Ендеше, еліміздің мұнай-газ саласын қандай келешек күтіп тұр? Қазақстанда алдағы уақытта технологияның қай түрлері сұранысқа ие болмақ? Бұл бағытта білім берудің болашағы нешік? Біз бұл сауалдарды өңірге сапарлаған сәттерінің бірін пайдаланып, белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері, геосаясат ғылымдарының магистрі Саясат Нұрбекке қойып көрген едік. Өйткені, ол – «Қазақстанның жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы» атты жобаның жетекшісі және «BTS Education» білім беру мекемесінің басшысы болып табылады. Шыны керек, сарапшының сөзі біраз ойландырып тастады...
– Түсінемін, коронавирус пандемиясы қоғамның қай саласына да салмақ салды, - дейді ол. – Бірақ, әр нәрсенің әр кезде қос қыры болады ғой. Жаһанды жайлаған жұқпалы дерт бәрімізді де төзімділік пен табандылыққа үйретті. Кем-кетік пен қателіктерді де көзге көрсетті. Санда бар да, сапада жоқ жайттарды да жөнге салды. Яғни, қазір құр статистикаға сабыр сақтап отыратын уақыт емес екенін түсіндік. Сөзден іске көшетін сәт туды. Әсіресе, еңбек нарығын қайта қарауға тура келеді.
Бұл ретте, өткеннен өнеге алар тұстар да бар. Мәселен, кеңес үкіметі кезінде білімі мен білігіне сай дипломы бар жас маман жұмыс іздеп жүрмейтін еді. Өйткені, ол үшін мәселенің бәрін үкімет шешті. Ал, нарықтық экономикаға көшкен кезде экономика бәрін өзі реттейді деген түсінік тарады. Қазір де, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан білім гранттары толып тұр, бірақ, сақадай сай сала маманы көп емес. Демек, еңбек нарығына нақты кімдер керек, оны зерделеп-зерттеп жатқан ешкім жоқ. Міне, мұнай-газ саласында да осындай қиындықтар бар екенін жасырудың жөні жоқ. Еңбек нарығы тек бүгінгі жағдаймен ғана реттелмеуі керек. Алдағы он, жиырма жылға да осы кезден дайындалу қажет. Айталық, бүгін мұнай-газ өндірісіне маңыз берсек, ертең мұнай химиясына тұтастай көшіп кетуіміз мүмкін ғой.
Иә, спикердің айтуы өте орынды. Шынымен де, еңбек нарығын, соның ішінде, мұнай-газ саласы бағытында жастар мен ата-аналарға арналған нұсқаулық керек секілді. Нұрбек Саясат жееткшілік жасайтын атласта әзірге тоғыз сала қамтылған. Солардың көшін мұнай-газ бастайды. Өйтпегенде ше? Бұл – ел экономикасының көшбасшысы десек, қателеспейміз.
Қалай болғанда да, біздің шетел тәжірибесінен түйеріміз әлі көп. Әсіресе, өндіріс пен өнеркәсіпті толықтай автоматты жүйеге көшіруге күш салу керек. Себебі, ғалымдардың болжамынша, жер қойнауындағы шикізат енді азаймаса, көбеймейтіні анық. Осыған дейін әлем елдері жарыса жүріп мұнай өндірсе, енді оны өңдеуге бет бұруда. Яғни, алдағы уақытта мұнай химиясының алтын дәуірі туып жатса, таң қалмаңыз.
Мұнай химиясына басымдық беріле ме?
Өндіріске оралсақ, қазір Қазақстан «қара алтын» өндірудің үшінші буынына қадам басты. Жер қойнауын қазған сайын, ондағы қазынаны алу да қиындап тұр. Сайып келгенде, мұның бәрі көп қаражатты талап етеді. Демек, мұнай алудың тиімді тұстарын тапқан дұрыс. Олай болмаған жағдайда, өңдеу өнеркәсібін өркендету керек. Тығырықтан шығудың төте жолы жоқ.
Бұл бағытта бірде-бір жұмыс жасалып жатқан жоқ деуге тағы болмайды. Жергілікті мұнай компанияларына жастарды өндіріс ошағында оқытудан өткізуге тапсырма берілген болатын. Сондай-ақ, баяғы топтық оқытудан гөрі қазір жекелей білім беру анағұрлым тиімді. Өндіріс барысының күрделене түсетінін түсінген кей мемлекеттер мұнайдан бас тартып, тіпті, электр энергиясын тұтынатын құралдар шығарып, газбен жүретін көліктерге көшуде. Екінші жағынан, экологиялық стандартқа қойылар талап та күшейіп келеді. Осылайша, «экологиялық аудитор» секілді жаңа мамандықтар да пайда болуда.
– Жалпы, адам баласын бір жұмыста ұстап отыру мүмкін болмай бара жатыр. Жұмысшылар жұмыс жасауға жайлы орта болғанын қалайды. Оларға, тіпті, бұрынғыдай жалақы да маңызды емес. Егер ұнамаса, басқа қызметке кете салады. Сондықтан, енді ірі компаниялар өз ішінен оқу орталықтарын ашуға тырысады. Бұл жаңа технологияны тез меңгеріп кету үшін де керек. Мысалы, дамыған елдерде бұрғылау жұмыстарына адам тікелей араласпайды. Оны енді робот алмастырды. Техниканың өзі жерге жастанып, шикізат іздейді. Сөйтіп, «ақылды үй» секілді «ақылды» ұңғымалар мен кен орындары пайда болуда, - дейді сұхбаттасушымыз.
P.S.
Айтпақшы, қазір ел ішінде «жаңа кен орнын ашу керек пе, әлде, қазынаны қиын қабаттан қазудың тың тәсілін тапқан дұрыс па?» деген бағытта пікірталас қызу жүріп жатыр. Селкеусіз сеніп келген баламасыз байлықтың бәсі де бәсеңдеп барады. Шикізатты арзан бағаға сату тым тиімсіз. «Қара алтын» қоры тек біздің елде ғана емес, басқаларда да жетіп жатыр. Тек соны өңдеу керек. Міне, ең маңызды мәселе осында болып тұр ғой.