«Былтыр 180 миллион кубметр су үшін үш миллиард теңге төледік. Биыл Ресейге 4,2 миллиард теңге төлеу жоспарда бар, бұл қаржыға 140 миллион куб су болады. Су Саратовтан келеді, ол жақта электр энергия тарифы өзгерген. Бұл суды Жайық өзенінен 92 метрден жоғарыға шығарады. Сондықтан біз насос станциясының да шығынын төлеуге мәжбүрміз» деді облыс басшысы.
Су ресурстары жөніндегі сарапшы Мейрам Жұмабековтің сөзінше, Қазақстан Ресейге судан гөрі насос станциясына көп ақша жұмсайды.
«Жайықтан су Үлкен және Кіші өзенге келетін канал бар, бірақ суды одан әрі жүргізу үшін насос керек. Сондықтан су шығыны көбейеді. Шығынға «Саратовмелиоводхоз» жұмысшыларының ақысы да кіреді. Бірақ шығынның көбі электр энергиясына кетеді» деді ол өз сөзінде.
Жұмабековтің айтуынша, Ресейден алатын су Батыс Қазақстан облысының суға тапшы оңтүстік өңірлеріне ауыл шаруашылық, мал суару, балық шаруашылығына бөлінеді және Казталов, Жанғалы, Бөкей орда, Жәнібек аудандарындағы шағын каналдарға жіберіледі.
Ресейден бастау алып, Қазақстанның екі облысы арқылы өтіп, Каспий теңізіне құятын Жайық өзені кейінгі кезде тартылып, БҚО-да су тапшылығы сезіле бастаған. Облыс әкімі Исқалиев судың тартылуы Жайық суын дұрыс пайдаланбаудан болуы мүмкін деп отыр.
«Біз 600 миллион куб су ала аламыз, Атырау облысының өз лимиті бар. Ресейдегі Орынбор облысының да өз шегі бар. Бұл лимит орындалып жатыр ма, оны қазір ғалымдар тексеріп жатыр. Егер шектеуден асатын болса, тиісті жерлерді жабу керек болады» деп атап өтті Ғани Исқалиев.
2019 жылы Жайық өзені қатты азайып, оның жағасында тұратын жұрт құрғақшылық болып жатқанын айтқан еді. Оның қазіргі жағдайы да мәз емес.