Мақатта отырып, Қызылқоғаға қарайды...
Атырау облысы Мақат ауданындағы Белқұдық деген елді мекенде «Ербол» жəне «Жұмақұл» деген екі шаруа қожалығы бар. Бір қызығы, біреуі əкімшілік аумағы бойынша Мақат ауданына, ал, екіншісі қырдағы Қызылқоғаға қарайды. Біз алдымен осында 2004 жылдан бері жылқы мен түйе малын өсірумен айналысатын «Ербол» шаруа қожалығына табан тіредік. Оның иесі Ербол Ахметов осы жерде ширек ғасырдан астам уақыт тұрып келеді екен. Жігіт ағасы тəуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асқанымен, əлі де жарық пен су мəселесінің шешілмегеніне қынжылыс білдіреді.
Су тапшы...
Оның айтуынша, бұрын жерасты суына арналған қазаншұңқыр (котлован) болған екен. Бірақ, уақыт өте келе мал саны көбейіп, бəрі осы жерден су ішкен соң, бұл котлованның да көзі бітеліп, суы сарқылған. Өйтпегенде ше?! Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазылған бұл шұңқырға енді ешкімнің өкпесі жоқ шығар. Бір жағынан, бұған кезінде қазаншұңқырдың айналасын қоршап, жалғыз су көзін сақтай алмаған тұрғындардың да немқұрайлығы кінəлі! Енді мал көбейген сайын су тапшылығы да өткір сезіліп отыр. Аталған ауылда атакəсіппен айналысып отырған онға жуық қожалық бар екен. Олардың жетекшілері де жергілікті жерде мал шаруашылығын дамытып, одан табыс тапқылары келетіндерін айтады. Ал, бұл үшін су керек. Онсыз тіршілік те жоқ.
Иə, бір тамшы су үшін шаруаның шырылдауы өте орынды. Оның ойынша, мал ішетін суды құбыр арқылы жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз. Расымен де, құбыр тартып, шығынға бататындай бұл ауыз су емес қой. Сондықтан мал өсіріп отырған шаруалардың айтып отырған ұсынысы – шамамен жүз метрдей тереңдікте жатқан тұщы суды пайдалану. Оның нақты қай жерде жатқанын білу үшін де ұңғыма керек. Ал, мұндай күрделі жұмыстарды ұйымдастыру санаулы шаруаның қолынан келе қоймайды. Демек, бұған мемлекеттен қаржылай қолдау қажет.
Жарық жоқ...
Жоғарыда айтқанымыздай, ауылды атакəсіппен асыраймын деген жанның алдымен материалдық[1]техникалық мүмкіншілігін молайту керек. Соның ішінде, ең маңыздысы – инфрақұрылым жүйелерін жүргізу. Əсіресе, электр қуаты шаруашылық үшін ауадай қажет. Біз осы ауылға жақын жерде Жолдыбай кен орны бар екенін білдік. Ендеше, тоқтың тұмсығы тиіп тұрмаса да, оны тарттырып алуға тың технологияның мүмкіндігі жететін шығар?! Белқұдық тұрғындары жақын арада су мəселесі шешілмесе, шаруашылықтың күйі кететінін айтып отыр. Əйтпесе күзгі соғымға сояр тұяқ табылмай қалуы мүмкін. «Жалпы, Мақаттың өзінде мал өсіру қиын шаруа. Себебі, онда жол қозғалысы қызып тұр. Яғни, мал көлікке қағылып өледі. Сондықтан шаруалар малды қырда ұстауға мəжбүр. Ал, онда жарқырап тұрған жарық та, қара су да жоқ. Сонда қайтпек керек? Шаруалардың əрқайсысы өсіріп отырған елу жылқы мен алпыс түйенің күйі кетсе, оларды кім сатып алады?» деп ашынады тұрғындар.
Әкімдіктен қолдау болса...
Ал, жоғарыда сөз еткен «Жұмақұл» шаруа қожалығы өз жұмысын бұдан тура 22 жыл бұрын бастаған екен. Қожалық жетекшісі Жұмақұл Жолдасқалиев жылқы, мүйізді ірі қара мен қой санын көбейтуді мақсат еткен.
P.S.
...Бір қуанарлығы, қысқы мал азығын дайындауда әзірге қиындық жоқ екен. жайылымдық жер де, шабындық алқаптары да жеткілікті көрінеді. керегі тек жарық пен су ғана. ендеше, жергілікті әкімдіктегі жауапты тұлғалардың құлағына алтын сырға! ал, қалғанын шаруалар өзіміз оқсатамыз деп отыр.