Осы мақсатта республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 95 миллиард теңге қарастырылған екен.
Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерінің жалақысы көтеріледі.
«Атап айтқанда, стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды. Нәтижесінде 1 қаңтардан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ағымдағы мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі» делінген ресми хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, медициналық-әлеуметтік мекемелердің әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40%-ке дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда. «Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде тұрып, ерекше контингентпен жұмыс істеді. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңыздылығын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлердің тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз» деді ол.
Айта кетейік, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен алдағы үш жылға шамамен 95 миллиард теңге бөлінбек.