RSS лента

Су тасқынын тоқтатуға бола ма?

  • 09.04.2024, 19:22,
  • 333
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Атырау облысы бойынша жерге орналастыру комитетінің төрағасы болып абыройлы еңбек еткен Анатолий Жмыхов биылғы су тасқынын тоқтатуға болатынын айтты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Осы орайда, біз одан қауіпті аймақтағы елдімекендерді су тасқынынан қалай аман алып қалуға болатынын сұрастырып көрдік...

 

– Бүгінгі Атырау өңіріндегі ахуал мәз емес. Биылғы су тасқыны көптеген олқылықтардың бетін ашты. Соның ең бастысы – тасқынға тосқауыл қою жолдарының ертерек анықталмауы. Естеріңізде болса, соңғы су тасқыны 1993-1994 жылдары болды. Демек, одан бергі отыз жыл ішінде біз тасқынның алдын алумен емес, оның салдарымен ғана күресіп келген екенбіз. Ащы да болса, шындық – сол.  

 

Жарайды, өткен іс өтті. Енді бұдан сабақ алып, алға қарай жұмыстану қажет. Ал, ол үшін не істеу керек? Ең алдымен, карталау ісін қолға алу керек. Бұл не деген сөз? Яғни, су басу қаупі көбірек елдімекендердің картасын шұғыл жасақтау керек. Әлі есімде, 1990 жылы біз аэрофотогеодезиялық карта жасақтаған болатынбыз. Ол Батыс Қазақстан облысының шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі аумақты қамтыды. Онда «Атырау-Индер» және «Атырау-Орал» бағытындағы авткөлік жолдары сызылған. Дәл қазір сол картаны қалайда тауып алып, қолдана беру керек. Себебі, оны қайтадан жасақтап отыратын уақыт жоқ.

 

«Гуглде» де – ескі карталар. Ал, мен айтып отырған аэрофотогеодезиялық карта барлық жер жұмыстарын бақылап отыруға, дайындық кезеңі барысында бөгеттердің санын енгізуге, тасқын мезгіліндегі немесе одан кейінгі шығындарды есептеуге мүмкіндік береді. Тағы бір ұсынысым – түріктерден жерсерік сатып алып, ғарыштан карта дайындау. Тек тездетіп қаражат табу қажет болады.

 

...1993-1994 жылдары аймақта үлкен су тасқыны болды. Оған қарсы көптеген жұмыстар атқарылды. Өзен жағалаған елдімекендердің бәрі де мыңдаған шақырымға созылған биік бөгеттермен қоршалды. Нәтижесінде, қала аумағында тек саяжай аумақтарын ғана су басты. Ал, бүгінгі ахуалды айтсам, топан суды тоқтатуға мүмкіндік жоқ емес, бар. Тек тиісті шаралар шапшаң, дер кезінде қолға алынуы тиіс.

 

Сіз аэрофотогеодезиялық картадағы мәліметтерді тіпті тікұшақтан да көре алмайсыз. Ол мұрағат сөрелерінде шаң басып жатқан да болар, соны тез тауып алу керек. Соның негізінде Жайық өзеніне құйылатын барлық су ағындарының жағдайын бақылауға болады. Оның жолдарын бөгеп тұрған кедергілер болса, дереу жоя аламыз. Қалай болғанда да, су ағындарын кеңейтуге күш салу керек. Өйткені, қайда барарын білмей қысылып аққан су алапат дүлей күшке ие болады. Тіпті, жолындағы барлық нысандарды да құлатып өтуге қауқары жетеді. Міне, осындай қауіптің қазірден алдын алмаса, ертең кеш болады.

 

Тағы бір айта кетер жайт, айталық, егер Жайықтағы су деңгейі 10 метрге көтерілсе, Атырау қаласында бұл көрсеткіш 6 метрге жетіп қалады. Ал, егер бар болғаны 4-5 метрден аспаса, онда бұл бізге ешқандай қауіп төндірмейді. Алайда, Жайық өзенінен түрлі «тосынсыйларды»күтуге болады. Мұны тарих пен уақыттың өзі көрсетті ғой. Бір қызығы, осыған дейін біз су көлемі азайып, Жайық жоғалып барады деп дабыл қағып, зар жылаушы едік. Енді керісінше су көп келіп жатыр. Иә, парадокс деп осыны айт, - дейді біз сөйлескен сала ардагері.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости