Халық «бір жағадан бас, бір жеңнен» қол шығарып, болаттай берік бөгеттер тұрғызды. Осыған дейін бір бұрышта тығылып, телефонға телмірген жас та, үйден сыртқа сүйреп шығара алмайтын бала да сол күні қолға күрек алып, қапшықты топыраққа толтырды. Тіпті, жасы тоқсаннан асқан махамбеттік Орынша әжейге дейін жаға бекіту жұмыстарына өз үлесін қосып, желі жұлдызына айналды емес пе?!
«БОЛАШАҒЫ ЖОҚ» ДЕП ЖЫЛЫ ЖАПҚАН
Екінші жағынан, биылғы жағдай елімізде су саласының кемшілігі мен кем-кетігі көп екенін айқын аңғартқандай болды. Егер «ауруын жасырған өледі» десек, бұл да бір сабақ алатындай ауыр сынақ болды десек, артық айтқандығымыз емес. Расымен де, елімізде қазір білікті гидролог, гидротехник, гидрогеолог, мелиоратор секілді мамандар – жоқтың қасы. Ал, былтыр ғана құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі әлі өз жемісін беріп үлгерген жоқ. Оның үстіне, отыз жыл бойы шешімін таппай келген маман тапшылығы мәселесі бір сәтте шешіле кетуі – мүмкін емес нәрсе. Енді қайтпек керек? Біз бұл сауалды географ-ғалым Арман Жұмағазиевке қойып көрдік.
Аталған мамандық бойынша білім алғандардың бірі – Жанар Кадашева. Ол, тіпті, арман қуып Алматыға аттанып, магистратура мен докторантураны да оқып шығыпты. Бүгінде ол су мамандарын дайындаудың орнына химия кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Сонда қалай, Қазақстанда өзен-көлдердің бәрі құрғап қалған ба?! Айтпақшы, күні кеше ғана Мемлекет басшысы тасқынға байланысты Батыс Қазақстан облысына іссапармен барған кезде суға қатысты мамандық иелерін дереу даярлауды тапсырды. Яғни, Президенттің өзі бұл мәселені шұғылу шешу қажеттігін айтып отыр.
ГРАНТ СУДАЙ АҒЫЛУЫ КЕРЕК!
Ал, Арман Жұмағазиев білім беру бағытындағы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде су мамандықтарына грант көбірек бөлінуі тиіс деп санайды. Республика бойынша бүгінде аталған бағытта студенттерді оқыту мен даярлауға орташа есеппен бар болғаны 10-15 грант қана бөлінеді екен. Егер елімізде жеті мыңдай өзен, жалпы ауданы 45 мың шаршы шақырым мен көлемі 190 текше шақырымды құрайтын елу мыңға тарта үлкен және кіші көл, сондай-ақ, жүздеген және он мыңдаған шақырымға созылатын үш мыңнан астам канал барын ескерсек, шынымен де, бұл гранттардың саны анағұрлым көбірек болуы керек-ақ!..
Қазір елімізде су мамандарын даярлайтын білім ордаларын саусақпен санап шығуға болады. Атап айтсақ, бұлар – Алматыдағы «География және су қауіпсіздігі институты» акционерлік қоғамы мен Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті (гидролог пен гидрогеолог), Су шаруашылығы мен табиғат абаттандыру институты базасындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттері (инженер-гидротехник), Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлы-зерттеу мен Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институттары және Шымкенттегі жеке жоғары оқу орны.
ГИДРОТЕХНИК ПЕН ГИДРОЛОГТЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Сұхбаттасуышмыз Жанар Кадашеваның айтуынша, гидротехника – негізінен құрылысшы. Яғни, ол дамба, канал, су реттеуіш құралдар мен бөгет біткеннің бәрін жобалап, салатын маман. Көп жағдайда аты айтып тұрғандай техникалық бағытта қызмет етеді. Ал, гидролог болса, су бассейндерін зерттейді, ағындар мен ағыстарды реттеу мәселелерімен айналысады, есеп жүргізеді, су теңгерімін зерделейді, қанша су келіп-кетті, оның ішінде пайдаланылғаны мен буланғаны бар – бәрін бақылап отырады. Сондай-ақ, ол жерасты суын, топырақ құрамын, ұңғымалар мен құдықтарды да тексеріп тұрады.
Бұдан бөлек, ирригатор-мелиоратор деген де маман бар екен. Ол ауыл шаруашылығындағы су маманы болып саналады. Оның міндеті – сумен жабдықтау жүйелерін жүргізу, егістік алқаптарын суару, су шығынын есептеу.
Сол секілді, елімізде Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты да құрылған. Бұл – су ресурстарын басқару бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік ұйым болып табылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтау қаласынан Каспий мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институты ашылайын деп жатыр. Ертең оған да су мамандары ауадай қажет болатыны белгілі. Сондықтан бұл мамандықтың бұрынғыдай «болашағы жоқ» деген желеумен тамырына балта шабуға енді жол берілмейді.
«ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА»
Ал, 2000-шы жылдарға оралсақ, бұл кезде жаңа мамандықтар ашуға көп көңіл бөлінген болатын. Міне, су саласы соның көлеңкесінде қалып қойған сыңайлы. Осылайша, жиырма жыл да зымырандай зулап өте шықты. Енді өзен-көлдеріміз әбден арнасынан асқанда, байбалам салып жатырмыз...
Жалпы, елімізде о бастан жоғары білім мен ғылымға қатысты теріс тенденция қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Ол кезде ғалымдар елге табыс әкелуі тиіс деп саналды. Ал, шын мәнінде ғылым қаражатқа тәуелді болмауы тиіс. Керісінше, қаржы ғылымға құйылуы қажет. Бірақ, бұрынғы «ақ жағалылар» бұлай ойламады. Олар коммерциялық пайдасы жоқ ғалымдарды қысқартуды жөн санады. Алайда, арадағы уақыт бұл шешімнің қате болғанын көрсетіп отыр. Себебі, көптеген отандық ғалымдар өз елінде қолдау таппаған соң, ойлаған арман-мақсаттарын жырақта жүріп жүзеге асыруға мәжбүр болды.
Міне, солардың бірі – география ғылымдарының докторы Адай Секенұлы. Ол кезінде Қытайға көшіп кеткен. Сөйтіп, аспан асты елінде өзінің төл отыз жобасын нақты іске асырып үлгерген. Оған жетпіс мың адам тартылған. Қазір ғибратты ғалым тарихи отанына оралып, Назарбаев университетінде жемісті еңбек етіп жүр. Иә, расымен де, осындай мүйізі қарағайдай ғалымдар кезінде туған топырақта жүріп көзге ілінбегені өкінішті-ақ!..

