кемінде 60%-ын тұрақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету.