RSS лента

Біресе бензин, біресе дизель отыны тапшы бола қалады екен...

  • 13.10.2021, 17:29,
  • 508
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Жанармай тапшылығы туындай қалса, "алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз" деген бір көкеміздің сөзі еске түсе қояды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жанармайдың жыры жалғаса ма, әлде оның нүктесі қойылар күн бар ма? Мұның мәнісін біз экономикалық сарапшы журналист Меңдібай Сүмесіновтен сұрап көрген едік.

 

– Шыны керек, жанармай жөнінде проблема бүгін ғана туындап отырған жоқ, - дейді ол бізбен әңгімесінде. – Жылдар бойы жалғасып келе жатқан жай. Бірінде бензин тапшы, екіншісінде дизель отыны жетіспейді. Содан бері жазылған материалдарды жинақтасақ, бірнеше том болып та қалар-ау. Әйтсе де, соңғы уақытта республикадағы үш мұнай өңдеу зауыты жан-жақты жаңғыртылған жоқ па? Тіпті толық қайта құрылымдалған соң екінші өмірі басталды деуге негіз бар. Тысқа телмірмей, дайын өніммен өзімізді жеткілікті қамтуға мүмкіндік туған-ды. Ендеше, мәселе неде?

 

2011-2018 жылдары еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты жаңартылды. Шымкент пен Павлодардағы өндіріс ошақтарының қалай жабдықталғанын қайдам, ал Атыраудағы кəсіпорын көз алдымызда күрделі жөндеуден өтті. Тың нысандардың алғашқы қадасы қалай қағылғаны да есте. Марқұм Нұрлан Балғымбаев өз қолымен жаңа шаралардың шымылдығын түрген-ді. Инвесторлармен алқалы басқосу өткізіп, олардың алдына нақты міндеттер қойған. Мұнда жүзеге асырылған бірнеше жобаның нəтижесінде тіпті бұрын-соңды өндірілмеген өнімдерге қол жеткізілді. Əрине, бəрі жақсы. Ал, осындай қайта жарақтандыру жұмысы қандай қажеттіліктен туды?

 

Біріншіден, энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету керек-ті. Сайып келгенде, жанармай да – стратегиялық тауар. Сын сағаты соққанда бензин немесе дизель жəне авиация отындары жетпей жатса, елдің тəуелсіздігіне қатер төнеді. Демек, оның мол қоры өзімізде жасақталуы тиіс.

 

Екіншіден, К-4 жəне К-5 экологиялық талаптарына сəйкес мұнай өнімдерін шығару міндеті қойылды. Əлемнің дамыған мемлекеттері оған əлдеқашан ие болғандықтан, соған біздің де ұмтылуымыздың еш əбестігі жоқ-ты. Оның үстіне, елімізге осындай өнімдерді тұтынатын мыңдаған шетелдік көлік енгізілді.

 

Үшіншіден, мұнайды тереңдете өңдеу. Сөйтіп еңбек өнімділігін арттыру, қайтарым қуатын күшейту. Əрі шикізат құрамындағы көптеген қоспалардан арылу арқылы ауаға залалды заттарды таратпау қоршаған ортаның тазалығына қосар сүбелі үлесіміз болмақ. Турасын айтқанда, алға қойылған осы межелердің бəрі алынды. Оның үстіне, үш кəсіпорынды қосқанда шикізат өңдеу жылына 17,5 млн. тоннаға дейін артты. Қайта жаңғыртуға дейінгі кезеңмен салыстырғанда өсім 20 пайызға көбейді. Бұрынғы көрсеткіштен бестен бір ретке өсу – үлкен жетістік. Соның нəтижесінде сыртқа тəуелділік те толық дерлік жойылды.

 

Егер ілгергі жылдары Қазақстан жанармаймен, əсіресе ашық түсті бензинмен, Ресей арқылы қамтамасыз етілсе, енді мұндай қажеттілік жоқ. Мамандардың айтуынша, сол уақытта мұнай өнімдерінің импорты 30, тіпті кейбір түрінен 40 пайызға дейін жеткен-ді. Өзіміз «қара алтын» селін тасытып отырғанда тыстан тауар тасымалдау – айтар ауызға ұят-ты.

 

Қазір өзімізді толық қамтимыз. Ресми ақпарат солай дейді. Рас, мəселе дизель жəне авиациялық отынға қатысты туындайды. Оның бес пайызға жуығы көрші елден жеткізіледі. Əсіресе, қысқы соляркаға сұраныс Ресей арқылы жабылады. Оның бағасының АИ-95 бензинінен де қымбат болып отырған себебі сол. Экономикалық тұрғыдан сенімді серік саналғанымен, іргелес мемлекет тауарын қымбатқа сатады. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері бұл. Оған тасымал шығынын, делдалдық етер кəсіпкерлердің табар табысын қосыңыз. Бағаның қымбаттауы мен өнімнің жетіспеуі содан шығады. Жə, бұл - өз алдына бөлек əңгіме. Ал, осы орайда мұнайлы мекенде қалыптасқан ахуал нендей?

 

Жалпы, Атырау облысында мал азығын даярлау науқанын жемісті жүргізу үшін жеңілдетілген құнымен 545 тонна дизель отыны бөлініпті. Алайда, соның дала еңбеккерлерінің қолына тимегені белгілі болды. Мəселен, биылғы тамызда 300 тонна соляркаға сұраныс берілсе, соның 60 тоннасы ғана жеткізілген. Демек, бұл шаруаны міндетіне алған кəсіпкерлік нысаны уəдесінде тұрмаған. Ал, қажетті қаржы оның есепшотына аударылған. Ендеше, жанармай қайда? Турасын айтқанда, мұндай көрініс республиканың басқа да аймақтарына тəн болып отыр. Айдың-күннің аманында дизель отыны сатылымнан жоғалып, оны тұтынатын ондаған, тіпті жүздеген көлік қаңтарылып қалды. Неге?

 

Бұл сауалға жауап беру үшін мына жайға назар аударайық. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына «қара алтын» өндіруші бірнеше өндіріс ошағы шикізатын өткізеді. Оның ішінде үлкенді-кішілі жеке кəсіпорындар, шетелдіктер қатысуымен құрылған компаниялар бар. Зауыттардың міндеті – шикі мұнайды өңдеу. Қолданыстағы ережеге байланысты сапа стандартын қамтамасыз ету. Əрі қарай дайын тауарды кім қалай жұмсайды – мұнда бұлардың шаруасы жоқ. Міне, кейбір топшылауға қарағанда, шикізат иелері дайын дизель отынын қоймаларда сақтап отыруы əбден мүмкін. Тіпті солай деп нақты айтуға да болады. Себебі, мұндай жай бұрын да кездескен. Атырау мұнай өңдеу зауытында даяр бензин мен солярканы иелері дер кезінде алмай, қазандар толып тұрған. Мұның соңы кəсіпорын қуатын төмендетуге де соқтырған.

 

Өйткені, одан əрі əзір тауарды сақтайтын орын табылмаған. Қазір де дизель отынымен сауда жасайтындар оның бағасы көтеріле түсуін күтеді. Сөйтіп, жетіспеушілікті қасақана туындатады. Жабайы нарықтың өзімшіл ойыншылары олар. Ал, отандық өнім өндірушілер ше? Республикада мұнай-газ кеніштерін жүзден аса кəсіпорын игеріп жатыр екен. Сол үлкенді-кішілі өндіріс ошақтарының көбі, жоғарыда айтылғанындай, жеке меншік иелікте немесе инвесторлар еншісінде делінгенімен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бар емес пе? Оның өнімі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткіліксіз болса, зауыттарды жаңғыртып, қуатын арттыру неге керек еді? Олардан шығарылып жатқан дайын тауар қазақстандықтарды қамтуға қауқарсыз ба? Демек, өңделетін өнім өскенімен, оның игілігін толық көруге əлі ерте екен.

 

Елімізде əзірленіп жатқан «Өнеркəсіп саясаты туралы» заң осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталмақ. Осы орайда мемлекет басшысының кейбір проблемаларды айта келіп, «Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы» деуі тегін емес. Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешу жолын қарастыруы тиіс. Биылғы мамырда тысқа мұнай өнімдерін шығару алты айға тоқтатылды. Сыртқы сауданың табыс табу үшін қаншалықты қажет екенін біле тұра Энергетика министрлігі осында мəжбүр қадамға барып отыр. Алдымыздағы қарашадан бастап бұл тыйым тағы жарты жылға созылады.

 

Міне, дайын дизель отынын айналымға түсірмей тұрған иелері осы шектеудің аяқталар мерзімін де күтуі əбден ықтимал. Əйтсе де, осы тыйымның тиімділігі қандай? Əрине, ішкі нарықта біраз жанармай қалады. Бірақ, ол сыртқы саудаға ашық шықпағанымен, республика территориясымен əрі-бері ағылған Ресей немесе Өзбекстан көліктеріне құйылып жатыр. Атырау арқылы да тəулігіне ондаған жүк көлігі өтеді. Солардың əрқайсысы 100-120 литр солярка тұтынса, өзімен бірге 20 литр тағы ала кетсе, өзімізде не қалады?

 

Сайып келгенде, көршілеріміз кейде жанармай құйып алу үшін келетін тəрізді. Өйткені, бізде бензин мен дизель отыны салыстырмалы түрде тым арзан. Бұл, əрине, өз алдына бөлек əңгіме. Ілгергі жылдары көктемде немесе күзде кенеттен жанармай жетпей қалуын үш зауыттың бірінде күрделі жөндеу жүргізілуімен түсіндіретін. Ал, бұл шара бір ай жарым мерзімге созылады. Кəсіпорын толық тоқтайды, барлық дерлік тетіктер ауыстырылады. Енді олар қайта жарақтанған соң жөндеуаралық мерзім едəуір ұзартылды. Мəселен, Шымкенттегі зауыт 2018- 2021 жылдары күрделі жөндеусіз-ақ жұмысын жалғастырды. Бірақ, бəрібір, кемшіліктер кездесіп жатыр.

 

P.S.

Сонымен, мемлекет басшысының Жолдауында айтылғанындай, индустрияландыру жоспары жүзеге асып жатқан он жылда былтыр бірінші рет өңдеу өнеркәсібінің экономикаға қосқан үлесі таукен саласынан асып түсіпті. Яғни, пандемия салдарынан сыртпен сауда шектеліп, ішке бетбұрыс жасалған тұста қолда барды тиімді пайдаланған екенбіз. Ендеше, тағы сондай тосын жай қажет пе? Жалпы, жетіспеушілік қымбатшылыққа жол ашады. Әйтсе де, бензин бағасы қалай қалыптасады? Бұл жөнінде келесі жолы тарқатамыз.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости