RSS лента

Тасқынға тосқауыл қоюға болар ма еді?

  • 16.04.2024, 16:22,
  • 351
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Қазақстандағы биылғы су тасқынына қатысты ардагерлер өз пікірлерін білдіруде, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Еңбек ардагері Анатолий ЖМЫХОВ өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жерге орналастыру комитетінің төрағасы болып абыройлы еңбек еткен. Осы орайда, біз одан қауіпті аймақтағы елдімекендерді су тасқынынан қалай аман алып қалуға болатынын сұрастырып көрдік...

 

– Бүгінде өңірлерегі ахуал мәз емес. Биылғы су тасқыны көптеген олқылықтардың бетін ашты. Соның ең бастысы – тасқынға тосқауыл қою жолдарының ертерек анықталмауы. Естеріңізде болса, соңғы су тасқыны 1993-1994 жылдары болды. Демек, одан бергі отыз жыл ішінде біз тасқынның алдын алумен емес, оның салдарымен ғана күресіп келген екенбіз. Ащы да болса, шындық – сол.  

 

Жарайды, өткен іс өтті. Енді бұдан сабақ алып, алға қарай жұмыстану қажет. Ал, ол үшін не істеу керек? Ең алдымен, карталау ісін қолға алу керек. Бұл не деген сөз? Яғни, су басу қаупі көбірек елдімекендердің картасын шұғыл жасақтау керек. Әлі есімде, 1990 жылы біз аэрофотогеодезиялық карта жасақтаған болатынбыз. Ол Батыс Қазақстан облысының шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі аумақты қамтыды. Онда «Атырау-Индер» және «Атырау-Орал» бағытындағы авткөлік жолдары сызылған. Дәл қазір сол картаны қалайда тауып алып, қолдана беру керек. Себебі, оны қайтадан жасақтап отыратын уақыт жоқ.

 

«Гуглде» де – ескі карталар. Ал, мен айтып отырған аэрофотогеодезиялық карта барлық жер жұмыстарын бақылап отыруға, дайындық кезеңі барысында бөгеттердің санын енгізуге, тасқын мезгіліндегі немесе одан кейінгі шығындарды есептеуге мүмкіндік береді. Тағы бір ұсынысым – түріктерден жерсерік сатып алып, ғарыштан карта дайындау. Тек тездетіп қаражат табу қажет болады.

 

...1993-1994 жылдары аймақта үлкен су тасқыны болды. Оған қарсы көптеген жұмыстар атқарылды. Өзен жағалаған елдімекендердің бәрі де мыңдаған шақырымға созылған биік бөгеттермен қоршалды. Нәтижесінде, қала аумағында тек саяжай аумақтарын ғана су басты. Ал, бүгінгі ахуалды айтсам, топан суды тоқтатуға мүмкіндік жоқ емес, бар. Тек тиісті шаралар шапшаң, дер кезінде қолға алынуы тиіс.

 

Сіз аэрофотогеодезиялық картадағы мәліметтерді тіпті тікұшақтан да көре алмайсыз. Ол мұрағат сөрелерінде шаң басып жатқан да болар, соны тез тауып алу керек. Соның негізінде Жайық өзеніне құйылатын барлық су ағындарының жағдайын бақылауға болады. Оның жолдарын бөгеп тұрған кедергілер болса, дереу жоя аламыз. Қалай болғанда да, су ағындарын кеңейтуге күш салу керек. Өйткені, қайда барарын білмей қысылып аққан су алапат дүлей күшке ие болады. Тіпті, жолындағы барлық нысандарды да құлатып өтуге қауқары жетеді. Міне, осындай қауіптің қазірден алдын алмаса, ертең кеш болады.

 

Тағы бір айта кетер жайт, айталық, егер Жайықтағы су деңгейі 10 метрге көтерілсе, Атырау қаласында бұл көрсеткіш 6 метрге жетіп қалады. Ал, егер бар болғаны 4-5 метрден аспаса, онда бұл бізге ешқандай қауіп төндірмейді. Алайда, Жайық өзенінен түрлі «тосынсыйларды»күтуге болады. Мұны тарих пен уақыттың өзі көрсетті ғой. Бір қызығы, осыған дейін біз су көлемі азайып, Жайық жоғалып барады деп дабыл қағып, зар жылаушы едік. Енді керісінше су көп келіп жатыр. Иә, парадокс деп осыны айт, - дейді біз сөйлескен сала ардагері.

 

Рас, су биыл көп келіп жатыр. Ал, оны сақтап қалуға бола ма? Себебі, тасқыннан кейін де тіршілік жалғасын табады емес пе? Шілденің шіліңгірінде шөлдеп, бір жұтым су іздейтініміз тағы бар ғой. Бұл ретте, су шаруашылығы саласының ардагері Бисен ҚУАНОВТЫҢ өз ойлағаны бар екен...

 

«Биыл су тасып, халық сасып жатыр. Осы орайда, мәселенің екінші қырына да назар аударған дұрыс. Айтқым келгені, биыл Жайық суға лық толды. Бұл – жақсы жаңалық. Өйткені, осыған дейін Ресейдің бізге қарай су жібермейтінін айтып, талай реніш білдірген едік. Енді су келді, аз емес, мол келді. Олай болса, бұл мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Судан қорқудың қажеті жоқ. Қайта, оны жинап, сақтап қоюға тырысқан жөн.

 

...Өткенге оралсақ, сонау тоқсан үштің тасқынында біз кей елдімекендерімізді дәл бүгінгідей судан аман сақтап қала алмадық. Өйткені, бойды үрей биледі. Ал, мұндайда салқынқандылық танытып, суды сақтап қалатындай қоймалар қазса, қандай тиімді тәсіл болар еді? Менің бір ұсынысым бар, ол – Нарын, Бақсай, Соколок және Сарыөзек каналдарын ашу қажет. Кесте бойынша ретімен ашып отырса, тіпті жақсы. Сонда судың жүйелі түрде жүретін жолы пайда болады. Яғни, ол жан-жаққа жайылып кетпейді деген сөз. Бұл үшін жергілікті әкімдік пен басқа да құзіретті органдар бірлесіп жұмыс жасауы керек. Сонда ғана нәтиже болады» дейді ол.

 

Соңғы жағдайға байланысты белгілі өлкетанушы Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ те өз пікірін білдірді.

 

– Соңғы су тасқыны 1993-1994 жылдары орын алған еді, - дейді ол. - Енді араға тура отыз жыл салып тағы да қайталанып отыр. Кезінде танымал табиғат жанашыры Мұфтах Диаров бұл аймақтың о баста теңіз табаны болғанын айтып, қандай жағдайға да дайын болу керектігін талай ескерткен еді. Бірақ оның сөзіне құлақ асқан ешкім болмады.

 

Жалпы, қандай табиғат апаты болмасын, белгілі бір уақыт аралығында қайталанып тұратыны айтпаса да түсінікті жайт қой. Сондықтан оған әркез дайын болу керек. Мәселен, Құлсары қаласын су басады деген ой ешкімнің ойы түгілі түсіне де кірмеген шығар. Алайда, өкінішке орай күтпеген жағдай орын алып, тұрғындар тосылып қалды. Соған қарамастан, жергілікті әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, тұрғындар да белсенділік танытуда.

 

Менің ойымша, табиғат апаттарына адамзат басына туған қиындық емес, сабақ алу қажет сынақ ретінде қараған дұрыс. Себебі, құр айқайлап, қоғамды дүрліктіргеннен ештеңе шықпайды. Қайта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ортақ іске жұмылу керек. Бұл да осыған дейін болған коронавирус пандемиясы секілді үлкен сынақ болғалы тұр. Естеріңізде болса, ол кезде бүкіл әлем көптеген адамнан айырылып қалған болатын. Енді бүгін абырой болғанда адам шығыны жоқ десек те, азаматтарымыз бастарындағы баспаналарынан айырылып, өмір бойы маңдай терімен жинап келген дүние-мүліктері мен көліктері су астында қалды.

 

Сөз жоқ, қай мемлекет үшін де ең басты құндылық та, капитал да, бұл – адам өмірі, одан асқан байлық жоқ. Сондықтан бар күш адам өмірін сақтап қалуға жұмсалуда. Ал, шығын көлемі кейін де есептеле жатар. Ең бастысы, дәл қазір бекем бірлігімізді білдіріп, тату тірлігімізді танытуымыз қажет.

 

Халқымыз ежелден берекелі бірлігімен көптеген қиындықтарға қасқайып қарсы тұра білді. Бұл жолы да сол табандылығымыз бен төзімділігімізді танытуға тура келеді. Алда қандай сынақ тұрса да, дайын болуымыз керек. Бұл жер – ата-бабамыздың бізге аманаттаған мәңгілік мұрасы. Оны тастап кетуге болмайды. Өйткені, бұл Отанды сатумен бірдей болар еді. Ал, мұндай опасыздық – кешірілмейтін күнә. Ендеше, қасиетті Рамазан айында бір-бірімізге жанашыр болып, қолдау көрсетейік, ағайын!

 

...Иә, біз де абыз ақсақалдан асырып не айта аламыз? Сондықтан оның осы бір салиқалы сөзімен әңгімемізге семіз нүкте қойғанды жөн көрдік.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости