RSS лента

Сараптама: Жыр болған жанармай...

  • 22.10.2021, 06:24,
  • 401
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Бензин де, дизель немесе авиация отыны да – мұнай өнімдері. Демек, олардың құнының қалыптасуында ортақ ұқсастық бар, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ендеше, біз де мәселеге тереңірек үңіліп көрмек болып тұрақты сарапшымыз Меңдібай Елемесұлының көмегіне жүгіндік...

 

– Турасын айтқанда, басқалармен бағамдағанда Қазақстанда жанармай аса қымбат емес, – деп санайды спикер. – Еліміз оның бөлшек саудадағы арзандығы жөнінен әлемдегі алғашқы он мемлекеттің қатарынан табылады. Алыстағыны айтпағанда, іргелес Ресей мен Өзбекстанға қарағанда ол бізде төмен. Мәселен, бұдан бес-алты жыл бұрын жанармай құю стансаларындағы баға солтүстіктегі көршімізбен салыстырғанда шамалас еді. Қазір айырма 45-50 пайызға жетті. Өзбек елінде де қымбатшылық қалыптасқан. Ендеше, біз неге дабыл қағып жүрміз? Кейбір деректерге қарағанда, әр литрге шаққанда дизель отыны Ресейде 90, Өзбекстанда 70-80 теңге қымбат көрінеді.

 

Ал, Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов шекараның ашықтығын айтып, шарасыздық танытады. Шындығында, республикада жанармай құны көршілердікінен де қымбат болуы тиіс-ті. Өйткені, бұрын да айтқанымыздай, 2011-2018 жылдары үш зауыт та қайта жаңғыртылды. Оған қыруар қаржы жұмсалды. Сырттан инвестиция тартылды. Мойындауымыз керек, осы шығындарды өтеу жолында біздегі баға шарықтап-ақ кетуі керек еді. Нағыз дүрбелең сонда туатын. Әйтсе де, бұл жерде мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Егер бұрын зауыттарға тапсырылатын мұнайдың әр тоннасына берілетін қаржылық көмек 45-50 доллар болса, қазір 110-150 долларды құрайды. Ақшаға шаққанда жылына 640 млн. АҚШ долларынан 1,9 миллиардқа жеткен. Есептеп қарағанда, осы қаражатқа қаншама мектеп пен аурухана немесе спорт кешені, мәдениет үйлерін тұрғызуға болар еді? Халыққа жетпей жатқан әлеуметтік нысандар ғой бұлар. Ал ол әзірге жанармай қымбатшылығын тежеуге арналуда. Үкіметке ренжуге негіз бар ма енді?

 

Алайда, сарапшылар мұндай демеудің қажетсіздігін айтады. Үкімет бұл қадамға саналы түрде барып, инфляцияны күшпен тежеуде. Өйткені, жанармай бағасы бұғаусыз кетсе, оның соңынан басқа салада да қымбатшылық орын алмақ. Азық-түлік пен жолаушы тасымалдау құны көтерілмек. Бұл халыққа керек пе? Қазір де мамандар қазақстандықтардың шығыны өсіп, табысы кеміп бара жатқандығын айтады. Демек, сауданы азды-көпті тезге салмаса, мүлдем ырыққа көнбей кетуі әбден ықтимал. Әйтсе де, кәсіпорындар өзара байланысын күшпен көндіруге бола ма? Бұл нарық заңына қайшы емес пе? Жанармай қымбаттаса, мүмкін, көліктердің бос жүрісі азаяр. Баламалы қатынас құралдары пайда болар. Жаңа ізденістерге жол ашылар. Қазір мұнай өңдеу зауыттары шашетектен шығынға батып отырмаған да тәрізді. Қазақстандық тұтынушылар үшін өнімі де қымбат, мемлекет тарапынан қолдауға да ие. «Қасқыр да тоқ, қой да аман» осындай тірлік өндіріс басшыларын қанағаттандыруы да мүмкін. Бірақ, бұлай жалғасуы мүмкін емес. Бюджеттің де сұрауы бар. Әрі қарай кәсіпкер мен тұтынушының арасындағы байланыс «сұранысұсыныс» түрінде өрбуі ықтимал. Қымбатшылық сонда артып кетпесіне ешкім кепілдік бермейді.

 

Жалпы, ақылмен пайымдағанда, мұнай өнімдерінің бағасы шикізатқа тікелей қатысты болуы шарт. Яғни, әлемдік нарықта «қара алтын» құны кемісе, одан жасалатын дайын тауар да арзанға сатылуы тиіс. Анау АҚШ пен мынау Сауд Арабиясында осындай өзгерістен тұтынушылар біраз қаражат үнемдейтін көрінеді. Ал қазақстандықтар үшін дүниежүзілік додада шикізат бағамының өсуі немесе түсуі бәрібір тәрізді. Одан дайындалған өнім сол қалпында сақталса, әрине, солай. Бұл жерде, қайталап айтқанда, сырттан алынған қарыздың қайтарымы алға тартылады. Ерте ме, кеш пе – түбі несие берілуі тиіс. Жаңартылған зауыттар өнімдерін арзанға сатса, өздеріне табыс түсіре алмайды. Мыңдаған жұмысшының жалақысынан, әлеуметтік ахуалынан бөлек инвесторға берешек бар. Жақында тұтас еліміздің тысқа борышы артып бара жатқандығы жөнінде айтылды. Күрделі жөнделген кәсіпорындар да – мемлекет меншігі. Шетелдік үлес болғанымен, Қазақстан қолынан шығарған жоқ.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанындай, «Үш мұнай өңдеу зауыты елімізге тиесілі. Шетелдік инвестиция құйылғанымен, мемлекеттік үлес те бар». Демек, Энергетика министрлігі де, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры да, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да қалыптасқан жағдайды жөнге келтіруге атсалысуы керек-ті. Сонда Үкімет те орынсыз шығынданбас еді. Әйтпесе, қазір қаржылай қолдау көрсету арқылы өндіріс ошағының ойсырамауына да көмектеседі, халықтың қалтасына қол салуға да жол бермейді. Тек аралық шығынды әрі қарай өтей беруге мемлекеттің мүмкіндігі болар ма екен? Қайт а жарақт андырудан соң шикізатты өңдеу көлемі артты. Мәселен, Атырауда 4,7-ден 5,5 млн. тоннаға өсті. Шымкент пен Павлодар зауыттарының қуаты жылына алты миллионға жетті. Сонда бір жылда 17,5 млн. тонна мұнай өнімі шығарылады екен. Аз ба, көп пе? Күрделі жөндеуден соң жанармайға тапшылық сезілмейтіні, оның бағасы қолжетімді болатындығы жөнінде айтылып еді. Өкінішке қарай, сол күткен меженің алынбағаны ма?

 

Қазір, Энергетика министрлігінің басшылығы мойындап отырғанындай, жазғы да, қысқы да дизель отыны Ресейден алынуда. Оның үстіне, маусымаралық солярка бар. Оның әр литрге шаққандағы құны сол елде арзан болғанымен, экспортқа қымбатқа сатады. Бұған тасымал шығынын, тауар жеткізушілер қояр бағаны қосыңыз. Сонда қазақстандық тұтынушының қолына қаншалықты қымбаттап тиетінін пайымдауға болады. Жалпы, соңғы он жылда республикада бензин бағасы 73-79, ал дизель отыны 131 пайызға өсіпті. Осы аралықта 2019 жылы ғана аз-кем арзандаған. Өзге уақытта жоғары өрлеп келеді. Соңғы екі жылда 170 пайызға қымбаттаған. Биылғы 9 айда әр литрі 188 теңге еді, қазір 250-ге жуықтады. Энергетика вицеминистрі Әсет Мағауов 300-ден асуы ықтималдығын жоққа шығармайды. Рас, содан соң төмендеуі де болжанады. Ол сырттан жеткізілетін солярка арқылы мүмкін болмақ.

 

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев биылғы тамыздан бастап дизель отыны қоры күрт кемігенін айтады. Көп тұтынып қойыппыз. Е, мұны да болжауға болатын еді ғой. Құны екі триллион теңгеден асатын үш зауытты жаңғыртудан негізгі күткеніміз – ішкі сұранысты қолжетімді жанармаймен жеткілікті қамтамасыз ету еді. Олардың жөндеуаралық мерзімін 45 күннен 20-ға азайту болжанған. Сонда қор да толық тұратын, баға да икемге көнетін. Мемлекет басшысы «Алайда, іс жүзінде жөндеу саны, оны өткізу мерзімі мен кәсіпорындардың апатты жағдайда тоқтауы кеміген жоқ» деп реніш білдірсе, қажетті межеге қол жетпегені ғой. Қазір кейбір сарапшылар осы күрделі жөндеуге жан-жақты баға беруді көтеріп жүр. Екі триллион теңге ойыншық емес. Талай істі сапалы тындыруға болар еді. Рас, бәрі желге ұшпаған шығар, бірақ тиімсіз жұмсалған тұсы да табылуы мүмкін. Әсіресе, Атыраудағы зауыттың кенет тоқтап қалуы жоғарыдағылар да күтпеген жайт болды.

 

Мемлекет басшысының «Үкіметке «СамұрықҚазына» әл-ауқат қорымен бірге Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тоқтауға кінәлілерді анықтап, жазалау шарасын алу жүктелді. Сыпайылап айтқанда, мұнда толған былық. Жалпы, қазақстандық кәсіпорындарда ақша шешудің түрлі тәсілі қалыптасқан тәрізді» деуі шыдамның да шегі бар екенін көрсеткендей. Қаржылық мониторинг агенттігі, Есеп комитеті бірлесіп тексеру жүргізіп, анық-қанығын мәлімдеуі керек-ті. Әзірге қорытындысы жария болған жоқ. Бірақ, кейбір кемшіліктердің беті ашылғаны ақиқат. Тағы бір мәселе – қазақстандық зауыттардың шикізатпен қамтылуы. Мәселен, соғыс жылдары қатарға қосылған Атыраудағы кәсіпорын еліміздің батысында парафині көп ауыр мұнайды өңдейді. Оған біраз күш керек. Әрі ескі кеніштердің қайтарымы кем. Ал 1978 жылы іске қосылған Павлодар мұнай-химия зауыты Омбы жақтан құбырмен келетін Батыс Сібір кеніштерінің «қара алтынын» кәдеге асырады. Ақырында, 1985 жылы пайдалануға берілген Шымкент зауыты 80 пайыз Құмкөл мұнайымен қамтылғанымен, мұнда да Батыс Сібір шикізатының үлесі жеткілікті. Сонда өңдеу саласының шикізатсыз қалу қаупі бар.

 

Сонау жылы төртінші зауыт салу жөнінде әңгіме қозғалғанда еліміздің мұнай-газ саласына жетекшілік еткен Сауыт Мыңбаев қарсылық білдірген-ді. «Шикізатпен қамтысақ, қайта жаңғырған үш зауыт та жеткілікті» деген. Расында да, жаңа нысан тұрғызылғанда, оның толық қуатында жұмыс жасай алмауы ықтимал екен. Республикада 2016-2020 жылдары жүргізілген кең көлемді жекешелендіру шаралары кезінде Атырау мұнай өңдеу зауыты сатылып та кете жаздаған. Оның 99 пайыз акциясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі ғой. Сонда кәсіпорын басшысы Қайрат Оразбаев бұл шешімнің қателігін айтқан. Толық жөндеуден өткен, дайын тауар шығаратын өндіріс ошағын әлдекімнің қолына ұстата салу – стратегиялық объектіден айырылып қалу деген сөз. Алушы табылмады ма, әлде жоғарыдағылар қайта ойланды ма – әйтеуір, зауыт мемлекет меншігінде қалған.

 

P.S.

 

Сонымен, еліміздің жанармай нарығына қатысты тағы бір мәселе қозғадық. Расында да, оның жыры жалғаса ма, әлде нүктесі қойылар күн бар ма? Мамандар алдағы уақытта да баға өзгерісі болатынын жоққа шығармайды. Сыртқы қарыздан құтылғанша арзан өнімге қол жеткізілмейді. Үш-төрт жылдан бері бензин бағасы еркіне жіберілді. Қазір ол дотациямен ғана реттеліп отыр. Ал, бұл – ел бюджетіне едәуір салмақ. Әйтсе де, нарықта жең ұшынан жалғасқан ойыншылар да бар екенін жоққа шығармалық. Дайын өнімді саудаға қасақана шығармау – оның бағасын көтеру тәсілі. Тапшылық қашан да қымбатшылықты тудырады. Ал, мұны реттейтін тетік бар ма? Әлде біреудің жеке дүниесіне қол сұғуға болмай ма? Өзге айтылар әңгіме аз емес. Ертең жанармайға қатысты кінәлілер анықталып жатса, оған да таң қалуға болмас. Өйткені, өкінішке қарай, олар ортамызда отыр.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости